Алдағы сайлау – еліміздегі саяси реформалардың салиқалы жалғасы
Алдағы сайлау – еліміздегі саяси реформалардың салиқалы жалғасы
Прзидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 21 қыркүйегінде Қазақстан халқына үндеу жасап, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойғанын жариялады, деп newsroom.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы соңғы үш жыл елімізде жан-жақты реформалар мен нақты өзгерістер жылдарына айналғандығын айта келіп, осы мерзім аралығында жүргізіліп жатқан реформалар аясында атқарылатын және атқарылған істерді атап өтті. Оның бірқатарына тоқталсақ, енді Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталады, депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны бір мандатты округтен сайланады. Сондай-ақ биліктің бірқатар өкілеттігі қайта бөлініп, кейбір құзыреттер Президенттен Парламентке берілді. Бұдан бөлек, енді өңірлердің әкімдері баламалы жолмен таңдалады, саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, тіркеудің қажетті шегі төмендетілді.
Осылайша, еліміздегі демократиялық бағыттағы үрдістер кеңінен етек ала бастады. Ендігі жерде аталған өзгерістер мен конституциялық реформалардың жемісін халық көруі үшін басты мемлекеттік институттар – Президент, Парламент, Үкімет және мәслихаттардың барлығын кезекпен қайта құру қажеттілігі туындап отырғандығын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді, биыл кезектен тыс Президент сайлауын, келесі жылы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын өткізуді ұсынған болатын.
Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтетін болып белгіленді. Орталық сайлау комиссиясы мен оның жергілікті жердердегі құрылымдары алдағы саяси науқанды өткізу жөніндегі дайындық пен ұйымдастыру жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Кезектен тыс Президент сайлауының мақсаты - Конституциялық реформаларда көзделген институционалдық өзгерістің барлығын осы жылдың соңына дейін заңмен бекітіп алу.
Бұл дегеніміз, біріншіден, елімізде президент өкілеттігін бір мерзіммен шектеу – еліміздің демократиялық бағытты берік ұстанғанын көрсетеді. Осылайша, Қазақстан президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеген посткеңестік кеңістіктегі бірден-бір ел боламыз. Екіншіден, үстіміздегі жылдың қараша айында өтетін кезектен тыс Президент сайлауы келесі жылдың алғашқы жартысына жоспарланып отырған Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы арқылы саяси бәсеке күшейеді. Депутаттардың жаңа легінің пайда болуына септігін тигізіп, депутаттар корпусының құрамы жаңа талап бойынша өтетін сайлау арқылы жасақталады.
Сонымен қатар, халық және партиялардың арасынан саяси аренаға шыққысы келетін үміткерлер конституциялық реформалардың тиімді тұстарын пайдаланып, жүзеге асыруға мүмкіндіктер алып, ҚР Үкіметінің жаңарған құрамы жасақталады. Осы өзгерістердің нәтижесінде алдымыздағы жылдың орта шенінде еліміздегі Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың барлығы жаңаруы тиіс.
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, “Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы