Астанада өртеніп жатқан үйден 12 адам құтқарылды
Астанада өртеніп жатқан үйден 12 адам құтқарылды
Елордада үй өртеніп, 12 адам құтқарылды, деп хабарлайды Newsroom тілшісі.
Оқыс оқиға 13 қыркүйекте таңғы сағат 07:30-да Бұқарбай батыр көшесіндегі үйлердің бірі өртенген. Өрт болған жерге шұғыл жеткен Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үйдің кіреберісінен түтін шығып жатқанын, үйге кіргенде ас үй мен жиһаз жанғанын көрген.
«Сондықтан олар бірден тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылдаған. Осылайша, адамдарды эвакуациялаған. Нәтижесінде мамандар 12 адамды (оның ішінде 6 бала бар) өрттен құтқарып, 25 адамды (оның алтауы бала) қауіпсіз жерге көшірді. Өрттен қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», - деді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД-ның қызметкерлері.
Түтіннен уланған бір әйел мен қыз бала ауруханаға жеткізілген.
«Газдан уланған 83 жастағы әйел №1 қалалық ауруханаға, 18 жастағы жасөспірім №2 қалалық балалар ауруханасына жатқызылды. Үйдегі өрт ас үйден шыққан. Ол таңғы сағат 07.49-да толық сөндірілді. Оның шығуына қауіпсіздік ережесін сақтамау себеп болды», - деді ТЖД қызметкерлері.
Айта кетейік, жыл басынан бері Астанада төрт жүз қырыз бес өрт дерегі тіркелген. Салдарынан он адам қаза тауып, он бір адам зардап шеккен. Өрттің басым бөлігі үйден шыққан.
Оның негізгі себебі – пешті немесе электр құрылғыларын пайдаланғанда қауіпсіздік ережесін сақтамау.
Жыл сайын жылыту маусымы басталғанда өрт дерегі жиілейді. Қайғылы жағдайларды болдырмау үшін Астана қаласы ТЖД-ның қызметкерлері жер үйлер мен тұрғын үй кешендерін аралап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Бүгінде ТЖД базасында 174 техника бар: 68 негізгі техника, 37 арнайы техника, 69 қосалқы техника. Сондай-ақ жол талғамайтын «Трэкол» көлігі бар. Жалпы елордада 1500-ге жуық өрт сөндіруші жұмыс істейді.
Қазіргі таңда елдегі өзекті мәселелердің бірі – өрт сөндірушілердің жалақысының төмендігі. Осы жағдай ескеріп, Төтенше жағдайлар министрлігі 2023 жылдан бастап олардың жалақысын 40%-ға өсіруді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар елордада өртті болдырмас үшін тұрмысы төмен тұрғындардың тізімі жасалған. Астана қаласы бойынша бір мың екі жүз қырық тұрғын үй есепте тұр. Мысалы, Алматы ауданында – алты жүз он екі үй, Байқоңыр ауданында – екі жүз он үш үй, Есіл ауданында – жүз отыз төрт, Сарыарқа ауданында – екі жүз сексен төрт үй бар.
Сондай-ақ қалада бір мың екі жүз жетпіс бір үй жалға беріледі: Алматы ауданында – төрт жүз жетпіс үш үй, Байқоңыр ауданында – екі жүз алты үй, Есіл ауданында – жүз елу алты үй, Сарыарқа ауданында – төрт жүз отыз алты үй бар.
Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің мамандары өрт көбінесе электр жабдықтары мен пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болатынын атап өтті.
Сондықтан электр құралдары мен пештерді орнатқанда өте сақ болу керек. Техникалық талапқа сай келмейтін пештерді пайдаланбаған жөн. Бұл қайғылы жағдайды болдырмауға, жақындарыңыз мен туыстарыңыздың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қаласы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары астаналықтар мен қала қонақтарына өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға кеңес берді:
- Үйден шыққанда барлық электр және жылыту құрылғысын тоқтан ажыратыңыз және оны тексеріңіз;
- Жылыту құралдарын пайдаланғанда сақ болыңыз. Қолдан жасалған немесе ақауы бар электр құралдарын пайдаланбаңыз.
- Ақауы бар розеткаларды пайдаланбаңыз. Онда жағдай болса, оны жөндеу үшін маманды шақырыңыз.
- Сіріңкі, оттық және тағы басқа өртегіш құралдарды баланың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз. Оларды қараусыз қалдырмаңыз, қырағы болыңыз.
- Жер үйде немесе пәтерде жанғыш сұйықтық пен жарылғыш затты сақтамаңыз;
- Балконда немене лоджия жанғыш материалдарды сақтамаңыз әрі онда ескі жиһаз қоймаңыз.
- Төсекте темекі шекпеңіз.
Өрт қауіпсіздік ережесін мүлтіксіз сақтау апаттың алдын алып, қайғылы жағдайға жол бермеуге мүмкіндік береді.
Фото: Stan.kz