«Бірегей» – бірлікке бастаған көшбасшы немесе «Назарбаев моделі»

30 Қараша, 2019 187 0

Тарихты бірегейлер жасайды. Олар уақыттың тезінен де оза шауып, тіпті болашақтың сара жолын салып кетеді. Жер ғалам­шарының түкпірінде есімдері мәңгі жаңғырады. Ал мәңгіліктің шегі жоқ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сол бірегей тағдырды еншілеген тұлға. Нұрсұлтан Әбішұлы отыз жылдай Мемлекет басшысы болған тұста Қазақстанның жаһандық аренадағы мәртебесінің бекуіне орасан зор еңбек сіңірді.  

Бүгінде Еуразия құрлығы­ның кіндігінде орналасқан Қазақстан­ды бар жаһан біледі. Билікке келген сәтінен-ақ, халықаралық бітім сая­сатын басшылыққа алған Ел­басы әлемге пайда тигізер қан­шама оң шешімдер қабылдап, тіп­ті мәмілегерлік үшін диалог алаңын да құрды. Осы орайда Ұлы­британияның 1979-1990 жылдары Премьер-министрі болған Мар­гарет Тэтчер 1990 жылдардың басында «Қазір әлемде бес-алты ірі және өте ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назар­баев. Мен оған толық сенемін және оның Қазақстанда жүзеге асы­рып жатқан бастамаларымен келі­семін», – деген еді.

Елбасы заманның тынысын дөп баса алатын көреген саясаткер. Заман буырқанған теңіз бетінде жылжыған қайық іспетті болса, ол батып кетпеуі үшін ескекті ұстар қажыр-қайрат керек-ақ. Нұрсұлтан Назарбаев осынау сан қилы сәтте елдің ішкі де, сыртқы да жайына тереңнен көз салып, бағамдай алды. ХХІ ғасыр табалдырықтан аттаған сәтте-ақ, қарқынды өзгерістер болды. Әлем де, адам да өзгерді. Цифрландыру мен жаһанданудың күнделікті адамзат тұрмысына еніп кеткені сонша, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық тіпті бар әлем өмірінің сұранысы өзгеріп кетті. Ел басшыларына тың реформа құруға және оларды кезек күттірмей дұрыс бағыттап отыруға тура келді. Бұл тұрғыда танымал зерттеуші Рой Медведевтің Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Өзге бақылаушылар сынды Қазақстанның табысқа жетуі мен сәттілігін Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырамын. Мемлекет бас­шысы дағдарыс жылдары ма­ңыз­ды шешімдер қабылдап, бағам­дай алды. Оның қабылдаған шешім­дері арқасында Қазақстан басқа мемлекеттер еңсере алмаған қан­шама қауіптен аман қалды», деген сөзі ойға оралады. Әлбетте, тек ішкі саясатыңды бағамдай берсең, сыртыңнан көз тастар алпауыттар бар. Елбасы осының бәрін уысында ұстап, тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Қазақстанды бейбіт жолға бастады. Әлем үшін тек соғыс пен қауіптің көзі бол­ған, талай миллиондардың тағ­дырын жалмаған атом бомбасы­нан бас тартып, аса маңызды ше­шім қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы шешімі бар жаһан лидерлеріне үлгі болып, Қазақстанның бітімгерлік саясатына деген сенім пайда болды. Бұл шешімді АҚШ-тың бұрын­ғы президенті Барак Обама «Пре­зидент Назарбаев ядролық қару­лар­ды таратпау мәселелерінде әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі саналады. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуге қол жеткізуде үлгі бола алады. Бұл қадам Қазақстанды өңір­дегі тұрақты елдердің бірі­не айнал­ды­руға мүмкіндік берді», деп оң пікір білдірген еді. Тұң­ғыш ел басшымыз бір халықтың не мемлекеттің ғана емес тұтас әлемнің, онда тұ­ра­тын адам баласының ертеңіне көз тастады. Себебі жаппай қы­рып-жоятын ядролық қару со­ғыс қауіп-қатерін күшейтумен қатар, жымысқы саясаттың да құра­лына айналып үлгерген еді. Ресей Федерациясының Пре­зи­денті Владимир Путин Елбасы­ның осынау кең жүректі қасиетін «Нұрсұлтан Әбішұлы – саясатта көп­тен, Кеңес дәуірінен келе жат­қан тұлға. Мені қатты таңғал­дыра­тыны – оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қа­сиет – бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қай­дан дары­ған?! Ол – адал да әділ. Кей­бір мәселелерді талқылағанда, әр­да­йым қарапайым адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым от­басы­лар өміріне қалай әсер етеді? Солар­дың орнына өзін, өзінің жақын­дарын қойып көріп барып, шешім қабылдайды. Ол – өз хал­қының бір бөлігі», – деп баға­­лаған болатын. Ал Ресей Фе­де­­ра­­циясының Премьер-ми­нистрі Дмитрий Медведев қазіргі Қазақ­станның табысты дамуында, Қазақ­стан мен Ресей арасындағы тату көр­шілік пен одақтастықты дамы­туда Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың орасан зор рөлін атаған еді.

Сирия Араб Республикасында ұзақ жылдарға жалғасқан соғыс тек бір мемлекеттің ғана емес, тұтас әлемнің тыныштығы мен бейбіт өміріне нұқсан келтіре бас­тады. Мүдделер қақтығысып, саясат қитұрқы ойынға айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамыры тереңге кеткен қантөгісті тоқтату үшін тың бастама көтеріп, Қазақстан астанасын Сириядағы бітімге келе алмай отырған тарап­тарды бір ортаға жинап, диалог құру алаңы ретінде ұсынды. Осы­­лайша Сирия бойынша Астана про­цесінің оннан аса раун­ды өтті. Тараптар ақырындап келі­сім­ге келе бастады, қызу соғыс өр­­шіп тұрған аймақтардағы жағ­дай түзелді. Бұл процесс әлі де жалғасуда.

Елбасының кезекті бастамасы бейбіт әлемнің кең тыныс ашуы­на тағы да түрткі бола алды. Ұлтымызға жат ағымның ық­па­лымен Сирияға кетіп, адасқан отандастарымызды елге қай­та­руды әлемде алғаш қолға алған Қазақстан десек артық айтқан­дық емес. Өйткені алпауыт держава­лардың өзі азаматтарынан бас тартып, оларды қоғамға «індет» таратар содырлар ретінде көріп, шекарадан әрі асырмады. Бұл – рас. Оның дәлелі – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен осы жылдың басында табысты жүзеге асырылған «Жусан» гуманитарлық операция­сы. Операция нәтижесінде жүзге жуық қазақстандық, ең бас­тысы еш кінәсі жоқ кіршіксіз сәби­лер Отанына оралды. Әрине олар­дың ата-аналарының ісі заң не­­гізінде сотта қаралды. Бірақ ту­ған мекенінде. Міне, Ел­ба­сы­­ның көреген саясатының арқасында отандастарымыз шетелде өгей тағдыр кешпеді. Себебі жат ағымға еріп кеткен ата-ана­ларының артынан ерген балалары бар ғой, олардың бұл таңдау еркіндігі емес еді. Елбасы мұнда келер ұрпақтың да қамын ойлап, оларды тамұқ тағдыр апатынан сақтап қалды. Осы арада «сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған» немесе «жесірін жатқа бермеген, жетімін жылатпаған» деген халық даналығы ойға келеді.

Елбасының сындарлы саяси ұстанымы тек сыртқы саясатта ғана емес, ел ішінде де оң бағыт тап­ты. Нұрсұлтан Әбішұлы қабыл­даған ел тарихындағы ең айтулы да маңызды шешімдердің бірі елорданы Алматыдан Ақмола қаласына (қазіргі Нұр-Сұлтан) көшіру болды. Бұл оңай шешім болған жоқ. Алайда саяси, эко­номика­лық, стратегиялық тұр­ғыда ең ұтымды шешім еді. Елбасы­­ның көрегендігі мен тікелей бақы­лауының арқасын­да Қазақ­с­тан қысқа мерзімде Еуразия­ның жүре­гіне айналған өркениетті астананы тұрғыза алды. Елорданың құ­ры­лысы алғаш басталып, әсем ғимараттары енді бой түзеп жатқан сәтте-ақ, бұл шаһар әлемдік саясатты талқылап, оң шешімге келе алатын орталыққа айналды. Жас қалада Елбасының бастамасымен әлем­дік деңгейдегі іс-шаралар өтіп, жаһандық береке мен бірлік­ке Қазақстан тікелей түрткі болды. Нұр-Сұлтан қаласының жылнамасына әлемнің 56 елінің басын қосқан, «Астана декларациясы» деген атпен тарихқа енген аса ма­ңызды құжат қабылданған Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынты­­мақтастық ұйымының айтулы саммиті, 57 мұсылман елінің басын біріктіретін Ислам Ынты­мақ­­тас­тығы Ұйымының сессиясы, Дүние­жүзілік ислам экономикалық форумы жазылды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара ық­палдастық және сенім шаралары кеңесінің, Еуразиялық Эконо­микалық одақтың аса жоға­ры жауапкершілікті талап ететін форумдарын қабылдады. Атал­ған халықаралық жиындарда Қазақ­стан Тұңғыш Президентінің идеяларына негізделген әлемнің саяси-экономикалық дамуына әсер ететін тарихи құжаттарға қол қойылды. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай жа­рияланған «Елбасы жігерінің жеңісі» атты мақаласындағы (2018 жылғы 3 шілде, «Егемен Қазақстан» газеті) Елбасы­мыз­ға берілген баға тұтас елдің бер­г­ен бағасы іспетті: «Астана – Ел­­басы­­ның перзенті. Ол – мемлекет құрушы әрі ға­жайып қала – Ас­тананың руха­ни әкесі, архитек­торы. Оның есімі дәуірдің ең бел­гілі, ықпалды жаңар­ту­шы­лары­­­­ның қатарында ата­лады. Ол жаңа Қазақ­стан мем­лекетін орнату кезеңінде қазіргі за­ман­ның ең да­рынды жасампаз ре­фор­маторы ретінде танылды».

Иә, көпжылғы тәуелділіктен кейін егемендігін алған Қазақ елінің өзі таңдаған астанасын заманауи әлемдік сәулет өнеріне сай қылып салу кез келген саясат­кердің, Мемле­кет бас­шысының қолынан келе бермейтіні анық. Н.Ә.Назарбаев­тың ерекше қа­сиет иесі екенін белгілі мем­ле­кет қай­раткері, Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Кеңсесінің бас­шысы М.Қасымбековтің елорда­ның тұсаукесер рәсімі­не дайын­дық барысы бойынша Елбасының төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінің стенограммасын негізге алып жазған «Бас қала осылай басталған» (2018 жылғы 18 маусым, «Егемен Қазақстан» газеті), «Как зарождалась Астана» (18 июня 2018 года, «Казахстанская правда»), «Бас қала осылай басталған» (2018 жылғы 19 маусым, «Айқын» газеті), «Как зарождалась Астана» (19 июня 2018 года, и «Литер») атты мақала­сындағы мына жолдар дәлелдей түседі: «Мәселенің мәнісін терең білу, аудиторияның өзіндік ерек­шелігін ескеру, сенім ахуалын қалып­тастыру, стратегия­лық тұрғы­дан ойлай білу және құбылмалы жағ­дайда жедел жол табу сияқты қасиеттерді иеленген Нұрсұлтан Әбішұлы өзін тек саяси жетекші, дипломат, менеджер ғана емес, сонымен бірге өмірлік тәжірибесі мол адам ретінде танытады». 

Елбасымыздың тағы бір бас­та­масы – Қазақстанның әлеуеті мен күш-қуатын, кемел келе­шегін әлемге танытқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу болды. Көрме – жаһан­дық мас­штабтағы ірі іс-шара, оны тек өткізіп қою жеткілік­сіз, халық­аралық көрме арқылы мемлекет­тің ұстанымы мен нақты көз­қарасы көрінеді. Қазақстан қашан­нан «жасыл» экономиканы қол­дай­т­ын мемлекет. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елордада «Болашақ энергиясы» атауымен көрме ғимараты бой түзеп, егемен елдің астанасына көрік қосып, ұстанымын тағы да бекемдеді. Жас Қазақстан үшін ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу үлкен жетістік. Себебі осы уақытқа дейін жоғарыда атал­ған айтулы іс-шараны әлем­нің дамыған елдері ғана өткіз­ген болатын. Халықаралық бітімгер­лік пен бейбіт өмір жолында Қазақ­стан тағы да бой көрсетті. Осы орайда АҚШ Президенті Дональд Трамп «Мен Президент мырзаға ЭКСПО-2017 арқылы энерге­ти­калық қауіпсіздік мәселе­лері бойынша жаһандық үнқатысу­ды ілгерілетудегі көрегендігі мен көшбасшылығы үшін ризашы­лығымды білдіремін. Өзара құрмет пен ортақ мүдделерге негізделген АҚШ пен Қазақстан арасын­дағы стра­тегиялық әріптестіктің әрі қарай нығая түсетініне үміт­те­немін», деп пікір білдірді.

Сонымен қатар Н.Ә.Назар­баев­­­­тың тапсырмасымен ЭКСПО қала­шығында болашақта Нұр-Сұлтан қала­сын әлемге танымал қаржы ор­та­­лығына айналдыратын «Астана» халықаралық қаржы ор­та­лы­ғының да ашылғанын атап өту керек.

Осы арада айтарымыз, егер бүгінде сәні мен салтанаты келіс­кен әсем елордамыз болмаса, Қазақ жерінде жоғарыда атал­ған күллі әлемді таңғалдырған айтулы форумдар өтер ме еді?! Сон­дықтан бүгінгі буын емес, бола­шақ ұрпақ та осыдан ширек ғасыр бұрын еліміз үшін аса қиын жылдары Жоғарғы Кеңестің алдында астананы Сарыарқаға ауыс­тырудың ел дамуы үшін қажет­тілігін дәлелдей алған, дәлел­деп қана қоймай Қазақстан астанасын қысқа мерзімде салдыра алған Тұңғыш Президентіміздің қайрат­кер­­лігін білу керек деп есептеймін.

Қазақстан – талай тағдырларды бір ортаға біріктірген көпұлтты мемлекет. Елбасы көпұлтты елді еш кикілжің, дау-дамайсыз бас­қарудың тың үлгісін бар ғалам­ға таныта алды. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем жұртшы­лығына үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, Қазақ елінде әр ұлт өкіліне құрмет танытылатынын, еркіндік пен демократияның барын көрсетіп, зайырлы мемлекет құра алды. Талай мемлекеттің ішкі саясаты ұлтаралық қақтығыстар салдарынан қырғи-қабақ тартысқа ұласып жатқанда, Қазақстан ұлы Абайдың «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген қағидатын ұстанаты­нын дәлелдеді. Қазіргі заманда дінаралық кикілжің салдарынан азамат соғысының оты тұтанып, әлемге лаңкестіктің қаупі төнгенін көрудеміз. Осы тұста Елбасы жаппай қырып-жою қаруынан бас тартып салмақты шешім қабылдаған сәттегідей, тағы бір әлеуетті қадам жасады. Еліміз еңсесін енді тіктеп жатқанда еш сескенбей, әлем­дік және дәстүрлі дін лидерлері­нің съезін өткізіп, барлық дін өкілдерінің көшбасшыларын елор­даның төрінде сұхбат құруға жинай алды. Бір-бірімен жаға жыртысып, жылдар бойы өштесумен ымырасыздықтан көз ашпай келе жатқан бірқатар дін өкілдері бір-бірімен қол алысып, пікірлесе алатын деңгейге жетті. Әрине, бұл дінаралық қақтығыстарды түбегейлі жойып жіберді деген­ді білдірмейді, дегенмен бейбіт өмірдің бүр жаруына елеулі үлесін қосты. Қазақстан тәуелсіздігінің алғаш­қы күндерінен бастап Тұң­ғыш Президентіміздің сенімді серігі болған, Елбасымыз айқын­дап берген сыртқы саясатты жүзе­ге асыруда қайраткерлігімен та­ныл­ған ел Президенті Қ.Тоқаев «Ел­басы бастамасымен дүниеге келген съезд бүгінде әр үш жыл са­йын шақырылатын бірегей дін­ара­лық диалог алаңы ретінде берік қалыптасты. Форум халық­аралық ахуал ушығып тұрған қазіргі уақытта дүние жүзіндегі мәдениеттер мен өркениеттердің арасын жалғап, дінаралық төзім­ділік пен ынтымақты нығайту­да теңдессіз рөл атқарып келеді. Сон­дықтан ел ішіндегі конфессия­аралық келісімге арқау болуымен қатар, қалың жұртшылықтың санасына әлемдегі күллі діндердің бейбітсүйгіш болмысын сіңіре білген жиынның халықаралық маңызы ерекше», деген болатын.

Сонымен қатар Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті «қайта құрудың» кері салдарынан пайда болған қақтығыстарды жою бойынша бітімгершілік жұмыс­тар атқарды. Осыны түбі­міз бір Әзербайжан Республика­сы­ның Президенті Ильхам Әлиевтің мына сөздері дәлелдегендей: «Аймақ­тағы бейбітшілікке бағыттал­ған Қазақстан басшылығының жүйелі дана саясаты көбіне қауіпсіздік­ті нығайтуды көздейді. Қазақстан тұғыры биік, тегеуріні мықты мем­лекетке айналды. Сондықтан да аймақтық мәселелерді шешуде Қазақстанның рөлі мен маңы­зы арта түсуде, ал біз бұл мем­ле­­кет­­тің жетістігіне әрқашан да қуа­ныш­тымыз».

Тәуелсіздіктің қиын дәуірінің бастапқы жылдарында ел экономикасы күйреу жағдайында тұрды, іс жүзінде барлық ірі өндіріс орындары тоқтап қалды. Инфляция бірден өсіп кетті, жұмыссыздық көбейді. Ел «жабайы капитализмге» енді. Тәуелсіз Қазақстанға халықаралық деңгейдегі сапалы білімі бар кәсіби кадрлар өте қажет болды. Жекешелендіру жүргізіп, елімізге инвестиция тарту керек болды. Тіпті ең тәжірибелі басқарушылардың жаңа экономи­ка­лық және әлеуметтік процестер­ді қалай басқару, егемен мемле­кет­ті қалай құру туралы түсінігі­нің өзі бұлдыр болатын. Осындай жағдайда Қазақстанның лайық­ты болашағын болжау қазақтың бағына туған азамат Нұрсұлтан Назарбаевқа ғана бұйырды.

Ғұлама ғалым, кемеңгер ұстаз Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөзімен үндес Елбасымыздың еліміздің талантты жастарының білім алуына арналған «Болашақ» стипендиясы – Қазақстанның сенімді стратегиялық таңдауы болды. Дүние жүзіне танылған қазақстандық брендке айналған «Болашақ» бағдарламасы туралы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында былай еске алады: «Біздің болашақты болжау мен стратегиялық көрегендігіміздің бір үлгісі – 1993 жылдың 5 қара­ша­сында бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясы болды. Мемлекеттің қаржылық жағ­дайы елеулі шығындарды ауырсынатынына қарамастан, мен елдің болашағын ойлай отырып, ең лайықты деген жас қазақ­стан­дықтарды әлемнің үздік уни­вер­ситеттерінде оқытуға қажетті қар­жы бөлуге пәрмен бердім. Менің ойымша, елді дамытуда және оның гүлденуіне ауқымды үлес қосуда жетекші рөл атқаруға тиіс­ті зияткерлер шоғыры солардан қалыптасуға тиісті болатын».

Осыдан түйер ой: XIX ғасырда ұлы Абай «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы...», – деп жырлап, жастарды мектепте білім алуға шақырса, XX ғасыр­дың басында Алаш зиялылары Мәскеу мен Петербордың белді жоғары оқу орындарында білім алып, Мемлекеттік думаға сайланып, елінің азаттығын ойлады. Ал XX ғасырдың аяғында «ХХІ ғасыр – білім бәсекелестігі ғасыры», деген ұстанымның авторы Елбасымыздың арқасында Америка, Ұлыбритания, Германия, Франция және басқа да шет мемле­кеттердің әлем таныған универ­ситеттерінде білім алған тәуелсіз Қазақстан жастары білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми әзірлемелер мен ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге қол жеткізуде.

Еліміз санаулы күндерден кейін осыдан 28 жыл бұрын Елба­сы­мыздың бастамасы бойынша қабылданған «Қазақ КСР Прези­дентін сайлау туралы» заң бойынша өткен бүкілхалықтық сайлау өткізілген атаулы күн – Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Пре­зи­денті күні мерекесін атап өте­ді. Н.Ә.Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында «осы тарихи сай­­лаудың Қазақстанның тәуелсіз­дікке қарай жасаған шешуші қадамы болғанын» атап өткен болатын. Өйткені саяси күнтізбеде ол заңды және символдық тұрғыда Тәуелсіздік күніне ұласады.

Сонымен қатар 1991 жылғы 1 жел­тоқсаннан бастап тәуелсіздік­тің әр жылдары өткен барлық жалпыхалықтық тікелей сайлауларда қазақстандықтар тұрақтылық пен саяси-экономикалық дамуды таңдап, дауыстарын түгелдей Нұр­сұлтан Назарбаевқа берді. Яғни, осы жылдары Ел мен Елбасы егіз ұғым болып кетті. Елбасы­мыз ір­­ге­сі берік, өзегі мықты, қуат­­ты мем­­­­­лекет құрды. Кеңес Ода­ғы­ның құр­­­­­сауы­­нан шыққан Қазақ­стан күл­­лі әлем мо­йындаған бедел­ді елге және бей­­бітшілік бел­деуіне ай­нал­­ды. Тұ­рақ­­ты­лық­тың, тату­­лық­тың, тұтас­тық­тың ар­қа­сын­да тәуел­сіз­дігіміз тұғыр­лы болды. Елінің ертеңін ой­л­аған Елбасы Есілдің бойына жаңа Елордамызды орнатты. Тұң­ғыш Пре­зидентіміз «Мәдени мұра» мем­­ле­кеттік бағдарламасын ұсы­­нуы­ның нәтижесінде рухани бай мұраларымыз зерделі ұр­пақ­тың зейінін ашып, көне тарихты қайта жаңғыртты. Осының бәрі теңдессіз тұлғаның тегеурінді іс­тері арқылы жүзеге асқанын дана хал­қы­мыз жақсы біледі. Осы арада, М.Қасымбековтің «Егемен Қазақ­стан» газетінің 2014 жылғы 21 маусы­м­дағы санында жарияланған «Бастау» атты мақаласындағы мына бір дәйекті сөздерді келтіргім келеді: «Адам уақытты таңдамайды, ол тек уақытпен бірге тыныстайды. Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл саяси өмірбаяны белгілі дәре­жеде бұл нақылды жоққа шыға­ру­мен келеді. Өйткені мем­лекеттік қай­раткер ретінде ол өзіне берілген жа­ғдаяттар жүйе­сі­нің ауқымымен шектеліп қал­май, тағдырдың жазға­ны­на сеніп, соның ырқына енжар іле­сіп кете бер­меді. Керісінше, ол қа­­лып­­тас­қан жағдайға көнбей, бұл­­қы­­ныс таны­тып, болмысты өзі бел­­се­не қа­лып­таст­ыра отырып, аса қо­лай­­сыз жағдайда және іс жүзінде та­қыр жерде жаңа мемлекет орнату­мен қатар, республиканы әлемдік қауым­­­дастықтың толыққанды әрі бедел­­­ді мүшесі деңгейіне көтере алды».

Дегенмен осы жылдың нау­ры­зында Қазақ мемлекеттігінің негі­зін қалаушы ҰЛЫ ТҰЛҒА, Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемде теңдесі жоқ тарихи ше­шім қабы­лдады. Елбасымыз өз еркімен Мем­лекет бас­шысы өкі­леттігін тоқтат­ты. Бұл тағдыр­лы шешім жаһан­дық дең­гейде, тари­хи ауқым­да та­нылған саяси қайраткердің ке­мең­герлігі мен парасаттылығын әлем­ге тағы да танытты, мойындатты.

Осылайша Елбасы іс жүзінде тәуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастық­тың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді. Менің ойымша, қазір де, алдағы уақытта да Елбасымыз­д­ың бұрын-соңды әлемдік саясатта қайталанбаған осы шешімі лайықты бағасын ала береді және болашақта билікке келетін мем­л­екет басшылары үшін тұрақ­тылықты, сабақтастықты сақтау формуласы болып қала береді. Елбасының осы шешімі жаһан лидерлері мен сарапшыларын таңдай қақтырды. Елбасының салып кеткен жолын, бітімгерлік саясатын сабақтастықты негізге алған қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалғастыруда. Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президент салып кеткен сара жолды жалғап қана қоймай, Елбасы ұсынған Бес инс­титуционалды реформа мен Ұлт Жоспарын толыққанды жүзеге асыруды қолға алды. Қазақстанның жаһандық аренадағы бітімгерлік миссиясы мен имиджі сол қалпы сақталды. Ішкі саясатта Мемле­кет басшысының жетекшілігі­мен тың реформалар мен бастамалар көтерілуде. Қасым-Жомарт Кемел­ұлы осы жылы Қазақстан хал­қына жариялаған алғашқы Жол­дауында заман талабына сай тиім­ді мемлекет құрудың, халықпен тығыз байланыс жасаудың, қоғам­дық келісімді нығайтып, еркін қоғам қалыптастырудың, аза­мат­­тар­дың құқығы мен қауіпсіз­дігін қам­тамасыз етудің бірқатар теті­гін атап көрсетті. «Ел бірлігі – оның әралуандылығында», деді Қазақ­стан Президенті өзінің Жол­дауында. Елбасының «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген сөзін ту еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ынты­мақ пен береке-бірлікке негіз­дел­ген қазіргі саясаты ел дамуына одан әрі тың серпін беруде.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ел егемендігін бекемдеу жолындағы қажырлы еңбегі «Қазақстан жолы» және «Назарбаев моделі» де­ген атқа ие болды. Бірегей ли­дер­­дің сарабдал шешімдері тұтас ұлтты ұшпаққа шығара алды. Осы арада тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдары Германияның күнде­лікті «Франкфутер Альгей­мане Цайтунг» басылымында жария­ланған Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті туралы мына жолдарды келтіргіміз келеді: «Кеңес Одағының ықпалды саясаткер­лерінің ішінде Нұрсұлтан Назар­баевты ең тартымды саясаткер деуге болады. Өзінің сырт келбеті­мен, әрі сөйлеу мәнерімен назар аудартып қана қоймай, саясаткерлер ішінде бірден көзге түсетін ерекше құбылыс иесі».

Бүгінде Елбасы өзінің мәмі­ле­герлік миссиясын жалғасты­рып келеді. Күні кеше ғана ел жүре­гі Нұр-Сұлтанда өткен Астана клубының бесінші отырысында Нұрсұлтан Әбішұлы бүгін­гі жаһан­дық саясатта түйіні шешіл­мей тұрған Украина мен Ресей, Оңтүстік Корея мен Сол­түс­тік Корея арасындағы мәсе­ле­ге тоқтау салуды атап көрсетіп, Қазақ­стан­ның мәміле алаңы болу­ға дайын е­кендігі туралы бас­та­ма көтер­ді. Егер тараптар Елба­сы ұсы­нысына келісер болса, Қазақ­стан саяси шиелі­ніс­тің оң шеші­луіне ықпал етер ке­зек­ті келіссөз алаңы болмақ. Соны­мен қатар ядролық полигонын жа­уып, әлемдегі төртінші зы­мы­ран­дық-ядролық әлеуеттен бас тарт­қан Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың әр екі жыл сайын ядролық қауіпсіздік бойынша жаһандық саммит өткізу тәжірибесін қайта жандандыруды және Қазақстанның осындай саммиттердің бірін өз астанасында қабылдауға дайын екендігі туралы бастамасы да еліміздің бейбітшілік ұстанымын барша әлем алдында айшықтай түседі.

Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылға жуық уақыт ішінде қалан­ған әр­бір кірпішінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың қол­таң­басы бар. Тек ел іргесін мығым қалау­да емес, халықара­­лық сая­сат­та да қажырлы саясаткер­дің қос­қан үлесі орасан зор. Оны бар жаһан лидерлері мойындады. Бітім мен мәмілеге құрылған саясат, жаңа елорда – өркениет пен келі­сім­нің ордасы, тәуелсіз Қазақ­стан – тұ­рақты даму жолына түс­кен негізі нық мемлекет. Ал Елба­сы бірегей саясаткер. Ұлы Қазақ хандарының бітімгершілік жолын жалғап қана қоймай, асқақ арман­дарын орындаған Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев тарихты ғана емес, жаңа заман тынысын да жаңғыртты.

Осыдан он бес жылдай бұрын Қазақстан халқымен болған телеэфирде Елбасымыз Қазақстанның ұлттық идеясы қандай болуы ке­рек деген сауалға «Ұлттық идеяны барлық қазақстан­дық бір­дей қабылдайтын болуы тиіс. 75 жыл бойы коммунистік идея­мен өмір сүрдік. Бүгінгі мемлекеті­міз­ді құрушы қазақ халқы. Қазақ бас­қа жерде өскен де, өнген де жоқ. Біз ешқайдан көшіп келгені­міз жоқ. Қазақ елінің, Қазақстанның тәуелсіздігі – ол бірінші идея. Мұны болашақ ұрпақтың қолына тапсыруға тиіспіз. Ұлттық идеяның тағы бір тірегі – ел экономикасын бәсекелестікке сай мықты жасау. Үшінші идея – елдің бірлігі. Осы үш мәселенің төңірегінде қа­зақ­тың тілін, қазақтың дәстүрін бас­қа халықты ренжітпей шеше­­тін болсақ, осы үш саладан бас­­қа қандай идея керек», деп жауап берген болатын. Олай болса, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәңгілік ұлы идеялары тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан еліміздің ертеңгі үміті, сенімді серігі болып табылатын жас буынның бойтұмары болуы тиіс екені сөзсіз.


Әмірхан РАХЫМЖАНОВ,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор

Тегтер: елбасы, назарбаев, қазақстан, рахымжанов, тарих

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.