Жаңалықтар

Ақтауда психологтарға арналған ерекше тренинг-семинар өтті

Ақтауда психологтарға арналған ерекше тренинг-семинар өтті

Ақтауда оқушылардың қай салаға бейімі барын анықтауға мүмкіндік беретін 4 «К» қабілеттерін диагностикалау және дамыту әдістемесі атты облыстық тренинг-семинар өтті, деп newsroom.kz хабарлайды.

Семинарда күрделі материалдар қарапайым тілмен түсіндірілді.

Балалардың қабілетін ерте анықтауға мүмкіндік беретін әлемдік тесттердің авторлық әдістемесін әзірлеу және бейімдеу үшін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің психологиялық диагностикасы саласындағы ұлттық сарапшылары тартылды.

Іс-шараны Елбасы Академиясы Маңғыстау облысының Дарын орталығы мен білім басқармасымен бірігіп ұйымдастырды.

Тренингке әдістеме авторлары Абай атындағы ҚазҰПУ жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі Толқын Ыңғайбекова, психология магистрі, аға оқытушы Сәулет Тукебаева жаттықтырушы ретінде қатысты.

Тренинг-семинарда жалпы 120 мектеп психологын, Маңғыстау облысы «Дарын» орталығының 10 қызметкерін қамту жоспарланған. Бағдарлама теориялық және практикалық 2 модульден (16 сағат) тұрды..

«Әрбір ата-ана баласының qabilet.elbasyacademy.kz платформасында «4К» бойынша тест тапсырғанын қадағалап, қай салаға икемі бар екенін білгеннен кейін сол бағытта жұмыс істеуі керек. Даму динамикасын үнемі бақылап, бағыт-бағдар берсе, баланың қызығушылығын тап басуға болады. Егер ары қарай баланы сүйемелдейтін болса, болашақта білікті маманның қалыптасатына сеніміміз мол», - деді «Балалар мен жастарды диагностикалау және дамыту» орталығының жетекшісі Гүлім Жүсіпова.

Маңғыстау облысы «Дарын» орталығының директоры Несібелі Қуатованың айтуынша, психолог баланың жанын түсінбесе, оны жігерлендіре алмайды. Сондықтан олардың білімін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін шыңдау өте маңызды.