Түркістан: Сарыағашта 500-ге жуық тұрғынға жер телімі беріле бастады
Түркістан: Сарыағашта 500-ге жуық тұрғынға жер телімі беріле бастады
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Жылға елді мекенінде кезекте тұрған 11 азаматқа жер телімдері табысталды, деп newsroom.kz хабарлайды.
Алдағы уақытта жер телімдерінің құжаттары дайын болуына қарай 500-ге жуық азаматқа тұрғын үй салу үшін жер берілетін болады. Олардың барлығы да бірнеше жылдан бері жер кезегіне тұрғандар. Себебі аудан көлемінде 2012 жылдан осы күнге дейін ешбір елді мекенде жер телімдері берілмеген. Осыған орай аталған шараға аудан әкімі Мұхит Отаршиев арнайы қатысып, жер иелеріне құқық беруші құжаттарын табыстады.
– Бүгінгі таңда аудан аумағында инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі тұрғындардың жеке тұрғын үйлерін салу үшін жер телімін бөлу жөніндегі сұраныстары жылдан-жылға өсіп келеді. Сонымен қатар тұрғын үй салу үшін жер телімі бөлінгенімен заң талаптарына сәйкес, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген жер телімдері табысталмайды. Сондықтан, осы мәселелерді шешу мақсатында Жылға ауылдық округінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуда бірқатар жұмыстар атқарылып, қазір сол жер телімдерін табыстағалы отырмыз. Құтты қоныс салынып, осы жер үлкен орталыққа айналсын! – деді аудан басшысы.Жер телімін алған ауыл тұрғыны Жарқынбек Қанаев халықтың көкейкесті мәселелерінің бірі шешімін тапқанына қуанышты екендігін жеткізді. Көптен бергі арманының орындалғанын айтып, аудан басшысына алғысын білдірді. Сонымен қатар ауыл қариялары да елге қызмет етіп жүрген азаматтарға ақ батасын беріп, жақсы істер жалғасын таба берсін деген ізгі тілектерін жеткізді. Жылға елді мекенінде «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 42 гектар аумақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 16 шақырым электр желілері және 4 дана трансформатор орнатылды. Сондай-ақ ұзындығы 6 шақырымнан аса көшелерге шағал төсеу жұмыстары жүргізілді. Айта кетсек, бүгінгі таңда ауданда 18000-нан астам азамат жер кезегінде тұр. Тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін сұрап жазған өтініштер санын азайту мақсатында Дербісек елді мекеніндегі 70 га жаңа қоныстану аймағын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлдіру үшін облыстық бюджетке ұсынылған. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда аталған аймақ инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, жер телімдері кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Айта кетейік, Сарыағаш ауданы – Түркістан облысының оңтүстік бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік. 1928 жылы Келес ауданы болып құрылған. 1939 жылдан Сарыағаш аталады. Жерінің аумағы 7,7 мың км². Орталығы – Сарыағаш қаласы. Сарыағаш ауданы әкімдігі 1992 жылы ақпан айында құрылған. Сарыағаш ауданында мақта, жүзім, көкөніс, астық, жеміс, бақша, картоп, қаракөл қойы, биязы жүнді қой, сүтті-етті мал, шошқа өсіруге маманданған 4 ұжымшар, 16 кеңшар, Мемлекеттік сұрыптау ст. болған. Ауданда 16 өнеркәсіп орны, 7077 агроқұрылым, оның ішінде: 101 заңды тұлға, 6976 шаруа қожалықтары бар. Аудан аумағында «Сарыағаш шипажайы» АҚ, «Арман», «Алтын бұлақ – Р» демалыс орындары, балалар шипажайы бар. «Алекс» ЖШС – Қазақстан – Польша бірлескен кәсіпорны, «Демеу», «Әсем-ай», «Курорт – Барс – 2030» ЖШС-тері Сарыағаш шипалы суын құятын кәсіпорындар, «Мырзакент»АҚ, «Айша бибі» ӨК – мақта тазарту завотында мақта талшығын өндіреді. «Сенім» ЖШС – тігін, тоқыма бұйымдарын шығарады. Сарыағаш. ауданында жүзім шаруашылығын өркендету үшін «Жүзім» бағдарламасы жасалынған, бұл бағытта «Қабыланбек» шарап жасайтын компаниясы, «Дербісек – Бахус» ЖШС, «Назико» ЖШС, «Ақжол» АҚ-ның шарап заттары, жүзім өңдейтін 6 цех жұмыс істейді. Ауданның барлық егіс көлемінің үштен бір бөлігіне дәнді дақыл, 11,9%-на көкөніс, 17,3%-на мақта, 31,1%-на жүзімдік егілген. Облыстағы арпаның жалпы өнімінің – 9,5%, жүгерінің – 26,5%, күнбағыстың – 36,5%, картоптың – 30,5%, көкөністің – 26,4%, жемістің – 24,5%, жүзімнің 39,9% жиналады. Облыстағы темекі өсіретін бірден-бір аудан. Аудан шаруашылықтарында облыстағы мүйізді ірі қара малдың – 10,4%, оның ішінде сиырдың – 12,5%, қой мен ешкінің – 13,7%, шошқаның – 3,7%, жылқының – 8,4% шоғырланған; түйе – 180, құс – 75,3 мың басты құрайды. Келес өзенінің бойында «Келес» ӨК-нің су электр ст. электр энергиясын өндіреді. Жалпы білім беретін 137 мектеп бар, оның 94-і орта, 15-і орталау, 28-і бастауыш және 2 спорт, музыка мектептері. Мәдени мекемелерден 290 мәдениет орталықтары мен 36 кітапхана бар. Денсаулық сақтау саласында 2 емхана, 4 аурухана, 24 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 104 фельдш.-акушерлік пункт, туберкулезге қарсы диспансер жұмыс істейді. Өзбекстанмен шекаралас Жібек жолы ауылында кеден бекеті орналасқан. Аудан жерінен Шымкент – Термез Халықараралық автомобил магистралі, Орынбор – Ташкент темір жолы өтеді. Аудандағы ірі, орта және шағын әртүрлі меншіктегі кәсіпорындардың өнім шығарып тұрғандары 46% құрайды. Өнеркәсіп саласы бойынша негізінен Сарыағаш минералды су құю (28.4%) және жеңіл өнеркәсіп (24.7%) салалары бар. Атап айтқанда «Алекс» ЖШС-минералды су құю өндірісі, «Айша-Бибі» ЖШС-мақта талшықтары өндірісі, «АВК Капланбек» АШК-жоғары сапалы шарап өнімдері, «Сенім» ЖШС-жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіреді. «Әуес», «Жылға-Агро» ЖШС-тері - бидай ұнын экспортқа шығаруда. «Дина-Н» ЖШС-құрылыс материалдарының 8 түрін шығаруда. Ауданның бiрден-бiр табиғи байлығы жер асты минералды емдiк-ас сулары болып табылады. Қазiргi кезде 55 термальды су скважиналарының барлығы аудан мекемелерi мен тұрғындарына қызмет көрсетуде. Аудан аумағында аты Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге де мәлiм «Сарыағаш шипажайы» МҚК, «Алтын-Бұлақ», «Арман» санаториясы, «Ана мен бала» шипажайы сияқты 10 демалыс аймағы бар. «Сарығаш шипажайы» - бальнеологиялық шипажай, Ташкент қаласынан 15 шақырымдай қащықтықта орналасқан. 1953 – 1956 жылдар аралығында емдеу орнына айналды. «Сарыағаш шипажайы» табиғи байлығы жер асты минералды емдiк-ас сулары болып табылатынтықтан, шаруашылық ұңғымалардан тәулігіне 84 м3 су алады. Ауасы құрғақ, жазы ыстық, ұзақ, қысы жұмсақ. Емге пайдаланатын минералды суының температурасы 49 – 52С. Құрамында кремний қышқылы, радиоактивті элементтер, азот, гидрокарбонат, натрий, калий, кальций, магний, алюминий, мыс, марганец, молибден және микроэлементтер бар. Ас қорыту органдарының қызметі, зат алмасуы бұзылған, жүйке жүйесі, қол-аяқ, тері, әйел ауруларымен сырқаттанып қалғандар келіп емделеді. Бұл шипажай Қазақстан Республикасы және басқада тыс жерлерге белгілі. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі