13 мамырда Түркістан облысының таулы аудандарында нөсер жауынның толассыз жаууы салдарынан сел жүрді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев істі дереу бақылауға алып, тұрғындармен жүздесті. Ұйымдастыру жұмыстарын жүйеледі. Төтенше жағдай басталған сәттен "Nur Otan" партиясының Түркістан облыстық және сол аудандардағы филиалдары апат салдарын жою бағытында белсенді жұмысқа кірісті. Оқиға орнына жедел жетіп, елдің қасынан табыла білді. "Біз біргеміз" акциясымен көмек көрсетілуде - деп
жазды "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының І орынбасары Бейсен Тәжібаев өзінің фейсбук парақшасында.
Осы орайда, NewsRoom + ақпарат агенттігі кәсіби мамандығы - журналист Бейсен Тәжібаевтың әлеуметтік желідегі жазбасын толық беруді жөн көрді.
" Жалпы, Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында 522 үйдің ауласы мен 4 үйді су басып, 258 адам эвакуцияланып, 1077 м3 су шығарылды. Төлеби ауданындағы Қасқасу өзенінде су деңгейінің көтерілуінен 4 үй, 376 аула суда қалған.
Жергілікті маңызы бар төрт көпірді шайып кетті. 8 бас ірі қара және ұсақ мал шығыны болды. Аудан орталығы Ленгір қаласындағы 20 аулаға да су енді.
№5 кәсіби техникалық колледж базасында зардап шеккен Сұлтан рабат ауылының 150 тұрғынына эвакуациялық пункт жасақталды. Ол жерге 70 адам жайғастырылды. Тағы 80 адам жақын маңдағы туыстарының үйіне орналасқан. Қосымша Көксәйек елдімекенінде орналасқан №9 көпсалалы колледжінде 150 адамға арналған эвакуациялық пункт дайын тұр.
Төлеби ауданына арнайы барып, елмен жүздестік. Талап-тілектерін тыңдадық. Ауданға ерікті жастар да жедел жетіп, 105 отбасыға азық-түлік жеткізді. Сонымен бірге "Nur Otan" партияның Сайрам аудандық филиалынан 1.4 тонна азық-түлік жолданды. Фракция мүшелері мен партия белсенділері, кәсіпкерлер Төлеби ауданына қосымша гуманитарлық көмекке үлес қосты. Төлеби және Сайрам аудандық бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, бюро мүшелері, депутаттары тұрғындарға көмектесті.
Қазығұрт ауданында 6 үй ауласы мен Қаржан ауылындағы "Семби" емханасының аумағын су басты. Аталған ауданға облыстық партияның ұйымдастыруымен 60 отбасыға көмек жөнелтілді. С. Рахымов ауылдық округінің тұрындарын эвакуациялауға Түркістан облысы ТЖД қызметкерлері жұмылдырылды. Көкібел ауылынан 133 адам эвакуацияланды. Оның 45-і балалар. Барлық эвакуацияланған тұрғындар туыстарының үйлеріне жайғастырылды. Фракция мүшелері зиян шекен отбасыларын аралап, сабырлыққа шақырып, әкімдік пен партия өз бақылауында ұстайтынын түсіндірдік.
Ал Жігерген ауыл округіндегі 32 отбасына партия филиалының ұйымдастыруымен барлық бастауыш партия ұйым төрағалары, ауыл әкімдерін тарта отырып, азық-түлік себеттері тапсырылды. Көмекті үлестіруге, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жауапты мамандары үлес қосуда.
Бәйдібек ауданындағы Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты каналының тасқыны 3 елдімекендегі 13 үй ауласын басты.
Түркістан облысының ТЖД жанынан департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлерінен құралған жедел штаб құрылды. Су тасқыны зардабын жоюға 612 маман мен 84 техника, 47 мотопомпа жұмылдырылған.
"Nur Otan" партиясының орталық аппараты да сел жүрген аудандардағы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Жергілікті әкімдіктерде құрылған штабтарда партия өкілдері де еніп, сел салдарын жоюға барынша көмектесіп жатыр. Келтірілген шығындар өтеледі. Біз біргеміз!".