Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
29 тамыз, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

Шындық түгел айтылмаса – ол қауіп

Шындық түгел айтылмаса – ол қауіп

Шындық түгел айтылмаса – ол қауіп
ашық дереккөзі

Танымал әдебиет сыншысы, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбекпен отызыншы жылдардың ақтаңдақтары ақиқатына бүгінгі күннің көзқарасы тұрғысында ой бөлістік.

- Құлбек аға, өткен тарихқа баға беретін – бүгінгі, ертеңгі буын ғой. Осы тұрғыдан алғанда кешегі отызыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргін, кәмпескелеу, аштық т.б. қазақ халқының басынан өткен қиын-қыстау күндердің ақииқатын ашып көрсету маңызды ғой. Аталған тақырыптарды зерттеу барысында сіздің ойыңызша шынайы шындық ашылып жатыр ма? Отызыншы жылдар ойраны жаппай тигенімен әр өңірде өзіндік ерекшелік те болды ғой. Оңтүстік өңірлерде бұл қалай өтті? Осы жөнінде кеңірек тарқатып айтып берсеңіз?

- Иә, әр өңірде өзіндік ерекшелігі болды ғой. Мұны асықпай, кеңінен тарқатып, дерек-дәйегімен ұсынуым керек. Жалпы Бейбіт Қойшыбай, Мәмбет Қойгелдиев, марқұм Талас Омарбеков қатарлы тарихшылар аталған тақырып бойынша көп зерттеулер жасады ғой. Бір ерекшелеп айтарымыз, біздің тарихшы, зерттеушілеріміздің көбі отызыншы жылдардағы зобалаңды «Орыстар, орыстар», - деп, Мәскеуден көре беретіні бар. Бұл шындығында – жауапкершіліктен құтылудың оңай жолы ғой. Ашаршылық – әрине Мәскеуден ұйымдастырылады ғой. Ол – анық. Бірақ бұл – қазақтың сатқындығынан болған ашаршылық. Соның бәрін әдемілеп айтып, дәлелдеп жеткізу керек. Тырп еткізбейтіндей қылып жазу керек қой. Егер мұндағы басты сатқынды айтсам – өре түрегеледі. Мен бұл жағдайды айтып та келе жатырмын. Өре түрегелетіндер өре түрегеліп те келе жатыр. Маған неше түрлі аяқтан шалуларды да ұйымдастырады. Бірақ мәселе мынада ғой: біз өз шындығымызды бүгін өзіміз айтпасақ, өз шындығымызды өзімізден жасырсақ, осының бәрін Мәскеуге жауып қоя салсақ деу – дұрыс па? Бүгінгі күні де сатқындар шығып жатыр ғой? Сатқындар ертең де шығады. Сондықтан да халқымыздың қырық сегіз пайызын жалмаған аштық туралы бүгін ашығын айтпасақ болмайды. Өліп қалса да амал жоқ, ашығын айтуға тура келеді. Ертеңгі күніміз үшін, соны жамандай беру немесе басқа рудың адамын жамандау үшін емес. Ау, ертең тағы да солардай сатқын шықпау үшін бүгін ашығын айту керек. Мына қоғамың қоғам болмай бара жатыр ғой.

Шындықтың ішінде жартылай шындық қауіпті. Шындық егер ол толық айтылмаса қауіпке айналады.

- Әр дәуірдің көрнекті саяси, тарихи тұлғасының тағдыры өз дәуірінің қазанында қайнап қалыптасады ғой. Олардың тағдыр жолын сол дәуірдің индикаторы десек те болар. Осы тұрғыдан алғанда сол дәуірдің адамдарына бүгінгі күннің көзімен қарап баға беру қаншалықты дұрыс деп білесіз?

Бұл – дұрыс. Бұған жауапты мен «Келбет» деген кітабымда бердім. Соның бірінші тарауын оқысаң, түсінесің де қоясың. Мысал үшін Сәбит Мұқановтай қазақ халқына адал қызмет еткен адам жоқ. Және де Сәбит Мұқановтай Алашордасы бар, басқасы бар – соларды күйретіп, солар арқылы қазақ руханиятына залал келтірген де адам жоқ. Былайша айтқанда «елу де елу» деген сөз.

 width=

- Сонда кілтипан біздің тұлғатанудағы ұстанымымызда болып отырғаны ғой? Кешегі социалистік реализм әдебиетінде жағымды, жағымсыз образ дейтін ұстанымдар болушы еді ғой. Бір кейіпкер жақсы болса, шығарманың өне бойында ол туралы ешбір жағымсыз мазмұн болмайтын, ал жағымсыз кейіпкер әрдайым ұнамсыз қалыпта болатын қалып күйді мектеп оқулығынан-ақ қабылдап үлгердік. Мүмкін қазір де содан әлі ұзап кетпеген болармыз. Сәбең тұлғасына қатысты тұжырымыңыз оқырманға ой салары анық қой. Біздің жалпы тарихи тұлғаларға қатысты ұстанымыз осылай болуы тиіс болар?

- Бізде бір жаман әдет бар. Бір адамды сынаса, сынайтындар түгін қоймай сынайды. Жақсылығын көрмейді. Ал сыпыра мақтайтындар бірыңғай жақсылығын жазады да жамандығын көрмейді. Бұл дұрыс емес қой. Адамның өмірі жақсылықтан, жамандықтан, жетістіктен, кемшіліктен тұрады. Сондықтан-ғой, бізде мынау тұлғатану ғылымының дамымай қалғаны. Бір тұлғаның бойында болуы мүмкін кемшілік пен бар жетістікті мидай араластырып, мипалау жасап талдамаймыз. Бар пәле осыдан. Соны сезінбей «Сәбит Мұқанов өйткен-бүйткен» деуге бола ма? Ау көкем-ау, Сәбит Мұқанов деген – қазақ халқына жастай аға болған тау тұлға ғой. Ал енді советтік заманның саясаты: «Өй давай, мына науқанды жүзеге асырыңдар!» - деп бұйырған кезде одан аман қалған адам жоқ қой, айналайын! Оның ішінде Мұқанов та, Мүсірепов те, Тәжібаев та, бәрі-бәрі бар.

- Ол бір ер басына күн туған сынақты кезең ғой. «Өзен суында құрғақ тас жоқ» дегендей, сол зобалаңды кезеңде қандай да бір пендешіліктен ада адам жоқ деуге болады ғой?

- Менің әкем Бейсенбай Кенжебаев – құдай сақтап осыдан аман екен. Әйтпесе отыз жетінің зобалаңдарынан аман адам жоқ, көкем! Бейсенбай Кенжебаевта да кемшілік болады. Ол да адам ғой, көкем-ау! Сондықтан мұндай күрделі нәрсеге талдау арқылы келу керек. Себеп пен салдарда екеуін бірдей бағамдау керек. Сол кездегі олар өмір сүрген орта, сонымен қатар Мәскеудің тапсырысы дегендерді бағамдап, салмақтау, қорытындылау керек. Мәскеу тапсырыс берген кезде басшы қызметте отырмаған, орынбасар дәрежесіндегі Бейсекеңдер ара-тұра үнсіз қалуы мүмкін. Бірақ әр саланың бірінші басшы үндемей қала алмайды ғой. Үндемей қалса ертеңінде әуелі атып жібереді. Мұндай мәселеге осылай қарау керек. Мен Сәбит Мұқановты сынауға ешқандай қарсы емеспін. Мәселен Сәбит Мұқановты талдай отырып сына. Жақсылығын да көрсет, жамандығын да көрсет. Жамандығын әшкереле, ал жақсылығын, оның жазған шығармасын талда. Сәбит Мұқанов – өз кезеңінің шындығын берген, былайша айтқанда әдебиетті елу жыл өрге сүйреп келген жазушы ғой.

- Құндылықтарға деген әр дәуірдің өз көзқарасы бар ғой. Яғни дәуірлер алға озған сайын кешегі, бүгінгі күннің елеулі деп таныдған оқиғаларына, тұлғаларына деген көзқарас та өзгеріп отыратыны ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда кеңестік кезеңнің тарихи танымал тұлғаларына көзқарас қалай болмақ деп білесіз?

- Ендігі жерде халық санасында елу жыл өмір сүре ме, жоқ па, оны бір құдайдың өзі біледі. Ал Сәбеңнің шығармашылық ықпалымен әдебиетімізге толқын-толқын жазушылар келді. Бүгінгі жазушылардың шығармашылығы да сол Мұхаң, Сәбеңдердің үлгі-өнегесімен ұласып жатыр. Әлгі «Шекспирдің шекпенінен шықтық» немесе «Гогольдің шинелінен шықтық» дейтін ұғымдар бар емес пе, шетелде? Қазақтың әйгілі жазушысы Оралхан Бөкейдің де осыған қатысты мынадай бір айтқан сөзі барын ескерген жөн: «Мұхтар Әуезов – жоғарғы мектеп, Сәбит Мұқанов – орта мектеп. Орта мектептен өтпеген адам жоғарғы мектепке қабылданбайды ғой». Образын айтқан ғой.

- Тамаша пайым, аға. Отызыншы жылдардың ақтаңдақ парақтарын айқара ашу – бүгінгі күнде ардың жүгін арқалаған аға буынның алдында тұрған, алпыс атанға жүк болғандай парыз ғой. Осы парызды орындау жолында лайықты еңбек етіп келе жатқан зиялыларымыздың бірісіз. «...Бәрі бірдей маржан болмас, бәрі бірдей арзан болмас, бедерсізі өшер, бедерлісі қалар. Қалғаны халқымен бірге жасар...», - деген өз тұжырымыңызбен бүгінгі сұхбатымызды аяқтасақ дейміз.