Түркістан: Депутаттар халық қалаулысы 200-ден астам баланы мектеп формасымен қамтыды
Түркістан: Депутаттар халық қалаулысы 200-ден астам баланы мектеп формасымен қамтыды
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Түркістан облысында «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы жалғасып жатыр, деп newsroom.kz хабарлайды.
Аталған шара аясында Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты Д.Кубеев қабылдауда болған әлеуеті төмен отбасылардың балаларын, сонымен қатар Т.Рысқұлов, «Болашақ» мектеп-лицейлері және О.Жандосов ЖОМ, Қазығұрт ЖОМ оқушыларын, жалпы саны 145 баланы мектеп формасымен қамтып, елдің алғысына бөленді.
– Біздің мұндай шараларды жариялаудағы мақсатымыз – фракция мүшелерінің, партия мүшелерінің қайырымдылықтарын жұртқа жария етіп, мақтану немесе біреуге жақсы көріну емес, елдегі көмекке шын мұқтаж жандарға сәл де болса қуаныш сыйлау, мейірім беру. Мейірімді болуға айналамыздағы азаматтарды да үндеу, – дейді Д.Кубеев.Мұндай іс-шара Сарыағаш ауданында да өтті. «AMANAT» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының ұйымдастыруымен және Түркістан облыстық мәслихат депутаттарының демеушілігімен 60 балаға мектеп формасы мен оқу құралдары жинақталған сөмкелер үлестірілді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін науқанға белсенділік танытып келе жатқан халық қалаулылары – Алмас Салимов, Жомарт Әбдібаев, Роллан Шеримов бұл жолы да тыс қалмады. Облыстық мәслихат депутаттары бірлесіп аз қамтылған және көпбалалы жанұяларға өз қаражаттары есебінен 2 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсады. Әр бала 1 сөмке және 30 мың теңге көлемінде мектеп формасы үшін қаржылай көмекпен қамтылды. Шараға облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев, аудандық филиалдың Атқарушы хатшысы Құдірет Қыстаубаев, аудандық мәслихат депутаттары Дана Оспанова, Гүлжазира Ізбасарова, Замира Ибадуллаева, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Нұржан Мұтаев қатысты. Д.Оспанованың ұйымдастыруымен талантты балалардан құралған топтардың өнері тамашаланып, жиын концерттік бағдарламамен ұласты. Б.Тәжібаевтың айтуынша, «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясы аясында 15-26 тамыз аралығында облыс аумағында 1500 оқушыға әлеуметтік қолдау көрсетілген. Жұртшылық демеушілерге ризашылықтарын білдіріп жатыр. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі