Елорда туристік хабқа айналады – маман
Елорда туристік хабқа айналады – маман
Нұр-Сұлтанды туристік хабқа айналдырамыз. Мұнда келген әрбір турис еліміздің кез келген өңіріне бара алатын болады. Бұл туралы Елорда әкімдігіне қарасты «Астана Инвест» ЖШС-ның маркетинг және MICE – іс-шаралар департаментінің директоры Дамир Шаматов айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.
Оның айтуынша, коронадағдарыстан соң қаладағы туризм саласы қалпына келе басталған. Оған статистикалық деректер куә.
«Бүгінде астанада 24 халықаралық рейс жұмыс істеп тұр. 2020 жылы әуе компаниялардың қызметін пайдаланатын жолаушылар легі 40%-ға төмендеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 58%-ға өсті. Осылайша, халықаралық рейсттер қалпына келе бастады», - деді Дамир Шаматов.Директор Нұр-Сұлтанға туристер көбінесе қай елден келетінін жеткізді.
«2021 жылғы деректерге сәйкес, астанаға туристердің басым бөлігі – Ресей (35 мың 35 адам), Түркия (6 мың 114 адам), Германия (2 мың 926 адам), Ұлыбритания (1 мың 643 адам), Қытай (1 мың 649 адам) және тағы басқа елдерден келді. Жалпы өткен жылы басқа қалаға келген шетелдік туристердің саны – 52 мың 166 адам. 2022 жылғы бірінші тоқсанда да туристердің басым бөлігі Ресей (10 мың 308 адам), Түркия (1 мың 169 адам), Германия (966 адам), Ұлыбритания (361 адам), Қытай (359 адам) сынды елдерден келді. Жалпы жыл басынан бері елордада 14 мың 107 турист болды», - деді басшы.Дамир Шаматов елордаға ресейлік туристер санының өсуін РФ мен Украина арасындағы жағдайдың ушығуын және Батыс елдерінің санкциясымен байланыстырды.
Сонымен қатар директор астанаға келген қонақтар көбінесе қандай нысандарға баратынына тоқталды. «Былтыр қонақтар «Бәйтерек» монументіне (318 мың 183 адам), «Нұр-Әлем» музейі (138 мың 294 адам), Ұлттық музейіне (90 мың 901 адам) барған. Биыл бірінші тоқсандағы мәліметке сәйкес қалаға келген адамдар көбінесе «Нұр-Әлем» музейіне (92 мың 800 адам) баратын болған. Кейін тізімде «Бәйтерек» монументі (48 мың 433 адам), Ұлттық музей (24 мың 260 адам) тұр», - деді ол.Сондай-ақ ол бүгінде астананы туристік хабқа айналдыру жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қазіргі таңда кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, мәселені талқылап жатырмыз. Біз елорданы туристік хабқа айналдырғымыз келеді. Осылайша, қалаға келген әрбір турист еліміздің кез келген өңіріне бара алатын болады. Мысалы, Қазақстанның Бурабай, Қарқаралы, Баянауыл сынды оазистері бар. Сондай-ақ қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласын алайық. Астанаға келген турист Баянауыл мен Түркістанға да бара алады. Біз арнайы туристік пакетті ұсынамыз. Қазір оның бағасын нақты айта алмаймын. Жыл соңына дейін кәсіпкерлермен ақылдасып, қорытынды жасаймыз», - деді басқарма басшысы.