Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда полицейлер 2 баланы өлімнен аман алып қалды

Нұр-Сұлтанда полицейлер 2 баланы өлімнен аман алып қалды

Елордада полиция қызметкерлері 2 баланы құтқарды, деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.

Полицияға Молдағұлов көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінен қоңырау түскен. Тұрғындар үйдің төртінші қабатында терезе ашық қалғанын, пәтерде кішкентай балалар бар екенін айтып, көмек сұраған.

Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері шұғыл жеткен.

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, пәтердің есігі жабық болғасын тәртіп сақшылары бесінші қабаттың терезесі арқылы төртінші қабатқа түсіп, балаларды құтқаруға шешім қабылдаған.

«Полицейдің бірі тростың көмегімен төменгі қабатқа түсті. Оған әріптесі көмектесті. Ол төртінші қабаттағы пәтерге кірген. Онда полиция қызметкері 1 және 3 жастағы екі бала болған. Осылайша, тәртіп сақшылары қайғылы жағдайға жол берген жоқ», - деді Полиция департаментінің қызметкерлері.

Балалардың ата-анасымен түсіндіру жұмысы жүргізілді. Оларға балаларын қараусыз қалдырмауға кеңес берілген.

Айта кетейік, жыл басынан бері астанада балалардың терезеден құлап кетуінің 24 дерегі тіркеліп, 4 бала қаза тапқан. Былтыр қайғылы оқиғадан 2 бала қайтыс болған.

Мысалы, 2018 жылдан 2020 жылға дейін астанада 51 бала терезеден құлаған. Оның он үші қайтыс болып, отыз сегізі түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылған, ал 2018 жылы жиырма бір бала зардап шегіп, сегізі көз жұмған, он үші ауруханаға жатқызылды.

2019 жылы – жиырма бір бала зардап шекті, үшеуі көз жұмып, он сегізі ауруханаға жатқызылды. 2020 жылы – тоғыз бала зардап шекті, екеуі көз жұмды, жетеуі ауруханаға жатқызылды.

Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруынан болады.

Дәрігерлердің айтуынша, астанада балалардың терезеден құлау дерегі жиі тіркеледі. Себебі, қалада көпқабатты тұрғын үйлер көп.

Бір жылда Астанада терезеден құлаудың 40-60 дерегі тіркеледі.

Оқиғалардың басым бөлігі жазда болады. Терезеден құлап, қайтыс болған балалар – 2-7 жас аралығында.

Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері ата-аналарға сақ болуға кеңес береді:

- Үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмаңыз. Сіз үй шаруасымен жүргенде балаңыз, оған жақындауы, тіпті оған шығып кетуі мүмкін. Бұл қайғылы жағдайға себеп болуы ықтимал .

- Терезеге бекітілген москит торлары бос болатынын ұмытпаңыз. Оған бала сүйенсе немесе қолымен ұстаса, онымен бірге құлап кетеді.

- Балаңыз терезені өз күшімен аша алмауы үшін терезеге бекіткіш ортаңыз. Балаңызды жалғыз қалдырмаңыз.

- Бекіткіш немесе сақтандыру жабдығын орнату мүмкіндігі болмаса, бекіткіш тұтқаларды бұрауышпен оңай бұрап, қажет болған жағдайда бірден шығарып, алып тастай аласыз.

- Балаңыз өз күшімен терезеге шыға алмауы үшін орындықтарды, жиһазды терезеден алыс жерге қойыңыз.

- Балаңыз бөлмеде болса, терезені немесе балконның есігін ашпаңыз.

- Балаңызға терезеден даланы көрсеткіңіз келсе, оны мықтап ұстаңыз, оның шұғыл қимылына дайын болыңыз.

Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның айтуынша, 2020 жылы жазатайым оқиға салдарынан 364 бала қайтыс болған. Оның пікірінше, бұл жағдайда жауапкершілікті күшейту керек.

«Балалар үйде, аулада, алаңдар мен саябақтарда, жолдарда ересектердің қарауынсыз қалғанда қауіп-қатерге тап болады. Сондықтан ата-ана да, жергілікті атқарушы билік те инфрақұрылым қауіпсіздігіне баса мән беріп, қос тарап жауапкершілікті өзіне алуы керек», - деді ол.

Аружан Саин баланың балконнан, терезеден құлап кету қаупін азайтуға болады деген ұстанымда.

«Балаңызға деген жауапкершілікті сезініп терезелерді ашық қалдырмасаңыз, терезе тұтқаларын қойсаңыз, терезеге жақын жиһаз қоймасаңыз, баланы қараусыз қалдырмасаңыз кез-келген қауіпті алдын алуға болады. Балалар үшін қауіпсіз орта құрудағы жауапкершіліктің белгілі бір бөлігі билікке де жүктеледі», - деп түйіндеді сөзін Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Фото: Aikyn.kz