Елімізде ажырасу фактілері азаюы үшін мемлекеттік органдар мен мамандандырылған орталықтар жүйелі жұмыс істеуі керек. Бұл туралы қоғам белсендісі Тимур Казьмин айтты, деп newsroom.kz хабарлайды.
Заман өзгерген сайын адамдардың отбасы құндылығына қатысты ойы да өзгереді. Тимур Казьминнің айтуынша, қазіргі таңда кейінгі ұрпақ толеранттылық пен таңдау еркіндігіне мән береді.
«Үйленетін жігіт өзінің мойнына үлкен жауапкершілік артылғанын толық сезінуі керек. Менің ойымша, ер адам – отағасы, отбасының асыраушысы, әйелі мен балалары үшін негізгі жауапты адам. Сондықтан жалқаулық, бейқамдық сияқты қасиеттерден барынша арылып, еңбекқорлық, шыдамдылық пен төзімділікті серік қылғаны абзал. Сәйкесінше, тұрмыс құруға шешім қабылдаған қыз – үйдің берекесі, отбасының ұйтқысы, ардақты ана және адал жар болу жауапкершілігін толық сезінгені жөн», - деді қоғам белсендісі.
Сондай-ақ ол еліміздегі ажырасу мәселесіне қатысты пікірін білдірді. Оның алдын алу шараларына тоқталды.
«Қазақстандағы әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. Бұл мәселе жыл сайын артып келеді. Танымал американдық әлеуметтанушы мен психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. Бір АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 миллион отбасы ажырасады екен. Қазақстанда ажырасу факторын болдыртпау үшін жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс. Ажырасу - отбасының ойрандалуы, арада бала болса, оның да тағдырдың бұзылуы. Ажырасуды болдыртпау үшін ең бірінші, оның орын алу себептерін анықтау керек. Жас отбасылардың ажырасуы да өзекті мәселе. Осы орайда мемлекеттік органдар мен мамандандырылған орталықтардың рөлі өте маңызды», - деді Тимур Казьмин.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде «Жария» Халықаралық орталығы» қоғамдық қоры «Жастар арасында отбасы құндылықтарын қалыптастыру» жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба Ақпарат және қоғамдық даму министірлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қаржыландыруымен жүргізіледі.