Түркістан: Отбасының цифрлық картасының тиімділігі талқыланды
Түркістан: Отбасының цифрлық картасының тиімділігі талқыланды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңір активімен кездесу өткізді. Министр Отбасының цифрлық картасын енгізудің оң әсері туралы айтып, балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, азаматтарды жұмысқа орналастыру және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін талқылады, деп newsroom.kz хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, облыстық мәслихат өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, облыс аудандарының әкімдері қатысты.
Министр кездесуге қатысушыларды Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
«Бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Цифрлық картада 6,3 млн отбасы және олардың 19,5 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған, ал Түркістан облысы бойынша 542,4 мыңнан астам отбасы бар. Бұл ретте біз өздеріне тиісті көмек алмайтын отбасыларды анықтадық. Мұндай отбасылар 1 қыркүйектен бастап өздеріне тиісті мемлекеттік кепілдіктер көрсетілген SMS-хабарлама алады. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары оларға проактивті форматта тағайындалады», – деді Тамара Дүйсенова.Бұл ретте уақтылы көрсетілмеген мемлекеттік қызметтердің мысалы ретінде Министр Түркістан облысынан бала тууына байланысты бір жолғы және бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындауға жүгінбеген отбасы туралы айтты. Министрлік басшысы қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы аясында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша проактивті форматта қызмет көрсететінін айтып өтті. 2023 жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтілетін болады. 2025 жылға қарай Цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылады. Сондай-ақ, министр Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде және ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында көзделген балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа шаралары туралы өңірдің активін хабардар етті. Мәселен, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алып қою құқығынсыз аударылады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлем төлеу мерзімі бір жарым жылға дейін ұлғайтылатын болады. Бұдан басқа келесі жылдан бастап наградталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері 6,4-тен 7,4 АЕК-ке дейін арттырылады. Атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алатын отбасыларға азық-түлік жиынтықтарын өз бетінше сатып алу мүмкіндігін беру мақсатында АӘК алушылар қатарындағы балаларға қосымша төлем белгілеу жолымен 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау жүзеге асырылатын болады. Министр сондай-ақ жергілікті биліктің назарын халықты жұмыспен қамтуға аударды. Тамара Дүйсенова осы жылдың 9 айында Түркістан облысында 66,4 мың адам жұмысқа орналастырылғанын, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы бос орындарға – 32,8 мың адам, белсенді жұмыспен қамту шараларымен – 28,1 мың адам қамтылғанын, ұлттық жобалар шеңберінде – 5,4 мың адам жұмысқа орналастырылғанын атап өтті.
«Жұмыс орындарымен қамту мониторингін жүргізу тәртібіне сәйкес азаматтарды жұмысқа орналастыру олар үшін міндетті зейнетақы аударымдарымен расталатынына назар аударғым келеді. Өңірде бұл көрсеткіш 64%-ды құрайды. Облыстағы ең төменгі көрсеткіш Жетісай ауданында – 47%. Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орны» бастамасын іске асыру шеңберінде тұрақты жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ету, жұмысқа орналастырылған жұмыскерлер үшін зейнетақы жарналарын аударуды бақылау, бұзушылықтарға жол берген адамдарға қатысты шаралар қабылдау қажет», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.Кездесу барысында Тамара Дүйсенова жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдерімен жұмыспен қамтудың икемді нысандарын заңнамалық реттеу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жұмыспен қамту орталықтарын мансаптық орталықтарға трансформациялау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту және азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін талқылады. «Бүгінгі таңда республикада 2,2 млн зейнеткер тұрады, оның 180 мыңы Түркістан облысында. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 2023-2027 жылдар кезеңінде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен 54-тен 70% - ға дейін, ең төменгі күнкөріс деңгейін 100-ден 120% - ға ең жоғары деңгейге дейін жеткізу көзделеді. Сондай-ақ, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлікке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшерін 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру көзделіп отыр», – деп хабарлады Министр. Оның айтуынша, жоғарыда аталған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27% - ға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру 61 жас болып 2028 жылға дейін тоқтатылады. Осы мақсаттарға барлығы 1,3 трлн теңге бағытталады. Сөз соңында Тамара Дүйсенова бүгінгі таңда республика бойынша 50-60 жас аралығындағы 325 мыңға жуық әйелдің табысы жоқ екенін атап өтті. Еңбек өтілі жоқ және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған олар болашақта жұмыс істейтін әйелдерге қарағанда аз мөлшерде зейнетақы алады. Зейнеткерлік жасқа жақындаған және табыс көзі жоқ әйелдердің жағдайын түзету және табысын арттыру үшін «Күміс жас» бағдарламасының тетіктерін өзгерту көзделген. Мемлекет тарапынан қатысушылардың жалақысын қоса қаржыландыра отырып, әйелдерді 50 жастан бастап әлеуметтік жобаларға тарту көзделген. Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі