Қуатты елдің ұлттық болмысы
Қуатты елдің ұлттық болмысы
Біз қоғам дамуының айрықша кезеңінде Президентіміздің бастауымен Жаңа әрі Әділетті Қазақстанды құрудың жолына түстік. Халық тарапынан қолдау тапқан конституциялық реформа бұған толық мүмкіндік берді.
Әділетті мемлекет – әділетті қоғам құру іс жүзінде көрініс табатын нақты идея. Бұл идея санаға терең орнығып, өмір сүру философиясының өзегіне айналуы үшін мемлекеттігіміздің іргесін қалаған ежелгі тарихи және мәдени құндылықтарды қайта жаңғырту басты міндет екенін сезінгеніміз жөн. Осы мақсатта ұлт ұясы Ұлытауда ғасырлар қойнауында сақталған рухты оятып, жаңа кезеңде басты бағдар етіп алдық. Өйткені Алтын Орда парадигмасы негізінде аз ғана уақыт ішінде Еуразия кеңістігінде қоныстанған халықтарды бір арнаға түсірген бірлік пен тұтастық идеясы жатыр. Ұлытауда жаңғырған ұлы рух мемлекетімізді кемел келешекке бастайтыны анық.
Сондықтан біз ұлттық мүддеге ғана жұмыс істейтін мемлекет моделін темірқазық етіп, алдымызға биік мақсат қойып, зор үмітпен алға жылжыдық.
Алдағы кезеңнің бізге жүктейтін басты міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Мәдениетсіз қоғамның дамымайтыны, рухани қазынасынан айырылған елдің еңсесі көтерілмейтіні бесенеден белгілі. Экономика мен саясатты қатар алып жүріп дамыту – уақыт талабы. Осы себептен саяси-экономикалық реформаларды және қоғамдық ой-сананы жаңғырту үрдісін жалғастырып, замана талабына бейімделген ұлттың жаңа рухани болмысын қалыптастырудың қажет екендігі белгілі.
Алтын Орданың атақты әміршілері мен Қазақ Ордасының даңқты хандарының ізі қалған жерде ұрпақ сабақтастығы жалғасын тапсын деген мақсатта Ұлттық құрылтай өтті. Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты. «Еліңе қарап, ертеңіңе қамдан» демекші, Президентіміздің Құрылтайда сөйлеген сөзінде ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беру қажет екені, жастардың бойында отаншылдық қасиет қалыптастыру керек екені атап айтылған болатын.
Технологияның адам өмірінің маңызды бір бөлігіне айналғаны мәлім. Онсыз өмірді елестету мүмкін болмай қалды. Алайда жаңа технология дамығанымен мәдениет пен көркем мінездің, имандылық пен адамгершіліктің деңгейі төмендеп, құлдырап барады. Қатыгездік, немқұрайдылық, зорлық-зомбылық, зұлымдық сынды адам болмысына жат мінез белең ала бастады.
Қазіргі кезде әлем халықтарының рухани дағдарыс кешіп отырғаны аян. Бұл дағдарыстан ең бірінші зардап шегетін – жастар. Жастар адамзаттық және ұлттық құндылықтардан алыстап, жат дүниелерге санасыз түрде кіріп кетіп жатыр. Тіршіліктің заңдылығы мен құндылықтардың орны ауысты. Соның салдарынан жастар рухани күйзеліске, ішімдік, есірткі сынды жағымсыз әдетке, жыныстық бейбастақтыққа, өзге де мәдениетсіздікке бой алдырып жүр. Біз бұл мәселені ашық айтып, ел болып, жұрт болып талқылауымыз керек.
Жастардың осындай қиын жағдайға түсуіне себепші болып отырған басты мәселенің бірі қоғамдағы әділетсіздік пен жұмыссыздық екені анық. Жастар санасында «сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсын» дейтін тоғышар, жаман пиғыл орныға бастады. Әділетті мемлекет болмай, берекелі қоғам құру мүмкін емес. Әділетсіздіктің түбінде жеке бастың мүддесін елдік мүддеден жоғары ұстау, жершілдік пен топшылдық жатыр. Соның салдары жемқорлық сынды қоғамды іштей ыдырататын індетке жол ашады. Ал одан шығар жол – адамның және қоғамның санасын өзгерту, көркем мінез бен мәдениетті дамыту. Сондықтан жастардың қарым-қабілетіне, еңбекке деген талпынысы мен іскерлігіне мән берілуі қажет. «Еңбек – ердің көркі, ер – елдің көркі» дейді халқымыз. Нағыз дер шағындағы, намысты қыз-жігіттердің жігерін жасытпау амалдарын жасау – іс тұтқасындағы азаматтардың парызы. Тасқыны тау қопаратын талантты жастар өнері мен білімін ұлтының ұпайын түгендеуге жұмсағаны абзал. Осы себептен жастарға қашанда тәуекелмен, сеніммен қарап, ертеңгі келешекке бүгін берешек болмау үшін жалынды жас толқынның батыл қадамына жол ашу қажет!
Жастар – ұлттың үлкен күші, еліміздің болашағы. Ұлттың заманға лайық мәдени коды жастардың жан тереңіне сіңірілуі керек. Осы себептен Президентіміздің тапсырмасымен болашаққа бағдар болатын Жастар концепциясы дайындалып жатыр. Бұл құжат арқылы жастар бойына сенім ұялайтын болады, ендеше, жастар да болашаққа сеніммен қарайды деген сөз.
ХХІ ғасырдағы ақпараттар тасқыны, жаңа технологияның қарқынмен дамуы, құндылықтардың өзгеруі тұтас қоғамға, оның ішінде жастарға әсер ететіні белгілі. Әлеуметтік желінің жастарға танысуға, араласуға, ақпарат алуға мүмкіндік бергенімен, жағымсыз мінезге де жетелейтініне куә болып отырмыз. Виртуалды әлемде мыңдаған адаммен араласып жүрген кейбір жастардың отбасынан бастап, туысқандарынан, жақын достарынан, елінен алыстап, туған жерінде өз-өзін жат санап, ұлттық болмысты былай қойғанда, адамдық табиғатынан ажырап бара жатқаны байқалады. Осының салдарынан біздің қоғамда да аномия және гедонизм орын алып, қоғамның түкпір-түкпіріне жайылып жатыр.
Өз уақытында ұлттың бойында жинақталған тәжірибе мен рухани құндылықтарға тиісті деңгейде мән берілмегендіктен адамның көркем мінезі мен қоғамдық мәдениеттің дамуы кейінге ысырылды. Соның салдарынан көшедегі жүріс өзгерді. Үлкен мен кіші арасындағы қарым-қатынас үзілді. Өзара құрмет азайды. Қоғамның рухани әлемінде бос кеңістік (вакуум) пайда болды. Біз «Кезенгеннің кезінен сақтан, сойқандының сөзінен сақтан» деген халық даналығын ұмыта бастадық. Енді өзімізге жат көзқарастар мен сенімдер, болмысымызға бөтен мінездер мен іс-әрекеттер сол бос алаңның орнын толтырғысы келеді. Ал бүгінде Батыс пен Шығысты жайлаған мұндай «ортақ мәдениетті» қалыптастыру мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибеден анық байқап отырмыз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өткен – өтті, өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді түзеуге жөн іздеу керек» деген болатын. Иә, біз қазіргі жағдайда осы күйімізді түзеп, өзіміздегі ұлттық құндылықты, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты қайта жандандырып, дала даналығын, бабалар сөзін негізге алып, қоғамдық өзгеріске бет бұруымыз керек. Сондықтан біз мақсат еткен басты саяси ұстаным – жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарды дамыту, ұлттық рухты күшейту.
Бұл ретте әлемдік құндылықтармен үйлестіре отырып ұлттық мәдениетті дамыту әлдеқайда тиімді болары сөзсіз. Жаһандық мәдениеттің ықпалында тұрған виртуалды әлемде және әлеуметтік желіде күнделікті алтын уақытын сарп етіп жатқан «қазіргі цифрлы адам» ұлттық мәдениет пен жаһандық мәдениетті бөліп қарастырғысы келмейді. Осы себептен екі мәдениет арасында байланыс құру қажеттігі туындап отыр. Егер біз қазірден бастап жастарымыздың білімін және интеллектуалдық деңгейін көтермесек, әртүрлі рухани дағдарысқа қарсы төтеп бере алатын мінез қалыптастырмасақ, мәдениетін дамытпасақ, қоғамдық иммунитет әлсірей түсіп, жастарымыз түрлі идеологияның жетегімен кете беретін болады. Бұл мәселе дер уағында шешілмесе, болашақта қатер болып алдымыздан шығары ақиқат.
Жаңа буынды жат дүниелерден арылту және ұлттық құндылықтардың негізінде қалыптасқан білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке мән беру – басты міндет. Ал құндылықты қалыптастыратын – Адам. Ұлтқа адал қызмет еткен, қоғамдық дамудың әрбір саласында еңбек сіңірген қайраткерлер мен талантты тұлғаларды таныту бағытында жұдырықтай жұмылып жұмыс істесек, жастар сырттан пір, басқа дүниеден тұлға іздемейді. Ал біздің тарихымыз тұғырлы тұлғаларға бай екені анық.
Бұл ретте ұлы Абайдың «Толық адам» концепциясына арқа сүйеуіміз керек. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп Абай толық адам сипатын атап көрсетеді. Осы үш ұғымнан туындайтын әділет, рахым, мейірім, ар-ұят, талап, еңбек, өнер сияқты қасиеттерге ерекше мән береді.
Біздің идеология «майданының» алдында өз тұлғамызды тәрбиелеу міндеті тұр. Абыз қаламгер Шерхан Мұртаза: «Сапаға айналмаған сан жеме-жемге келгенде сан болудан қалады» деген. Болашақ тұлғаларымызды жоғары мәдениеттің, яғни өзгеріске, жаңаруға және өзге мәдениеттермен ықпалдасуға мүмкіндік беретін ашық мәдениеттің негізінде қалыптастырған жөн деп санаймыз. Осы тұрғыдан келгенде, тұлға – өзге мәдениеттің өкілімен емін-еркін араласатын және өзінің құндылығынан алыстап кетпей, өзгемен байланысын жалғастыра алатын адам болу керек.
Ол үшін қарапайым ұстаздан бастап, биік мінберлерден сөз алатын лауазым иелері мына міндеттерді назарға алғаны жөн деп ойлаймыз.
Біріншіден, қоғамда нақты идея мен идеологияны жүйелеп қалыптастыру.
Екіншіден, қоғамдық мәдениет пен көркем мінезді дамыту.
Үшіншіден, үнемі үйренуге және жетілдіруге дағдылану жүйесін жасақтау.
Төртіншіден, жаңалыққа ұмтылатын сананы дамыту.
Бесіншіден, сапалы жұмыс істеуге ынталандыру және өз ісіне жауапкершілікпен қарауды үйрету.
Осының негізінде ұлттық құндылыққа негізделген білім және ғылым жүйесі жұмыс істеу керек. Өйткені Алаш зиялылары айтқандай, «Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі». Басқа жол жоқ. Сондықтан жастарды мәдениетке, отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа отбасынан, білім алып жүрген кезінен бастап баулу қажеттілігі туындайды. Еңбексүйгіштік, тәртіп, ұқыптылық, өзгені құрметтеу сынды қасиетке үйрету – бәріміздің ортақ міндетіміз. Ол үшін насихат айтып керегі жоқ, нақты бағдарлама мен үлгі болатын модель керек. Қазіргі таңда Скандинавия мемлекеттері мен Оңтүстік Корея сынды елдер бұл модельді қалыптастырып үлгерді.
«Қаймағы бұзылмаған қайран дінім...» деп Мұқағали ақын жырлағандай, атеистік қоғамда өмір сүрсек те имандылық пен адамгершіліктен баз кешкен жоқпыз. Халықтың саны аз болса да, ұлтымыздың мәдени коды бізді сақтап келді. Кітап оқитын, кітапты құрметтейтін, қаламгерлер қауымын сыйлайтын және қолдайтын ел едік. Көркем әдебиетті оқып мәдениетіміз дамыды, өнеріміз өрге шықты. Тіліміз әдебиет арқылы байи түсті, аясы кеңейді. Дәстүрлі өнер, музыка, театр, кино сынды өнер салалары әлемдік деңгейге көтерілді. Соның арқасында рухымыз сақталды. Демек бүгінде әлемдік деңгейдегі мәдени экспансияларға төтеп беру үшін берік ұлттық ұстаным керек. Барлық рухани саланы дамытудың жаңа жолына көшу – уақыт талабы.
Соңғы ширек ғасырда біз кітап шығарумен ғана айналыстық, бірақ көркем әдебиетті мемлекеттік деңгейде дамытуға толыққанды қолдау жасамадық. Қазіргі жастар өткен ғасырда, Тәуелсіздіктен бұрын жазылған шығармаларға үңіледі, әлі күнге дейін сол кітаптарды іздеп оқиды.Тәуелсіздік жылдарында жазылған шығармалар, елді елең еткізген туындылар саусақпен санарлықтай. Осы себепті біз ұлттық әдебиетті, мәдениет пен өнерді дамытатын және тың туындылар шығаратын Ұлттық қор құрып, талантты тұлғаларға қолдау көрсетуіміз қажет деген ұсынысты ортаға саламыз.
Дамыған елдің ешқайсысы кітап пен газеттен бас тартқан емес. Керісінше жаңа технология дамыған сайын баспа өнімі мен баспасөзге деген талап артып отыр. Ал біз жаппай цифрландыруға көшеміз деп қағаз өнімдеріне мән бермей кеттік. Бұл – терең ойланатын мәселе. Қазір ең ірі қала орталықтарының өзінде кітап дүкенін табу қиынға соғады. Біздің халық кітап оқитын, өнерге қызығатын ұлтқа айналуы керек.
Мәдениет пен өнер дамымай, адамдық көркем мінез де, қоғамдық мәдениет те дамымайды. Ал оны дамытатын әр саланың өкілдері – зиялы да, өнер адамы да, кәсіпкер де. Мемлекет кәсіпкерлер қауымын үнемі қолдап отырады. Бүгінде мемлекет-жекеменшік серіктестік арқылы мектеп, балабақша салған кәсіпкерлер бар. Өзінің тапқан табысымен мешіт, мектеп, балабақша салып, халықтың игілігіне сыйға тартқан меценаттарымыз да аз емес. Ендігі кезекте ауыл мен аудандарда, облыс пен қала орталықтарында кітапхана, мәдениет үйі, театр мен филармония, сол сияқты жастар орталығын салып беретін меценаттардың саны көбейсе деп армандаймыз. Шынтуайтына келгенде, әрбір кәсіпкер азамат батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, «елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып халыққа қызмет ету керек». Соның ішінде ұлттың мәдениетін көтеруді де естен шығармағаны жөн. Ол үшін тиісті органдар да меценат кәсіпкерлерді қызықтыратын және ынталандыратын жүйе жасақтай алса, қане?!
Сонымен қатар ауыл мен аудандағы, қала мен облыстағы халықтың санына қарай мәдениет ұйымдары желісінің ең төмен мемлекеттік нормативтерін қайта қарап, жұмыс істейтін жаңа нормативтерді бекіткен жөн. Бұл – өте маңызды мәселелердің бірі. Өйткені халықтың саны да, мәдениетке деген сұраныс та артып келеді. Бірақ оған жауап беретін ұйымдар аз.
Ақпарат саласында мемлекеттік тілдегі интернет-контентті дамыту – басты мәселе. Қазақ тіліндегі ұлттық мультипликация мен компьютерлік ойындарды интернет желісінде көбейту қажет. Бұл іске әу бастан-ақ жүйелеп кірісуіміз керек еді. Балаларға арналған «Балапан» телеарнасы жұмыс істейді. Ендігі кезек – жасөспірімдерге арналған телеарна. Рейтинг қуатын, жастарымызды адастыратын бейәдеп ток-шоуларға шектеу қойылатын уақыт жетті. Тоқсан жылдық тарихы бар республикалық «Балдырған» балалар журналы, «Ұлан» газеті сияқты басылымдарды жаңа сапаға көтеру – кезек күттірмейтін шара.
Жаңа Қазақстан идеясы – еліміздің келешек дамуының бағдары. Осы даму жолында біздегі этностардың басын біріктіретін – тіл саясаты. Бұл – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Қазақ тілі бұған дейін де ұлтаралық тіл болған. Кешегі Қазақ Ордасы, оның арғы жағындағы Ақ Орда, одан арғы әйгілі Алтын Орда мемлекеттерінің тілі қазақ тілі (қыпшақ тілі) болған. Ал Алтын Орданың Еуразия даласындағы ондаған этностың Отаны ретіндегі ұлы держава болғаны тарихтан белгілі. Алтын Орданың мемлекеттік тілі әлемдегі ең ұлы тілдің бірі ретінде халықаралық қарым-қатынас тілі деңгейіне дейін көтерілгенін сол заманнан жеткен жылнамалар мен өзге де жәдігерлер толық айғақтайды.
Ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген. Пайғамбардың өзі: «Мен көркем мінезді толықтыру үшін келдім» деген екен. Ендеше, мынандай екі фактор біздің қоғамдағы мәдениеттің түйінді проблемаларын шешетін негіздеме болар еді. Олар:
Біріншіден, ар-ұждан.
Екіншіден, көркем мінез.
Ар-ұят пен көркем мінез ішкі мәдениетке негізделеді. Көркем мінез бен мәдениеттің негізінде ұлттық мәдениет, дін, салт-дәстүр, әдет-ғұрып жатыр. Ал біздің салт-дәстүр ата-баба ұстанған дін мен дала даналығынан туындайды. Әрине, біз көтеріп отырған мәселенің барлығы ұлттық тәрбиеге негізделеді. «Тәрбие басы – тал бесік» деген сөз тегін айтылмаған. Ал ұлттық тәрбиенің қайнар көзі – фольклор, әдебиет, салт-дәстүр, туған топырағымызда дүниеге келген, ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары. Отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ар-намыс, сана-сезім және адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттері.
Бүгінгі таңда қоғамдық-саяси өміріміздегі діннің маңызы өзектілігін жойған жоқ. Дін ХХІ ғасырдың «мегатрендіне» айналып отыр. Көпұлтты және көпконфессиялы қоғамға негізделген және күрделі геосаяси жағдайда орналасқан Қазақстан үшін дін мәселесінің маңызы арта түспесе, кемімейтіні белгілі. Біз «әлмисақтан мұсылманбыз» деп тәрбие көрген, «ешкімнің ала жібін аттама» деп өсиет тыңдаған ұрпақтың өкіліміз. Азуы алты қарыс кеңес өкіметінің өзі атеизмді басты қаруы етіп, жас ұрпақты діннен алшақтатуға идеологияның бар тетігін қолданған кезеңде де құдайсыздық құрсауына іліккен жоқпыз.
Баршамызға белгілі дін жолы дегеніміз – мейірім мен сүйіспеншілік жолы. Өзіңді шексіз ғаламның бір бөлшегі ретінде сезіне отырып, Ұлы Құдіретпен санасу. Ендеше, соңғы жылдары түрлі жолмен әр салада тамыр жаюға қарекет жасап жатқан жат діни ағымдарға қатаң тосқауыл қойып, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін сақтауға аянбай үлес қосу ел патриоты ретінде әр азаматқа парыз. Бұл орайда имамдар мен дін қызметкерлеріне артылар жауапкершілік пен міндет аса ауқымды.
Сөзімізді қорытындыласақ, цифрлы технология дәуірінде жас ұрпаққа адамгершілік тәрбиесін беруге, ұлттық тәрбие беруге ел ертеңі үшін жанымыз ауырады деп есептейтін баршамыз жұмыла кірісуіміз керек.
Мәлік ОТАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі
Фото: tirshilik-tynysy.kz