Жаңалықтар

Жетісуда 663 өрт сөндіруші жұмыс істейді

Жетісуда 663 өрт сөндіруші жұмыс істейді

Еліміздегі жаңадан құрылған Жетісу өңіріндегі азаматтық қорғау басқармасында кадр тапшылығынан мәселе жоқ. Алайда азаматтық қорғау саласындағы қызметкерлерге әлеуметтік жағынан қолдау көрсетілуі керек.

Бұл туралы Жетісу облысы ТЖД басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қанат Алтынбеков айтты, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі.

Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірде 349 өрт дерегі тіркелген (2021 жылғы дерек – 315). Салдарынан 6 адам қаза тапқан (былтыр 8 адам көз жұмған).

«2022 жылы өрттен материалдық залал сомасы 22 млн 885 мың теңге болатын шығын келді (2021 жылғы көрсеткіш – 24 млн 315 мың теңге). Сондай-ақ биыл жалпы құны 14 млн 350 теңге болатын (2021 жылғы көрсеткіш – 13 млн 350 мың теңге) зат өрт болып жатқаннан орыннан шығарылды. Талдау барысында өрт дерегі 1%-ға азайғаны, өрттен қаза болғандар саны 25%-ға артқаны, оқиға орнынан материалдық заттарды шығару дерегі 7%-ға артқаны анықталды», - деді Қанат Алтынбеков.

Сондай-ақ басқарма басшысының орынбасары өңірде қанша өрт сөндіруші барына тоқталды.

«Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің штаттық саны 663 адамды құрайды. Жалпы басқармада мамандар тапшылығы мәселесі жоқ. Департаментте кадрлардың ауысуы процесі қалыпты жағдайда (зейнетке шығу, өз еркімен жұмыстан кету, басқа мемлекеттік органға ауысу және тағы басқа себептер). Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз ету (көтерме жәрдемақы, тұрғын үй төлемдері, коммуналдық төлемдер және тағы басқа), материалдық-техникалық жабдықтау мәселелері оң шешімін тапқанда кадрлардың тұрақтамауы мәселесі де шешіледі деп ойлаймын», - деді азаматтық қорғау полковнигі.

Қанат Алтынбеков Жетісу облысында қанша өрт сөндіру техникасы барын айтты.

«Бүгінде өртке қарсы бөлімшелерде 123 техника бар. Биыл бөлімшелердің қажеттіліктеріне, сондай-ақ өрт сөндіру көліктерін жаңарту үшін жергілікті атқарушы органға және республикалық бюджетке қосымша өтінімдер берілді», - деді Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары.

Сонымен қатар азаматтық қорғау полковнигі өрт сөндірушілердің жалақысына қатысты пікір білдірді.

«Офицерлік құрам жаңадан қызметке қабылдағанда 145 мың 828 теңге, ал қатардағы сержантар құрамы 104 мың 688 теңге жалақы алады. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық қызмет үшін 3 мың 739 теңге беріледі. Уақытылы өте келе еңбек өтілімен олардың жалақысы өседі», - деді Қанат Алтынбеков.

Еске салайық, 2022 жылғы 4 мамырда мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде 3 жаңа облыс құрылған еді: Ұлытау, Абай және Жетісу облыстары.

Жетісу облысының құрамына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары енді. Жаңа өңірдің аумағы – 118 мың 648 шақырым, халқының саны – 650 мың адам. Облыс орталығы – Талдықорған қаласы.

11 маусымда Жетісу облысы әкімі қызметіне Бейбіт Исабаев тағайындалды.

9 тамызда Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы лауазымын полковник Бауыржан Ізбасаров атқаратын болды.