Түркістан: Жетісайда жаңа базардың құрылысы жүріп жатыр
Түркістан: Жетісайда жаңа базардың құрылысы жүріп жатыр
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Түркістан облысы, Жетісай ауданында өртенген базардың орнына жаңа базардың құрылысы жүріп жатыр, деп newsroom.kz хабарлайды.
Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы күнделікті базар аумағын аралап, нысанның құрылыс жұмыстарын өз бақылауында ұстап отыр.
Бүгінгі таңда жаңа базар құрылысы қарқынды жүруде. Оған арнаулы 15 техника жұмылдырылған. 2500 шаршы метр аумақтың бетондау жұмыстары аяқталды. Техникалық тексеру нәтижесінде «жарамды» деп танылған екі сауда ғимаратының (бутиктердің) шатырлары ашылып, жаңартылуда. 16 сөренің орындары қазылып, бетондау жұмыстары қолға алынған.
Базардың инженерлік инфрақұрылымдары (су, кәріз, электр желісі, газ жүйелері) кезең-кезеңімен жасалып жатыр. Жетісай ауданына жақын Мақтаарал, Шардара, Келес, Сарыағаш және Қазығұрт аудандарынан 30-дан астам контейнер жеткізілді.
Айта кетейік, Жетісайдағы «Күлпаршын» орталық базары өрт қалдықтарынан тазартылып, жекеменшік базардың құрылыс жұмыстары басталды деп 4-қыркүйек күні хабарланған болатын. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен құрылыс жұмыстарының барысымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев танысып, кәсіпкерлермен кездесті. Базар аумағын аралап, базар басшылығына сауда нүктелерін кәсіпкерлерге жылдың төрт мезгілінде сауда жасауға қолайлы, өрт қауіпсіздігі толықтай сақталатындай етіп салынуды басты назарда ұстау керектігін жеткізді. Қазіргі таңда жаңа базар құрылысына 15 арнаулы техника жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстарымен «TAYMAS» ЖШС мен «Нұр-Л» ЖШС компаниялары айналысуда. Негізінен өрт талаптарын сақтау мақсатында «МПК ПРОЕКТ» ЖШС компаниясы су жүйелері мен кәріз жүйелерінің құрылысын жүргізуде. Сонымен қатар облыс әкімінің бірінші орынбасары орталық базардан бөлек зардап шеккен 29 жеке кәсіпкердің өртке оранған дүңгіршектері мен дүкендерінің жағдайымен танысып, арыз-шағымдарын қарайтындығын жеткізді. Базар басшылығы мен тиісті мекеме басшыларының қатысуында арнайы жиын өткізіп, нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге, облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтің төрағалығымен облыстық басқармалар мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшылары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшылары мен АҚ «Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы» өкілдері, екінші деңгейлі банктердің (Жусан банк,Нұр банк, Каспи банк, Халық банк) аудандық бөлімше басшылары мен «Ырыс» МКҰ ЖШС басқарма басшыларының қатысуында жиын өтті. Күн тәртібінде өрт салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің несие мерзімдерін уақытша тоқтата тұру және төмен пайызда көмек ретінде несие беру мәселелері талқыланып, нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен «Түркістан» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ, «Ырыс»МКҰ ЖШС басқармасына заң талаптарына сай «Күлпаршын» базарының зардап шеккен кәсіпкерлеріне жеңілдетілген несие бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, несие беру жолдарын қарастыруды, сондай-ақ «Ырыс» МҚҰ тарапынан берілетін жеңілдетілген несие лимитін толықтыру жұмыстарын жүргізуді туралы нақты тапсырма берді. Өрттен 600-ден астам саудагер зардап шегіп, мыңнан астам сауда нүктесі жапа шеккен. Келтірілген шығындарды өтеу бойынша арнайы қор құрылды.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі