Жаңалықтар

Науқас емханаға бара алмаса, емхана науқасқа өзі келеді

Әлсіздіктен арыла алмай, үнемі шаршап жүресіз бе? Шаршағанын күнделікті күйбеңнен көріп, елемейтіндер көп. Сондай-ақ себебін өзінше долбарлап, ем-дом жасайтындар да жетерлік. Дәруменнен ем іздейтіндер мен жарнамадан көрген дәрімен дерттен арылғысы келетіндер де бар. Бірақ бәрі бірдей дәрігердің кеңесін алуға асықпайды. Ал әлсіздіктің артында талай қауіпті ауру тұруы мүмкін. Қызылорданың тумасы 22 жасар Аружан да өзінің ағзасында қауіпті паразит тіршілік етіп жатқанын кездейсоқ білген. Аружанды қабылдаған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының дәрігерлік бригадасы оған «эхинококкоз» деген диагноз қойды. width=

Бұл – ағзада қауіпті эхинококк құртының өсіп-жетілуінен туындайтын дерт. Ол ішекте емес, бауыр, өкпе секілді ішкі ағзаларда тіршілік етеді, тіпті миды зақымдайтын жағдайлары да кездеседі. Дер кезінде анықтап, емдемесе, адам өліміне де алып келуі мүмкін. Оның үстіне, эхинококкоз – алғашқы сатысында белгілері байқалмайтын, анықталуы қиын қауіпті дерт. Ал сапалы медициналық көмек көрсететін мамандары, заманға сай жабдықталған ауруханасы жоқ ауылдық жерлерде мұндай ауруларды анықтау тіпті қиынға соғады. Сол себепті де медициналық пойыздың ауылына ат басын бұруы Аружанның өмірін сақтап қалды деуге болады.

Аружан, пациент: «Мен Солтүстік Қазақстан облысында болған кезімде «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызына қаралуға бардым. Маған сол жерде УДЗ жасалып, эхинококқа күмән пайда болып, МРТ-ға түсуге жолдама берілді. МРТ-дан кейін диагноз нақтыланып, мен өз қалама операция жасатуға кезекке тұрдым. Операция желтоқсан айында жасалады. Дер кезінде көмек көрсеткен медициналық пойыздың дәрігерлеріне алғысым шексіз».    

Екі бірдей медициналық пойыз бригадасын жасақтап, өңірлерге аттандырудағы мақсат та – жолдың ұзақтығы мен қолдың қысқалығынан уақытылы, сапалы медициналық көмек ала алмай отырған шалғай елдімекендердің тұрғындарына жәрдемдесу. Пойызда жырақта жатқан 165-тен астам станцияны аралап, 100 мыңнан астам қазақстандықты тегін тексеріп, емдеу шығынын «Samruk-Kazyna Trust» қоры көтереді.

Альфия Адиева, «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры: «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржыландыратын «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары барған станциялардың арасында небәрі 200-300-дей ғана адам тұратын бекеттер бар. Ондай жерлерде аурухана да, емхана да жоқ. Бірнеше ауылға ортақ бір ғана медицина қызметкері жұмыс істейтін жағдайлар кездеседі. Медициналық пойыз бригадалары 10 жылдан бері осындай елдімекендердің тұрғындарына білікті медициналық көмек көрсетіп келеді».

Бір қызығы, тегін тексеріліп, ем-дом алу мүмкіндігін пайдалануда әйелдер қауымы белсендірек болған. Әсіресе 40-60 жастағы қазақстандықтар денсаулығына көбірек көңіл бөлетін секілді. Сондай-ақ медициналық пойыз дәрігерлерінің қабылдауында жөргектегі сәбилер де болған. Елімізде педиатр мамандар жетіспейтіні жиі айтылады, ал шалғай аймақтарда мүлде тапшы.

 width=

Осыны ескеріп, жылжымалы «емхана» алғашқы диагностиканы жүргізуге қажет озық құрал-жабдықтармен жарақтандырылып қана қоймай,  стоматолог, офтальмолог, педиатр секілді салалық дәрігерлерді де 5 айлық іссапарға ала шыққан. Бригада құрамында осы жобаға бұрыннан қатысып жүрген дәрігерлер де бар. Олар қазіргі ахуалды алдыңғы жылғы көрсеткіштерімен салыстырып, алаңдайтын тұстарды анықтап жүреді.    

Сәкен Кәкпенов, дәрігер-офтальмолог: «Мен 2019 жылы да осы медициналық пойыз бригадасында болғанмын. Биыл да қосылдым. Бір байқағаным – балалар арасында көз органдарының патологиясы артқан. Бұл гаджеттерді көп қолданумен байланысты болып отыр. Сәби кезден-ақ телефон қолданады. Әрине, бұл көздің көру қабілетін төмендетеді. Оның үстіне, көзілдірікті офтальмологке тексерілмей-ақ, оптикадағы кісілермен кеңесіп ала береді екен. Бұл өте зиян».

 width=

Медициналық пойыздар дәрігерге қаралуға қалтасы көтермей жүргендер үшін тамаша мүмкіндік болғаны рас. Өйткені дәрігерлер халықты тегін қабылдады. Тіпті қазір еліміздегі ең қымбат медициналық қызметтердің бірі саналатын – стоматологиялық қызметтер де тегін ұсынылады.

 width=

Ал биыл бірінші рет медициналық бригада құрамы дерматовенеролог, психолог мамандармен толыққан.

Арайлым Амантаева, психолог: «Күніне 2-4 адам келеді. Қозғайтын мәселелері де әртүрлі. Негізінен, күйзеліс, мазасыздық, жұмыстағы не оқудағы стресс, айналасымен қарым-қатынас жасаудағы мәселелер, ата-анасына реніш... Көбіне жасөспірім қыздар келеді. Олардың жасында өзін кем сезіну, өкпе-реніш, болашағына алаңдау сезімі жиі ұшырасады ғой... Жалпы, бір медициналық пойыздың бригадасы күніне 100 адамға дейін қабылдай алады».

Медициналық пойыз мамандары – арнайы іріктеліп алған білікті дәрігерлер. Осының арқасында қабылдауға келген адамның жанын жеген мәселелерден бөлек, ағзасына уыттай жайыла бастаған қауіпті дерттерін де дөп тапқан. Өкініштісі, кей пациенттер денесінде ісік барын дәрігердің қабылдауына келгенде бір-ақ білген. Мұндай емделушілерге әрі қарай тексерілуге жолдама беріліпті. Онкологиялық аурулардан бөлек, тағы бір жиі қойылған диагноз – инсульт.

 width=

Сондай-ақ 76 адамнан қоғамға қауіпті туберкулез дерті анықталған. Олардың дені – батысқазақстандықтар. Бұл – жарты жылға жуық мерзімде дәрігерлік көмек алған 100 мыңнан астам адамның бір парасы ғана. «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылық қолдауымен, қыруар маманның күшімен жүзеге асырылған жобаның бір ғана нәтижесі. Жоба келер жылы да жалғасын тауып, осындай ізгі бастамалардың қатары көбейеді деген сенімдеміз.

Альфия Адиева, «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры: «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Қазақстандағы күрделі әлеуметтік мәселелерді шешумен айналысады. Біз медициналық мекемелерді жабдықтаймыз, толыққанды оңалту орталықтарын ашып жатырмыз. Бір ғана 2021 жылдың өзінде қор 32 әлеуметтік жобаны іске асырып, еліміздің барлық өңірін қамтыды. 2023 жылдан бастап қайырымдылық жобаларының 30%-ы республикалық ауқымды қамтыса, 70%-ы өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады».