Экстрасенс "жас қыздардың жігіттерді дуалап беруін өтінетіндер көп"
Экстрасенс "жас қыздардың жігіттерді дуалап беруін өтінетіндер көп"
Көріпкел, экстрасенс Бақыт Жұматова өзінің магиясы жайлы баяндады. Оған дуа жасау үшін де, дуасын алдыру үшін де келетіндер көп. Алайда ол бәрінің бірдей тілегін орындай бермейді деп жазады NewsRoom+ақпарат агенттігінің тілшісі stan.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Данияр Есенмен болған сұхбатта айтылды.
Көріпкелдің атағы шыға бастаған тұста, анығын айтсақ, 2009 жылдары оның тылсым әлеміне сенетіндер көп еді. Есігін күзеткендер де, апталап кезекке тұрғандар да жетерлік еді. Ал бүгінде мұның бәрі өзгерген.
"Мен қазір бәрін бірдей алдыма әкеп қарай бермеймін. Қазір онлайн-емге көшкенмін. Менімен алысқа отырған адам да сөйлесе алады. Маған келу үшін күнде ұзын-сонар кезек тұратын. Қазір ондай жоқ. Бәрі онлайн. Маған адамның алдыма келіп отырғаны немесе алыста отырғаны маңызды емес. Мен ол туралы ақпаратты сырттан алатын болған соң ыңғайлысы онлайн әңгіме жүргізу. Кез-келген адамның періштесі болады. Содан рұқсат сұраймын. Содан кейін ол адам туралы жақсы жақтарын, жаман жақтарын айта бастаймын", - деді көріпкел.
Жұматованың пікірінше, оған келушілер арасында 14 жастағы қыздар да бар. Жас қыздар жігіттердің басын дуалап алуға дайын тұрады дейді.
"Маған мына жігітті дуалап беріңіз деп келетін жас қыздар көп. Көңілдесімді дуалап бер дейтіндер көп. Мен ондайлардың тілегін орындамаймын. Мен қара магиямен айналыспаймын. Мен қара магия жасалған адамдардың дуасын керісінше ашып берем. Қара магия жасау үшін ол адамның қаны, тырнағы болу керек. Бұл менің жұмысым емес. Егер отбасыны қосу керек болса, онда жасауым мүмкін. Бірақ бөтен адамдарға қарсы жасай алмаймын. Қанша көп қаражат төлесе де, келіспеймін", - деді ол.
Бақыт Жұматова әлемге аты шыққан Вангамен тілдесетінін айтып қалды.
"Кей сәтте Вангадан көмек сұраймын. Өміріме қауіпті жағдай болғанда сырласамын. Одан бөлек әруақтармен сөйлесе аламын, оларды естимін", - деді ол.