Колледж жатақханасында көз жұмған студенттің туыстары бар шындықты жайып салды
Колледж жатақханасында көз жұмған студенттің туыстары бар шындықты жайып салды
Шымкентте М.Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында көз жұмған 1-курс студентінің туыстары бұл жағдайға оқу орнын кінәлап отыр. Олардың пікірінше, 16 жасар бала әлімжеттіктің құрбаны болған. Exk.kz дереккөздеріне сүйене отырып, Себебі жасөспірім күн сайын туыстарынан ақша сұрап келген, деп newsroom.kz хабарлайды.
Ұлдарын жер қойнына тапсырған туыстары колледжге келіп, шу шығарды. Оның соңы төбелеске ұласты. Бірақ бұл күні колледж басшылығы жұмыс орнында болмады. Білім мекемесіндегілер қара жамылған отбасыға көңіл де айтпапты.
Оқу орнына білім басқармасындағылар келіп, марқұм Нұрхат Дүйсеннің туыстарымен тілдесті.
Студенттің анасы ұлының өліміне колледждегі әлімжеттік себеп болғанына сенімді. Жасөспірім туыстарынан күн сайын ақша сұраған. Бірінен 2 мың, екіншісінен 5-10 мың теңгеге дейін алып келген. Анасының айтуынша, баладан әлдекім ақша талап етіпті. Бұл жағдайдан топ жетекшісі де хабардар болған көрінеді. Алайда ол бұған көз жұма қарапты.
[caption id="attachment_68825" align="alignnone" width="1080"] Фото: Exk.kz[/caption]"Колледждің бір мұғалімі келген жоқ. Кешірім де сұраған жоқ. Жалғыз ұлымды өлтіріп отыр. Мен ешкімді кешірмеймін. Ақша үшін өліп отыр ғой. Пәлен ақша әкелесің деп айтады балалар, бірақ атын айтпайды, қорқады. Дені сап-сау бала еді, ешқандай ауырмаған", — деді жатақханада көз жұмған студенттің анасы Айжан Қашағанова.
16 жасар жасөспірім ауылына соңғы барғанында бәрін жеңетінін айтып, тіпті жатақханадан шығуды жоспарлапты. Қасындағы балалармен бірге пәтер жалдайтын болып келісіп те қойған екен.
Ұлдарын білім алуға жіберіп, мәйітін алған ата-ана шындық жасырын қалмаса екен дейді.
Колледжде өзге студенттердің балалардан ақша жинайтынын Нұрхат Дүйсеннің туыс ағасы да растап отыр.
[caption id="attachment_68826" align="alignnone" width="1080"] Фото: Exk.kz[/caption]"Біз келсек не директор, не куратор жоқ. Барлығы денсаулығына байланысты демалыс алып, қашып кеткен. Беттесіп көргіміз келеді. Бұл бала неден қаза болды? Колледжге оқуға түскелі күн сайын 5-10 мыңдап ақша сұрайтын", — деді ол.
Қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева жатақхана ішінде күзет, дабыл түймелері мен бақылау камералары болғанын айтты. Оның пайымдауынша, студенттер арасындағы дау жатын бөлмелерде шыққан болуы мүмкін. Басқарма тарапынан тиісті комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, студент өлімі бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабымен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Полиция департаментінің мәліметінше, марқұм баланы қатарластары соққыға жыққан. Бірі кеудесінен, екіншісі иығынан ұрыпты. Осыдан кейін студент өзін нашар сезінген. Ондағылар жедел жәрдем шақырғанымен, ақ халаттылар келемін дегенше бала қайтыс болған.
Марқұм студент — отбасында жалғыз ұл. Төрт әпкесі бар. Түркістан облысы Түлкібас ауданынан Шымкентке білім аламын деп келген. Болашақта бағдарламашы болуды армандаған ол қолына диплом алып, жұмысқа орналасқан соң ауылдағы ата-анасын қалаға көшіруді ойлаған екен.
Студенттің бір әпкесі Шымкенттегі жоғары оқу орнында білім алады. Інісінен айырылып қалған ол енді өз өмірі үшін алаңдаулы. Анасына оқуын жалғастырмайтынын, құжатын алып ауылға қайтатынын айтқан. Өйткені әлдекімнің құрбаны боламын ба деп қорқады.
Фото: Exk.kz