Жаңалықтар

Биыл өңірде өрттен зардап шеккендер саны азайды – Шапағатов

2022 жылы Абай облысында өрттен зардап шеккендер саны азайған. Бұл туралы облыстық ТЖД басшысы, полковник Манарбек Шапағатов айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.

Оның айтуынша, 8 айда 361 өрт оқиғасы тіркелген.

«Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға жоғары. Былтыр ұқсас кезеңде 314 өрт дерегі тіркелді. Алайда биыл 2021 жылға қарағанда өрттен зардап шеккендер саны 8,7%-ға азайды», - деді Манарбек Шапағатов.

Бүгінде облыстағы төтенше жағдайлар басқармасында 1 мыңға жуық маман еңбек етіп жүр.

«Штатта 967 қызметкер бар. Маман тапшылығы мәселесі өрт сөндіру көлігінің жүргізуші құрамына қатысты. Оны шешу үшін конкурстар жарияланады әрі «Ашық есік күні» іс-шарасы, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысамыз», - деді полковник.

Сондай-ақ Манарбек Шапағатов департамент балансында 161 техника барын атап өтті.

«Оның ішінде тозығы жеткен, қолданыс мерзімі 20 жылдан асқан 101 техника бар. Биыл 1 жаңа техника сатып алдық: КамАЗ базасындағы автоцистерна», - деді басшы.

Сөз соңында ол ТЖД қызметкерлерінің жалақысы мәселесіне тоқталды.

«Жұмысқа жаңа орналасқан өрт сөндіруші 140 мың теңге, ал 20 жыл еңбек еткен маман 230 мың теңге жалақы алады. Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндірушілердің жалақысын көтеру мәселесін қарастырып жатыр», - деді Абай облысы ТЖД басшысы.