Жаңалықтар

Бүгінде қоқыс өңдеуде 300-ден аса компания жұмыс істейді – сарапшы

Бүгінде қоқыс өңдеуде 300-ден аса компания жұмыс істейді – сарапшы

Жыл сайын қоқыс өңдеу саласында жұмыс істейтін компаниялар саны көбейіп жатыр. Қазір осындай компанияның саны 300-ден асты. Бұл Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқарудағы мемлекеттік саясат департаментінің бас сарапшысы Назгүл Алимсурина айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде қалдықтарды өңдеу – елдегі өзекті мәселелердің бірі.

«Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 2020 жылы Қазақстанда қоқыс өңдейтін 218 кәсіпорын болған. Қазіргі таңда олардың саны 372-ге жетті, яғни қоқыс өңдейтін кәсіпорындардың көбейгенін байқауға болады. Бұл салаға инвесторлардың келіп жатқанын көрсетеді», - деді бас сарапшы.

Назгүл Алимсуринаның пікірінше, қалдықтарды басқару, өңдеу, сұрыптау саласы –экономиканың басым секторларының бірі.

«Бүгінде мемлекет тарапынан қолдау шаралары бар. Оның ішінде қоқыс өңдеу саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау бар. Мысалы, кредит немесе субсидия беру. Сондықтан қалдықтарды сұрыптау және өңдеу кәсіпкерлерді қызықтырмайды деген пікір шындыққа жанаспайды деп ойлаймын. Сондай-ақ жоғарыда салада жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың көбейіп жатқанын айттым», - деді ол.

Бас сарапшы қоқыс өңдеуде инфрақұрылым қалыстаспаған деген пікірмен келіспейтінін атап өтті.

«Астананы мысалға алайықшы. Қалада қалдықтарды бөлек жинауға арналған инфрақұрылым жүйесі қалыптасқан. Жер үйлер және көпқабатты тұрғын үйлердің аумағына жасыл және сары контейнерлер қойылды. Экологиялық кодекске қалдықтары бөлек жинау нормасы енгізілді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар өз құзіреті шеңберінде саладағы тиісті инфрақұрылымды дамытып жатыр», - деді Назгүл Алимсурина.

Ол бұл мәселеде халықтың экологиялық сана-сезімін қалыптастыру керек деген ұстанымда.

«Әрбір қазақстандық үйдегі қалдықтарды бөлек жинау керек. Осылайша, саладағы мәселерді біртіндеп шешеміз. Өз кезегінде әкімдіктер тұрғындардың экологиялық сана-сезімін қалыптастыру үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, осы бағыттағы жұмысты күшейту керек», - деді маман.

Назгүл Алимсурина қоқыс өңдеу саласында айтарлықтай жетістікке жеткен Еуропа елдерін мысалға келтірді.

«Қазақстанда қоқысты сұрыптап жинап жатқанымызға тек 6-7 жыл болды. Бұл уақытта халықтың қалдықтарға қатысты пікірін өзгерту өте қиын. Мысалы, Еуропа елдері бұл салаға көп уақытын жұмсады. Ал біз жұмысты енді бастап жатырмыз. Қазіргі ұрпаққа қоқысты сұрыпта жинаудың маңызын түсіндірсек, келесі ұрпақ қалдықтарды бөлек жинайтын болады», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, қалдықтар сұрыптауды әркім өзінен бастауы керек.

«Әрбір адам үйіндегі балаларына, ата-аналарына, туысқандарына қалдықтарды бөлек жинауды үйретсе, біз қоқыс өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеміз. Бұл саланың дамуына серпін береді деп ойлаймын. Мұны мен неге айтып отырмын? Егер біз сары контейнерге таза қалдықтарды (қағаз, пластик, шыныны) тастасақ, кейін оларды өңдеу айтарлықтай жеңіл болады», - деді Назгүл Алимсурина.

Бас сарапшы бүгінде қазақстандықтар бұл контейнерге қоқыс дұрыс тастамай жүргенін ашық айтты.

«Қоқысты сұрыптаумен айналысатындар тұрғындардың экологиялық сана-сезімі қалыптаспағанын айтады. Мысалы, олар сары контейнерге кез келген қоқысты тастай салады. Нақтырақ айтсақ, сұйықтығы бар пластикті қоқысқа тастайды. Оны тазалап тастауға болады ғой. Менің ойымша, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қалдықтарды сұрыптастау жұмысын күшейту керек. Бұл жұмысқа тек министрлік емес, бәрі кірісуі керек. Себебі, жұмыла көтерген жүк жеңіл», - деді ол.

Сонымен қатар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздегі қоқыс полигонының саны мен оған тасталатын қалдықтың көлемін азайту үшін 6 қалада (Астана, Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Қарағанды) қоқыс жағатын зауыттарды салуды жоспарлаған. Олар 2025 жылдың соңына дейін салынуы керек. Жобаға қаржыны инвесторлар құяды. 6 зауытты салу үшін кемінде 180 млрд теңге инвестиция тарту қажет.

Сарапшыларың пікірінше, жаңа зауыттар қоқыс полигонының саны мен ондағы қалдықтардың көлемін азайтуға мүмкіндік береді.

«Бүгінде бұл жоба тоқтап тұр. Жаңа Экологиялық кодексте тиісті тетік бар. Жоба мүлдем тоқтады деп айту шындыққа жанаспайды. Бұл мәселені министрлікке қарасты мемлекеттік органдарда қарастырып жатыр», - деді бас сарапшы.

Сондай-ақ Назгүл Алимсурина «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына тоқталды. Ол 4 бағытты, 11 міндетті, 19 көрсеткішті және 48 іс-шараны қамтиды.

«Ұлттық жобада қалдықтарды басқару бойынша 3 көрсеткіш және 16 іс-шара енгізілген. Елімізде қоқысты бөлек жинау үшін 4 мыңға жуық контейнер орнатылды. Жоспарда қалдықтарды бөлек жинау үлесін көбейту көзделіп отыр. Жергілікті атқарушы органдар осы құжаттың негізінде қоқысты өңдеу саласында тиісті жұмыстарды жүргізетін болады», - деді ол.

Бас сарапшы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өз құзіреті шеңберінде тиісті бақылауды жүргізетінін атап өтті.

«Ұлттық жобадағы міндеттемелерді орындауүшін әрбір әкімдіктің тиісті индикаторлары бар. Бұл 3 республикалық маңызы бар қала мен 17 облысқа қатысты. Әрбір жергілікті атқарушы орган осы индикаторға жету үшін өздерінің іс-шараларын жоспарлап, тиісті жұмыстарды жүргізеді. Ал жұмыстың атқарылу барысын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мониторинг жасап, бақылау жүргізеді», - деп түйіндеді сөзін Назгүл Алимсурина.

Ведомсво мәліметінше, 2021 жылы «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыруға 89,3 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 28 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 15 млрд теңге және бюджеттен тыс 47 млрд теңге қаржы көзделген.

Биыл ұлттық жобаның іс-шараларын іске асыруға 161 млрд теңге жоспарланып отыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, 2022 жылдан бастап Бюджет кодексінде экологиялық төлемдердің 100% табиғатты қорғау іс-шараларына жұмсау туралы норма енгізілген. Алайда бірқатар өңір экологиялық іс-шараларды қаржыландыру экологиялық эмиссия төлемдерден түсетін қаражаттан әлдеқайда төмен.

Осыған байланысты министр әкімдіктер облыстардың қоршаған ортасын қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуі әрі жергілікті бюджет қаражатын осы жоспарларға сәйкес толық көлемде жұмсалуын қамтамасыз етуі керек деп санайды.

Серікқали Брекешевтің пікірінше, бұл қаражатты ұлттық жобасы іс-шараларын іске асыруға пайдалануға болады.