Жаңалықтар

Жасыл экономика: Президент тапсырмасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленген болатын. Ол 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс. Ондағы – мақсат жасыл экономикаға көшу, қоршаған ортаны қорғау және ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың көлемін азайту. Осыған байланысты Newsroom.kz тілшісі ұлттық жобаны жүзеге асыру қандай нәтиже беруі мүмкін деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Мемлекет басшысы Қазақстан өңірлерінде көмірқышқыл газының бөлінуін азайту, шөлейттенуге қарсы күрес жүргізу үшін 5 жылда ормандарға 2 млрд-тан аса ағаш отырғызу, елді мекендерде 15 млн-нан аса ағаш отырғызу жөнінде тапсырма берген болатын.

«Біз жүргізіп жатқан саяси реформалар кешенді экономикалық реформалармен қатар жүруі тиіс әрі оған сенімдімін. Бұл тәсіл бізге орташа табыс тұзағынан шығып, дамудың келесі деңгейіне өтуге мүмкіндік береді. Сондықтан біз шын мәнінде нарықтық, еркін және бәсекеге қабілетті экономика құруға бағытталған Қазақстан үшін жаңа экономикалық бағытты жүзеге асырып жатырмыз. «Жасыл» экономиканы дамыту, энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия секторын дамыту біздің төмен көміртекті даму стратегиямыздың басымдықтары болады, ол 2060 жылға қарай нөлдік шығарындыларға азайтуға мүмкіндік береді», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде әлемде – табиғаттың ластану өзекті мәселенің бірі болып саналады. Соңғы 30 жылда Орталық Азияда орташа жылдық температура шамамен бір градусқа көтерілген. Сарапшылардың болжамынша, өзендегі сумен, биоалуантүрліліктің азаюы алаңдатарлық жағдай.

Осы жағдайды ескеріп, президент экология саласына баса назар аудару керегін айтқан.

«Экология – халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін өте маңызды сала. Бірақ еліміздегі ахуал ойдағыдай деп айтуға болмайды. Сауалнама кезінде қазақстандықтардың 48%-ы ғана экологиялық жағдайға көңіліміз толады деп жауап берген. Осыған байланысты жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Бұл – жұртшылықтың талап-тілегін ескеріп дайындалған жүйелі әрі кешенді құжат. Сондай-ақ кодекс озық халықаралық стандарттарға сай келеді», - деген еді былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Қазақстанда 2 млрд түп ағаш отырғызуға тапсырма берген.

«Бұл азаматтарымыздың тарапынан кең қолдау тапқан бастама болды. Жалпы бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды. Қоршаған ортаға ешқандай оң әсері жоқ, қаражатты құр игеруді көздейтін жасанды шараларға жол бермеу қажет. Сондықтан ағаш отырғызуға лайықты орындарды анықтау үшін ғалымдармен және жұртшылықпен бірлесіп, кәсіби талдау жүргізген жөн. Қоғамдық бақылау құралы ретінде интерактивті карта дайындау қажет. Сол арқылы экология саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен тиімділігін қадағалауға болады», - деді президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырды.

«Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау ісіне қажетті барлық көрсеткіштерді цифрландыру – маңызды міндеттердің бірі», - деген еді ол.

Ұлттық жобаның мақсаты халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құру, елдегі экологиялық жағдайды жақсарту болып саналады.

Ұлттық жоба 4 негізгі бағытты қымтиды:

1. «Таза Қазақстан» бағыты атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару, су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуді көздейді.

5 жылда 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыларды 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауға арналған 8 мыңнан аса контейнер орнату, олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 18%-дан 34% -ға дейін ұлғайту.

Су объектілерінің экожүйесін сақтау бөлігінде «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін іске асыру. Балқаш көлінің бассейнінде орналасқан өзендердің су көлемі мен өткізу қабілетін ұлғайту

2. «Үнемді Қазақстан» бағыты. Суды үнемді пайдалану арқылы 401 арнаны реконструкциялау, 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған.

2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында су жинау көлемі 1,7 текше шақырым болатын 9 жаңа су қоймасы салынады.

Бұл бағыттағы екінші міндет – өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жабдығын жаңғырту, бюджеттік сектордағы жарықтандыруды жаңғырту есебінен энергия тиімділігін арттыру.

3. «Табиғат» бағыты. Қазақстанда кемінде 65% болатын 2 млрд ағаш отырғызу әрі сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру.

4. «Экология болашағы» бағыты – қазақстандықтардың экологиялық білімі мен мәдениеті деңгейін арттыру.

Сарапшылардың болжамынша, жасыл жобаны жүзеге асыру Қазақстандағы экологиялық мәселелерді шешуге, тұрғындардың экологиялық білімі мен мәдениеті деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Фото: inform.kz