Аймағамбетовтың арифметикасы

18 Қараша, 2019 172 0

Біздің елде білім және ғылым министрлігінің басынан дау арылмайды. Ал министрлер мен вице-министрлер бірінен соң бірі ауысады. 

Биыл ақпанда Ерлан Сағадиев қызметінен кетті. Күләш Шәмшидинова төрт-ақ ай билік жүргізді. Маусымда Асхат Аймағамбетов министр атанды. 

Тамыз айында министрліктің әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры Анар Қайырбекова ведомстваның жауапты хатшысы Арын Орсариев пен вице-министрлер Рүстем Биғари мен Фатима Жақыпованы жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа жол беріп отыр деп дабыл қақты. Бұған Рүстем Биғари: «Бұл «медиабопса», – деп жауап берді. 

Қазан айында Президенттің өкімімен Арын Өрсариев қызметінен босатылды. Ал департамент директоры Анар Қайырбекова Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне ректор болып тағайындалды. Бұдан кейін вице-министрі Фатима Жақыпованың ғылыми атағына қатысты шу шықты. Әлеуметтік желіде Фатима Жақыпованың докторлық диссертациясы плагиат, ал ғылыми атағы заңсыз екені туралы сөз тарады. Вице-министр осы жағдайға байланысты түсініктеме беріп, ғылыми жұмысын Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының талқысына ұсынды. Кейін ол өтініш жазуына байланысты үкімет қаулысымен вице-министр қызметінен босатылды. Мұның арасында білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева лауазымын теріс пайдаланып, заңға қайшы әрекетке барғаны үшін сотталды. Осының барлығы «су жаңа» министр Асхат Аймағамбетовтың қызметіне тікелей болмаса да, жанама әсер етті. Бірақ министр мұқалған жоқ. Ол ата-аналардың талабына құлақ түріп, оқу бағдарламасына әліппені енгізетінін мәлімдеді. 

«Ұстаздар болсын, ата-аналар болсын көптен бері әліппе мәселесін көтеріп жүр. Бұл мәселе өте маңызды. Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізіледі. Әліппе сынақ өткізетін алаң емес. Бізде нақты қазақ тіліне бейімделген әдістеме бар. Ол Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі. Сондықтан ештеңені ойдан шығармай, осы әдістеме негізінде жұмыс жүргіземіз», – деді ол. 

Тарих пәнінің мұғалімі, көкшетаулық Әлия Ахетова жаңартылған оқу бағдарламасын, оқушылардың білімін бағалау жүйесін және сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысын сынға алғанда да Асхат Аймағамбетов азаматтық танытты. Ол шолақ ойлы шенеуніктер секілді қарсы тарапқа қысым көрсеткен жоқ, керісінше мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін оқытушыны жеке қабылдауына шақырды.   

«Біз онымен жүздестік және сөйлестік. Арамызда жақсы диалог орнады. Бұған дейін бірнеше өзекті мәселе бойынша министрліктің шара қабылдағанын айтқанбыз. Мәселен, ұлттық біліктілік тестінде мұғалімдерді металл іздегішпен тексеру, сұрақтардың сапасы және апелляция туралы сын болған. Бұл жүйенің өзгеретінін тамыз конференциясында хабарлағанбыз. Біз өзгерісті бастап кеттік. Сондықтан әріптесіміз көтерген бірқатар мәселелер шешілген», – деді министр. 

Асхат Аймағамбетовтың жеке басына қатысты сын таяуда мәжілісте өткен үкімет сағатынан кейін айтылды. БАҚ өкілдері мен қарапайым халық әлеуметтік желіде министрді мұқатып, мысқылдап жатты. Бұған Асхат Аймағамбетовтың мектепке 6 жастан барған оқушы 12 жыл білім алса, 17 жасында мектепті аяқтап, түлек атанады деген мәлімдемесі түрткі болды. 

Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның өзі: «Егер, 6 жасында мектепке барса, 12 жыл оқыса, менімше, бұл жерде қарапайым арифметика. 12+6 =18», – дегенді айтты. Бұған министр: «Бүгінгі таңда мектепке 7 жасында барған балалар мектепті 18 жаста емес, 17 жаста аяқтайды. Сол секілді мектепке 6 жасында барған оқушы 12 жылдық оқуды 17 жасында тәмамдайды», – деп жауап берді. 

Асхат Аймағамбетовтың арифметикасын түсіну үшін төмендегі кестені шолып шығу керек.        

Абылай Бейбарыс

Дереккөз: inbusiness.kz

Тегтер: АсхатАймағамбетов, министр, арифметика, дау

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.