Жаңалықтар

Республика күні – елдік пен мемлекеттілік арқауы

Республика күні – елдік пен мемлекеттілік арқауы

Сонау 1990 жылдың 25 қазанында мемлекетіміз өзінің егемендігі туралы Декларация қабылдады. Өз алдына дербес ел ретінде шекарасын шегендеп, рәміздерін белгілеп, мемлекеттік құжаттарын рәсімдеді. Қазақстан өзін жеке Республика ретінде ресми мәлімдеді. Сондықтан да 25-қазан - Республика күнінің тарихи маңызы жоғары.

Осынау айтулы күн 13 жыл ұмыт қалған еді. Алайда биыл Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда қастерлі күнді қайта оралту қажеттігін айттып, Ұлттық мереке ретінде тойланып жатыр. Ел болып қалыптасуымызға септігі болған, қаншама маңызды құжаттар қабылданған бұл күн - әр қазақстандық үшін қасиетті күн. Сондықтан әрбіріміз мерекенің маңызын сіңіре отырып, атап өтуіміз керек.

Біз, алдыңғы толқын ардагерлер, жас буынға ел тарихындағы осындай айтулы күндердің бағасын ұқтырып, мәнін айтуымыз керек. Елді бірлікке, ауызбіршілікке шақыруда бізге артылар жауапкершілік көп. Өйткені, қазақ қоғамында қашанда жұрттың келешегі, ұрпақтың болашағы қарияларына байланысты болған. Ендеше барша замандастырымды осы мақсатқа жұмылуға шақырамын.

Республика күні құтты болсын! Жаратушымыз халқымызды ынтымағынан, жерімізді тұрақтылықтан айырмасын! Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын!

Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ,

Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы