Жас жазушы: Ахмет ұстазға бәріміз қарызбыз
Жас жазушы: Ахмет ұстазға бәріміз қарызбыз
Ғизатли Ахмет Байтұрсынұлының рухының алдында мұқым қазақ-қырғыз баласы мәңгі қарыздар-ды. Бұл қарыз — мерейтойы жақындаған сәтте “галочка” үшін өткізе салатын ұсақ-түйек жиынмен өтелмейді деп жазды белгілі жас ғалым Елдос Тоқтарбай өзінің фейсбук парақшасында.
Бірақ біз өзімізді ғана емес, келешек ұрпақты да осылай жеңіл-желпі “идеологиямен” алдап-сулап өсірдік, өсіріп келеміз… мұндай бассыздық әлі қанша жылға созыларын кім білсін?!
Дүниенің ақыл-ой иесі атанған небір данышпандардың туған жеріне барып, талай мәрте сүйсініп, әрі қызығып әрі қызғанып қайтқанбыз. Өзекті өртейтін өкініш сол — біздің елде не әл-Фараби, не Шоқан, не Ыбырай, не Абай өз тұғырына шықпаған.
… Алысты мысал қылмай-ақ тек Өзбек ағайынды алайық: тарихи тұлға, мемлекет негізін салушы — Әмір Темір, ұлттық ғалымы — Ұлықбек, ұлттық ақыны — Әлішер Науай. Міне, ұлттық болмыс пен идентификация. Жаһан ала шапанды ағайынды осылай таниды. Ал бізді қалай таниды? Біз әр тұлғаның жағасына жармасып жүріп, отыз жылды да өткіздік…Егер, Мемлекет басшысы расымен “Жаңа Қазақстан” орнатқысы келсе, ұлттық идеологияны — Алаш идеясымен нәрлендірсін. Алаш идеясы — Тәуелсіздік мұратын ұштайтын, әрбір азаматтың Отансүйгіштік қасиетін даралайтын нағыз ұлттық идеология. Ахметтей ғұлама туған Торғай, Сарытүбек, Ақкөл атырабын түрлендіру, дамыту — өзекті мәселе. Мұның бәрін Қостанай облысы бюджетімен шешу мүмкін емес. Сондықтан республикалық маңызы бар 3 қала мен басқа 13 облыс түгел Ахмет ұстаздың мерейтойына орай Торғай, Арқалық, Ақкөлге тарту жасасын. Жол, ғимарат, абаттандыру т.с.с. игі істерді жасасын. Мұның сыртында қалталы азамат, кәсіпкерлер де аянбай, ұлт ұстазының құрметіне деп осы қасиетті ұлт ұясы атанған өңірдің гүлденуіне үлес қосса екен дейміз… Ал енді бұқараға айтарым — Ахмет әкеміздің ұлағаты мол мұрасын балаларымызға жаттатып, өзімізде оқып, ой түйейік. Эстафета бастайық, жүрген жерімізде Алты Алаштың Абызын насихаттап, ұлықтап жүрейік.
Осымен сөз тәмам-тамат. Алаш рухы жасасын!!!