Сарапшылар Орталық Азиядағы cу мәселесін талқыға салды

20 Қараша, 2019 111 0

Алматыда сарапшылар Орталық Азиядағы жерді қолдан суару жүйесін талқылап, бұл мәселеге қатысты өз пікірлерімен бөлісті.

«21 ғасырдағы жерді қолдан суаруды жаңғырту бойынша өңірлік бастамаларға қадам» атты екікүндік  семинарға Орталық Азияның 5 мемлекетінен келген 80 сарапшы қатысты.

Су мәселесі Орталық Азия елдерінің экономикасы үшін маңызды сала болып саналады. Ауыл шаруашылығы ЖІӨ шамамен 11% құрайтын Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстанда ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын 10 млн га жер суға мұқтаж. 

Орталық Азия мен Қазақстандағы жерді қолдан суаруды жаңғырту алдағы 10 жылда 20%-ке, 2050 жылға қарай 50%-ке артады деп жоспарланып отыр.

Тиімді қолдан суару саясаты су ресурстарына жұмсалатын күшті үнемдеуге септігізін тигізеді. Бұл Орталық Азия елдері үшін маңызды болып саналады.

Осы ретте қолдан суару жүйесін жаңғырту Қазақстан үшін өзекті. Себебі, бұл мәселе шешімін тапса, елдің аумағындағы игерілетін жер мен суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

«Бізге Орталық Азияда жерді қолдан суару жүйесін жетілдірудің тиімді әрі инновациялық әдістері қажет. Мен семинардың тың идея мен шешімдер табуға көмектесетініне, сондай-ақ, Орталық Азиядағы су және азық-түлік қауіпсіздігін арттыру бойынша жұмыстарды нығайтады деп сенемін», – деді Қазақстандағы дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто.

Ал ҚР геология және табиғи ресурстар министрлігінің су ресурстары комитеті төрағасы Арман Тұрлыбектің пікірінше, өңірдегі суармалы жерлер әлі де өзінің экономикалық әлеуетін толық пайдаланбай келеді. 

"Бұл төменгі өнімділік пен өндірістік-тұрмыстық жүйенің әлсіз дамуына алып келеді. Біз өз шаруаларымызға сапалы суару қызметін ұсынуға тиіспіз. Оны су шаруашылығы ұйымдарының әлеуетін арттыру арқылы жүзеге асыруға болады», - деді ол.

Айта кетейік, «21 ғасырдағы жерді қолдан суаруды жаңғырту бойынша өңірлік бастамаларға қадам» атты семинар Орталық Азиядан келген мамандардың басын қосып, білім мен тәжірибе алмасуға, серіктестікті нығайтуға бағытталған алғашқы шара болып саналады.

Тәжірибелік семинарды Орталық Азияға арналған су-энергетикалық бағдарламасы (CAWEP) мен су қауіпсіздігі және санитария бойынша жаһандық серіктестік ұйымдастырды.

Тегтер: ОрталықАзия, сумәселесі, сарапшылар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.