«Жан-тәні Алаш рухымен суарылған көргенді ұл екен!»: қаламгерлер Ерлан Айтахановқа алғыс жаудырды

19 Қараша, 2019 166 0

Көрікті көшелерде Абай, Шәкәрім, Махамбеттер бастаған ақындар да, Әл-Фараби бастаған әйгілі ғалымдар мен Мұхтар Әуезов бастаған көрнекті жазушылар да сап түзеп тұр.

Еліміздің үшінші мегаполисіне айналған Шымкент қаласы бір-ақ күнде қазақ әдебиеті мен ғылымының біртуар азаматтары бейнеленген билбордтармен әрлене түсті. Әрине, суреттердің тұсына олардың өнегелі, өміршең сөздері жазылған. Көрікті көшелерде Абай, Шәкәрім, Махамбеттер бастаған ақындар да, Әл-Фараби бастаған әйгілі ғалымдар мен Мұхтар Әуезов бастаған көрнекті жазушылар да сап түзеп тұр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жалпы, қазақтың алып тұлғалары мен солардың ізін жалғап келе жатқан кейінгі қаламгерлерді жаппай тек бір шаһардың көшесіне алып шығу елімізде бірінші рет болып отыр. Бұл идеяның авторы – Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов.

«Шымкент – Қазақстандағы поэзия қаласына айналу керек. Себебі, өлең оқыған адамның ішкі әлемі көркем болады. Ішкі әлемі көркем адам ешқандай қылмысқа да бармайды, ешқандай жамандық та жасамайды. Адамдары жамандыққа бармайтын қала нағыз қайырымды қала болады. Өмірдегі жамандықтармен тек заңмен күресу жеткіліксіз. Жамандықты жеңгіңіз келсе, руxаниятты күшейтуіңіз керек», – дейді, осы бастамасы барысын түсіндіріп өткен Ерлан Қуанышұлы.

Шынымен де көшеде келе жатқан көзі ашық, көкірегі ояу адам қарсы алдындағы ұлт зиялыларының ой салар орамдарын оқып, көңілге тоқып отырса, жаны жамандықты қаламаса керек. Сол үшін де Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановқа қолына қалам ұстаған азаматтардың айтар алғысы шексіз.

«Жарқыраса жаныңдағы жақұтың,
Қолда барды қадірсіз ғып қойған-ау...
Бақытсыздар көп ойлайды Бақытын,
Бақыт деген – Бақыт жайлы ойламау!» - деген бір шумағым жарияланған билборд қаланың орталығында, Ахмет Байтұрсынұлы көшесі мен Республика даңғылының қиылысында екен... Шымкенттің әкімі, руханиятқа қамқор, рухы биік қайраткер Ерлан Айтаханов бауырымызға Алла разы болсын!» деп жазды ақын Қазыбек Иса, «Шымкенттегі шайырлар шеруі» мақаласында.

Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: «Тамаша идея! Ер-Ұлан Айтаханов мырзаға – мың да бір жұпар рахмет! Басқа қалаларға да жұғысты болсын бұл береке!» - деп жазды facebook парақшасына.

Реті келгенде, Арқадағы арқалы ақын Серік Ақсұңқарұлы да үлгілі істі көріп, үнсіз қала алмады. Ол өз парақшасындағы «Көргенді деген, міне – осы...» деген жазбасында: «Алаштың аптал азаматы Қуаныш Айтахановты білмейтін қазақ жоқ шығар? О кісінің аты-жөнін алғаш рет Нұрағамның (Н. Оразбек) аузынан естігем (80-90-шы жылдары ма?). Анау-мынауды тіліне тиек етпейтін Нұрағам осы азаматты ылғи сүйсініп, ерекше ілтифат, құрметпен айтып отырушы еді. Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов осы кісінің баласы екен: Шымқаладағы ғана емес, Алаштағы ақындар шеруінің көшбасшысы! Қара өлеңі келгенде Қара шаңырақ түзеледі, құбылаға қарап! Көргенді ұл екен! Жан-тәні Алаш рухымен суарылған! «Әке көрген – оқ жонар» деген. Осындай ұл керек қазаққа! Сонда есеміз кетпейді ешкімге!» - деп сүйсінген.

Ақтөбелік ақын Бауыржан Бабажанұлы да бұл жаңалықты барынша сүйіншілеп, көлемді пост жазып шықты. «Ақтөбедегі әдеби форумды аяқтай бергенде, Шымкенттен сүйінші хабар жетті. Шымқаланың ең орталық көшелерінің біріне менің суретім, қысқаша өмірбаяным, екі шумақ өлеңім таспаланған билборд ілініпті. Әуелі қатты таңғалдым. Сол өңірдің қызын алғаным болмаса, менің Шымкентке түк қатысым жоқ қой...

Кейін сұрастырсам, тек менің емес, Абай, Шәкәрімнен бастап, жетпіске жуық сөз иесінің өлеңі осылай «ілініпті». Есенғали, Серік Ақсұңқарұлы, Тыныштықбек секілді «дәулермен» қатар менің Әмірхан, Маралтай секілді құрдастарым да бар.

Бұл Шымкент шаһарының тізгінін жақында ғана алған Ерлан Айтахановтың өз идеясы екен. «Қай жерде туғаны маңызды емес, ең бастысы, жақсы ақын болуы керек. Біз ешкімді де жатсынбауға тиіспіз. Қазақстандағы үшінші мегаполис саналатын Шымкент – күллі қазаққа ортақ қала!» – депті қала әкімі.

Жаңа әкім тағы қаладағы орталық парктердің бірінен поэзия кешін өткізетін орын жасақтап жатыр екен. Онысын және далитпай, қырық шақты адамға лайықтапты. Расында да, шын өлең сүйетіндердің қатары көп болмайды ғой. Енді әр жұмада поэзия кешін ұйымдастырмақ ниеті бар екен. Бас болып өзі жүрмек. Бәрекелді!

Ерлан Айтаханов – көрген адамым емес. Әкесі, Парламентке бірнеше рет депутат болған Қуаныш Айтахановтың руханияттың қамқоршысы екенін баспасөзден ғана білемін. Әкеге тартып туған ұл екен. Алла ісіне береке берсін!» - деп тебіренді ол.

Елдің сөзін ұстаған осындай ер-азаматтар мен қалың бұқараның ықыласынан артық не керек?! «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген ата-баба өсиетін терең түсінген текті ұл осындай-ақ болар!

Дереккөз: sn.kz


Тегтер: Абай, Шәкәрім, Махамбет, Шымкент, көше

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.