Жаңалықтар

«AMANAT»: Мәжіліс депутаты түлкібастықтармен кездесуде

«AMANAT»: Мәжіліс депутаты түлкібастықтармен кездесуде

ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының Фракция мүшесі Ержан Құдайберген Түркістан облысы, Түлкібас ауданына арнайы іс-сапармен келді, деп newsroom.kz хабарлайды. Ержан Төлепұлы алдымен Шақпақ ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық қабылдау өткізді. Тұрғындардың арыз-шағымын тыңдауға облыстық мәслихат депутаты - Есей Өркен, аудан әкімі - Нұрлан Байғұт, партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы - Қ.Еркебаев, ауыл әкімі - С.Қозтаев қатысты. Елді мекен тұрғындарынан бірнеше өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар айтылды. Атап айтсақ, атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтар үйге кіретін табыс көзіне зейнетақыны жатқызбау, кәсіпкерлердің құқығы бойынша жарияланған мораториийді қайта қарай, зейнеткерлік жасын қысқарту сынды бірқатар ойлар айтылып, Мәжіліс мінберінде депутаттық сауал ретінде жолдау жеткізілді. Ержан Төлепұлы іс-сапар барысында аудандағы Жаскешу, Шақпақ, Балықты елді мекендерінің ішкі көшелеріне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Жол жөндеу жұмыстарының барлығы "Ауыл - ел бесігі" жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы ұзындығы 28,3 шақырымды құрайтын 23 көшеге 419 млн. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 5 көшене асфальт төселіп, өзге көшелерді қарашаға дейін аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Шақпақ елді мекеніндегі «Көктал» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Кәсіпкер Бейбіт Төлешовтің мұндағы 353 гектар жерде жеміс-жидек бауы бар. Шаруа қожалығында жергілікті 100-ден астам азамат жұмыс істеуде. Биыл шаруалар 3000 тонна өнім алуды көздеуде. Ержан Төлепұлы шаруа қожалығындағы азаматтардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Фото: «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі