Жаңалықтар

Елден сыртта қалған отандастарымызды қорғау туралы кеңес өтті

30 қыркүйекте Игорь Роговтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Қазақстандағы адвокатура институтының құқық қорғау әлеуетін дамытуды, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің Қазақстан Республикасы азаматтарын одан тыс жерлерде қорғауды және оларға қамқорлық жасауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметін талқылауға арналған отырысы болып өтті. Бұл туралы newsroom.kz порталының тілшісі хабарлап отыр.

Аталған тақырыпта ҚР Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко баяндама жасады.

Комиссия жұмысына Қазақстан Республикасы билігінің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының өкілдері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, адвокатураның, білім беру және ғылым ұйымдарының, жұртшылықтың және БАҚ-тың өкілдері қатысты.

Комиссия отырысында адвокатураның құқық қорғау әлеуетін күшейту мен нығайтудың өзекті мәселелері Мемлекет басшысының «Әділеті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау, Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен, БҰҰ Адам құқықтары туралы халықаралық пактілерімен, Азаптауларға қарсы конвенциямен және басқа да ратификацияланған халықаралық шарттармен кепілдік берілген азаматтар мен өзге де тұлғалардың құқықтарын сақтау және қамтамасыз ету тұрғысынан талқыланды.

Комиссия төрағасы Игорь Рогов өз сөзінде құқық қорғау және арнайы, сондай-ақ сот органдарының қызметінде адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте ол өзінің назарын қылмыстық процесте тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығын нақты қамтамасыз етуге, адвокатура институтын құқықтық жүйенің ғана емес, елдің бүкіл азаматтық қоғамының аса маңызды тәуелсіз құқық қорғау институты ретінде нығайтуға ерекше аударды.

Бұдан әрі Комиссия төрағасы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік процестің барлық сатыларында өз құқықтарын тиімді қорғауды қажет ететін әрбір адамға білікті заң көмегін көрсететін адвокаттардың қызметінде адам құқықтарын қорғаудың маңыздылығы мен өзектілігін атап өткен.