Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
3 қыркүйек, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

Дархан Сатыбалды Жетісайдағы өртенген базарға қатысты тапсырмалар берді

Дархан Сатыбалды Жетісайдағы өртенген базарға қатысты тапсырмалар берді

Дархан Сатыбалды Жетісайдағы өртенген базарға қатысты тапсырмалар берді
ашық дереккөзі
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Жетісайдағы «Күлпаршын» орталық базарынан 580 жүк көлігімен 3150 тонна қоқыс шығарылды, деп newsroom.kz хабарлайды. Жекеменшік базар өрт қалдықтарынан тазартылды. Базарды қалпына келтіру жұмыстары екі ауысымда, тәулік бойы жүргізілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға Жетісай базарының бүгінгі жағдайы баяндалды. Облыс әкімі нақты тапсырмалар берді. Аталған оқыс оқиға қайталанбауы үшін аудан, қалалардағы барлық базарлардың талапқа сай жұмыс істеуін қадағалап, қауіпсіздік шараларын тексеруді тапсырды. Өртенген базардың жаңа жобасы жасалды. Сауда нүктелері қолайлы әрі қауіпсіз етіп салынады. Оны тездетіп іске қосу үшін нысан аумағы 6 секторға бөлініп, әр секторда Жетісайға жақын орналасқан Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай және Қазығұрт аудандарының құрылысшылары жұмыс істейді. Базардың инфрақұрылымы жақсарып, жолы жөнделеді
– Халықтың мүддесін қорғау – бірінші мәселе. Сондықтан өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетуді тездету керек. Жеңілдетілген несие беруді шешіп, банкке қарызы барларды қолдау қажет. Қарызды қайтару мерзімін шегеру бойынша жұмыс күшейтілсін, – деді Дархан Сатыбалды.
Өртенген нысан жанындағы жұмысы тоқтаған базарды іске қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерлер қалауы бойынша сонда көшіріледі. Базарға өрт қауіпсіздігі бойынша мамыр айында тексеру жүргізіліп, бірнеше кемшілік анықталып, ескерту жасалған. Өрт қауіпсіздігіне байланысты талаптар сақталмаған. Оқыс оқиғаға байланысты полиция тарапынан тергеу жүріп жатыр. Өрт-техникалық сараптама, сот құрылыс сараптамасы жүргізілді. Шұғыл тергеу тобы құрылған. Өрттен 600-ден астам саудагер зардап шегіп, мыңнан астам сауда нүктесі жапа шеккен. Келтірілген шығындарды өтеу бойынша арнайы қор құрылды. Айта кетейік, 27-тамызда Түркістан облысы, Жетісай қаласындағы «Күлпаршын» базарындағы өрттен зардап шеккен кәсіпкерлер мен саудагерлерге қолдау көрсету мақсатында Түркістан облыстық мәслихаты үндеу жариялаған болатын: «Қымбатты жерлестер! Құрметті ірі бизнес өкілдері! Біз Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары атынан өрт салдарынан зардап шегіп, қиындыққа тап болған Жетісай орталық базары кәсіпкерлері мен саудагерлеріне көмек көрсетуге шақыру мақсатында ҮНДЕУ арнап отырмыз. Апаттың айтып келмейтіні – ақиқат. Сондықтан осы қиындықта біз, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып, бірлікті ту еткен ел екенімізді дәлелдеуге тиіспіз. Еліміз ортақ, жеріміз ортақ, яғни, жетісайлық бауырларымыздың басына түскен бұл ауыр жағдай да бəрімізге ортақ. Ендеше барлығымызға азаматтық таныта отырып, қолымыздан келгенше зардап шеккен бауырларымызға жан-жақты материалдық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету – басты парызымыз болып табылады. Қазіргі таңда Түркістан облыстық мәслихаты зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында арнайы ұйымдастыру іс-шараларын шұғыл бастап кетті. Осы орайда біз өңіріміздің барлық бизнес өкілдерін, қалталы азаматтарымыз бен жомарт жандарды көмек көрсету жұмыстарынаатсалысып, мүмкіндігінше қаржылай көмек беруге шақырамыз. Дана халқымыз «Біріккен бітіреді, ұйымдасқан – ұтады» демекші ынтымағымызды ту етіп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетейік, ағайын!», делінген мәтінде. Жетісайдағы өртенген базар кәсіпкерлеріне шығындарын өтеу мақсатында қор ашылды. «Түркістан» Корпоративтік әлеуметтік даму қоры арқылы тілсіз жаудан жапа шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетуге болады. Ал, 30-тамызда “Күлпаршын” орталық базарын өрт қалдықтарынан тазалау жұмыстары бойынша 170-ке жуық жүк көлігімен 430 тонна қоқыс шығарылды деп жарияланды. Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен базардың жаңа жобасы жасалып жатыр. Сауда нүктелері кәсіпкерлерге жылдың төрт мезгілінде сауда жасауға қолайлы, өрт қауіпсіздігі толықтай сақталатындай етіп салынатын болады. Базарды тездетіп іске қосу үшін нысан аумағы 6 секторға бөлініп, әр секторда Жетісайға жақын орналасқан Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай және Қазығұрт аудандарының құрылысшылары жұмыс істейді. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі