Жаңалықтар

Мақсат Сқақов: Шерағаң адам жанының инженері еді

Мақсат Сқақов: Шерағаң адам жанының инженері еді

Жарықтық Шерағаң тірі болғанда, бүгін тоқсанға келген торқалы тойын туған елімен бірге тойлар еді.

Артында бөз қалдырмай сөз қалдырған “Тау тұлғаның” рухы жұртының алдында жыл өткен сайын биіктей беретіні сөзсіз.

Шерағаң адам жанының инженері еді. Бала күнімде оқыған “Қызыл Жебе” романы мені бірден баурап алды.

Оқыған сайын айызым қанды, рухы биік Рысқұл болып рухтандым, құс етім шығып, менің бала жүрегім тұғыры биік Тұрар болып талай рет тулады.

Адамдардың тағдырын айна қатесіз жеткізген авторға деген құрметім шексіз болатын. Себебі том тарихтың әр бетін парақтаған сайын енді не болар екен деген сезім, менің бала қиялымнан бір кетпейтін.

Шерағаның рухын сезінгіңіз келсе “Бір кем дүниені” тағы бір парақтап шығыңыз.

Қазақта “Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты”- деген сөз бар. Себебі ешкім арыстанның айбатына, жолбарыстың қайратына қарсы тұра алмайды екен.

Арапшадан аударғанда “ШЕР” деген сөздің қазақша мағынасы жолбарыс. Есімдердің ішінен  көп кездесетін “ӘЛІШЕР” деген сөздің мағынасы Әли жолбарыс деген теңеу. Ал “ШЕРХАН” болса жолбарыстың патшасы деген мағынаны білдіретін болып тұр.

Адамдардың сыртынан сөйлеу көп пенденің ісі. Ал ханға да қарағада қаймықпай мінін бетіне айту санаулы адамдардың ғана пешенесіне жазылған.

Шерағаң болса қазақтың маңдайына біткен жолбарыстай қайратты санаулы адамдарының бірі еді.

Шерағаңның артында қалған сөз көп. Ал тарихта, тұғырынан таймаған айбатты арыстанның алдында: “Араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады”-деп айту тек жолбарыстай қайратты тұлғалардың ғана қолынан келетінін дәлелдеді.

Шерағаң осы мінезімен халқының жүрегінде мәңгілікке қайратты тау тұлға болып қалды. Бөкейханов бабамыздың: “Елге қызмет білімнен емес, мінезден”-деген сөзінің өмірлік дәлелі болды.

Жатқан жерің жәйлі, топырағың торқа, иманың салауат болсын “Тұғыры Биік Тұранның Жолбарысы”…..

МАҚСАТ СҚАҚОВ

Фото: Stan.kz