Биыл Түркістан балалар ойнайтын 20 алаңшамен толығады
Биыл Түркістан балалар ойнайтын 20 алаңшамен толығады
Түркістан қаласында ойын алаңшалары саны артып келеді. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Түркістан өңірі басшысының тапсырмасымен инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасуда, деп newsroom.kz хабарлайды.
Шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков орталықтағы жұмыстар барысын бақылап, «Яссы» секторының І.Қожабаев көшесіндегі және «Бірлік» секторындағы балалар ойын алаңшаларын көріп, жұмыс сапасын тексерді.
Қазіргі таңда қаланың бірнеше аумағында балалар ойын алаңшалары мен стрит воркауттар, шағын ойын алаңшалары салынуда. Жыл басынан бері шаһарда оннан астам балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті жиырмаға жеткізу көзделген. Атап айтқанда, «Яссы» мөлтек ауданындағы Сақ қорған көшесі, Баянауыл мектеп орны, Керей хан көшесінде, «Шауғар» мөлтек ауданындағы Ғ.Мұратбаев мектебі мен Абылай хан көшесінде жасақталуда. Сонымен бірге Кентау тас жолы бойы мен «Бекзат» секторында да балаларға арналған ойын алаңшалары салынып, тұрғындар игілігіне беріледі.
Айта кетейік, Түркістан – Орта Азия мен Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі. Ол туралы алғашқы деректер араб жазбаларында ІҮ-ІХ ғғ. бастап Шавғар деген атпен кездесе бастайды. Араб тарихшы-географы Әл-Истахри ибн Кордаубех ат-Танрази өз жазбаларында: “Көне Шавғар ХІ ғасырға дейін өмір сүрген де, ХІғ. бастап қала орталығы Ясыға көшті”, - дейді. Бұл деректерді қазіргі біздің археолог ғалымдар да растайды. Ал қорық ғылыми қызметкерлердің зерттеуі бойынша, Қытай санекрит жазбаларындағы деректерге қарағанда, Түркістан қаласы біздің дәуірге дейінгі ІІ-ІІІ ғғ. өмір сүргендігі және сол кездің өзінде ірі мәдени және рухани орталық болғандығы туралы болжамдар айтылып жүр. Мысал келтіретін болсақ, сол кездегі Қарахандық билеушілердің осында әкелініп жерлене бастауы, атап айтқанда, Отырар билеушісі Ілияс ханның жерленуі, тіптен Сайрамда туып-өскен Ахмет Ясауидің де Түркістан жерінде тұрып, осында жерленуі жайдан-жай емес екендігі анық. ХІҮ ғасырда, яғни А.Ясауи кесенесі салынғаннан кейін, Түркістан бүкіл түрік тілдес халықтардың діни орталығына айналып, “Хазреті Түркістан” немесе “Кіші Мекке” атанды. Бұл болжамды шығыс зерттеушісі академик В.В.Бартольд да қолдайды. ХҮ ғасырда Түркістан Сырдария өңірінің саяси және экономикалық орталығына айналып, 1598 жылы ол біржолата қазақ хандығының орталығы болады. Бұған дәлел – А.Ясауи кесенесі төңірегіне қазақ хандарының жерленуі. Түркістан қаласы сонымен қатар орта ғасырдың өзінде ірі білім орталығы болғандығы белгілі. Оның мәдени өмірінде дәруіш ақындардың, ислам дінін уағыздаушылардың да шығармалары үлкен орын алады. Олардың қатарына Ахмет Ясауи бастап, оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Жүгнеки, Жүсіп Баласағұндар жатады. Мың жарым жылдан аса өмірбаяны бар Түркістан – ер жүрек батыр қала. Моңғол-татар, жоңғар шапқыншылығын, қазіргі Орта Азия мен Қазақстанда сол кезде өмір сүрген мемлекеттер мен хандықтардың жаугершілігін көрген қала. Орта ғасырдағы Сыр бойындағы Сығанақ, Сунақ, Сауран сияқты үлкен шаһарлардан біздің ғасырға жеткені де осы қала. ХҮІІ ғасырдың басынан Түркістан қазақ хандығының, яғни қазақ мемлекетінің астанасы болды. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын реттеу үшін Түркістаннан Ресейге, Ресейден Түркістанға елшіліктер жүріп отырған. Түркістанның бүкіл қазақ халқының байтақ астанасы болғандығын дәлелдеу үшін Шығай, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай, Қазыбек, Әйтеке секілді қазақ халқының ұлдары мен Қанжығалы Бөгенбай, Тобықты, Мамай, Қоңырат Сырғақ, Нияз, Дулат сияқты батырларының құлыптастарының А.Ясауи сағанасында орналасқанын айтудың өзі жеткілікті емес пе?! Өткен дәуірлерде құрылыс саласында қол жеткен табыстардың көпшілігін өз бойына жинақтаған ғимараттардың бірі, Түркістан қаласындағы күні бүгінге дейін жақсы сақталып келген кесене. Бізге жеткен жазба мәліметтерге қарағанда, көне Ясыда, қазіргі кесене тұрған орнында мұсылманның атақты әулиелерінің бірі, дәруіштер шайқасы – Ахмет қабіріне ХІІ ғасырдың өзінде-ақ шағын кесене орнатылғаны белгілі. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды. Ахмет Ясауи кесенесінің қасиетті орын ретінде атағының жайылуына ХІҮ ғасырдың 30-шы жылдарында моңғол шапқыншылығынан қатты күйреген Түркістан қаласының қайта гүлдене бастауы ерекше ықпал етті. Алтын Орданың өктемдігін жойып, астанасы Сарай Беркені өртеп жіберген Темір осы жеңістің құрметіне ескі мазар орнына жаңа, зор кешен орнатуды ұйғарды. Осы тұрғыда Темір тек діни мақсат-мүддені ғана көздеген еді деу қиын. Бұл оның жалпы жасампаздықты мұрат еткенін, беделін көтеруге, үстемдігінің мызғымас берік екендігін көрсетуге қажет еді. Құрылысты жүргізуді Темір Мәулен Садырға жүктеді. Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыстың жобасын жасауға Темір тікелей қатысып, негізгі бөлмелерді өзі анықтаған көрінеді. 1991 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап Республикалық музей “Мемлекеттік тарихи-мәдени Әзірет Сұлтан қорық музейі” болып қайта құрылды. Қорықтың жалпы ауданы 88,7 гектар. Оған бірнеше ортағасырлық ескерткіштер кіреді: Қазақ хандарының зираттары (Есім, Тәуке хандар); Ұлы астроном, ғалым Ұлықбек қызы Рәбия Сұлтан Бегім мазары; Ортағасырлық “Шығыс моншасы”; Жер асты мешіті (Аңызға қарағанда, Ахмет 63 жасқа келген соң, Мұхаммедтен артық өмір сүру күнә деп, өмірінің қалған жылдарын осы жер астында өткізген көрінеді. Осында отырып бүкіл мұсылман әлеміне белгілі “Хикметтерін” жазады);
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі