Әскери борышын өтегендерге университетте оқуға толық грант беріле ме?
Әскери борышын өтегендерге университетте оқуға толық грант беріле ме?
Inform.kz дереккөздеріне сүйене отырып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әскери борышын өтегендерге білім гранты немесе жеңілдіктер қалай берілетінін түсіндірді, деп newsroom.kz хабарлайды.
«Қорғаныс министрлігі таяуда мерзімді әскери қызметке барған жас жігіттерге ҰБТ ұпайынсыз жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беру бастамасын көтерді. Осы бастаманы қолдаған ЖОО-лар оларға тегін грант беруге дайын екенін білдірген. Білім сарапшылары бұл бастаманың өзі Конституцияның 30-бабына қайшы келетінін айтады. Бұл бастаманы естідіңіз бе және оған байланысты позицияңыз қандай?», - деген сұрақ қойылды министрге орталық коммуникациялар қызметінде.
Өз жауабында С. Нұрбек Қорғаныс министрлігі мұндай ұсыныспен өздері жүгінгенін айтты.
Фото: ult.kz«Бұл жерде ескеретін екі жайт бар, біріншіден, біз грантты тек заңды түрде ҰБТ нәтижесі арқылы бере аламыз. Екіншіден, Қорғаныс министрлігі өзіміздің бірнеше университет, жоғары оқу орындарымен келіскен жағдайда, біз оған қарсы емеспіз. Шын мәнінде де, жастарымызды әскери қызмет атқаруға ынталандыратын тетіктер табуымыз керек. Өкінішке қарай, қазір көп жастар әскерге барғысы келмейді. Яғни әскери қызметтен кейін оқытуда халықаралық тәжірибеге сүйену керек, мысалы Израильде, АҚШ-та, Еуропа елдерінде, мына тұрған Өзбекстанның өзінде осындай тетіктер бар. Грант емес, сол университеттің өз жеңілдіктері немесе ақылы түрде түсу мүмкіндігін бере аламыз. Бірақ мемлекеттік грант тек ҰБТ негізінде беріледі. Сондықтан, бұл жерде заңбұзушылық жоқ. Конституцияны да, ҰБТ механизмін де бұзбаймыз. Жалпы әскерімізді, армиямызды, Қорғаныс министрлігін қолдауымыз керек», - деді Саясат Нұрбек.