Мейіржан Сандыбай: «Сапалы өнім жасай алатын білікті аниматорлардың әскерін құрмақпыз»
Мейіржан Сандыбай: «Сапалы өнім жасай алатын білікті аниматорлардың әскерін құрмақпыз»
Таяуда ғана әлеуметтік желілерде «ARA» студиясы түсірген «Шырақ» анимациялық фильмінің трейлері тарай бастады, деп newsroom.kz жазады.
Бояуы қанық туындының тарихына қызығып, студия жетекшілерінің бірі Мейіржан Сандыбаймен сұхбаттастық.
– Көптен бері дайындаған жобаларыңыздың сәтті аяқталуы құтты болсын! Қысқа метрлеріңіз кезекті маңызды тақырыпты қозғайтын сияқты. Оның қысқаша мазмұнын авторлар тарапынан спойлерсіз айта аласыз ба?
– Көп рахмет. Иә. Біз түсірген фильмнің бас кейіпкері – шырақтың өзі. Ол белгілі бір жер үйдің шатырын мекендейді. Отбасының, жақындарының болғанын қатты қалайтын шырақ ескі ойыншықтардан өзіне шағын жанұя құрады. Олармен ойнау арқылы шырақ жалғыздығын, жылуға деген ішкі сағынышын басады. Алайда күндердің бір күнінде шатырға көтерілген мысық оның ең сүйікті ойыншығын алып кетеді. Төменге түсіп көрмеген шырақтың адамдардан қорқынышы осы жерде байқалады. Адаммен кездесуден қашатын ол қолданысқа түсіп, жанып, еріп кеткенін қаламайды. Бірақ сүйікті ойыншығын қимайтын шырақ тәуекелге бел буып, адамдардың әлеміне қадам басады. Дәл осы қадамнан оның шытырман оқиғасы басталады. Бұл оқиғаның арқасында шырақтың дүниетанымы мен көзқарасы үлкен өзгеріске ұшырайды.
– Бұл идеяға не түрткі болды? Ол арқылы «Шырақ» фильмі қандай құндылықтарды үндейді?
– Идеяның пайда болуына қоғамымыздағы құбылыстар себеп болды. Фильм желісі арқылы біз адамзат үшін маңызды қарым-қатынас құндылықтарын тақырыпқа алып, көрермендерге ой салғымыз келді.
– «Шырақтың» трейлерінен-ақ отандық анимацияның тағы бір белесті бағындырып жатқанын байқауға болады. Өндіріс барысында қандай технологиялар қолданылды? Олардың ерекшелігі мен күрделігіне, қаншалықты үлкен мерзімді талап ететініне тоқтала аласыз ба?
– я Фильм түсіруге кірісерде біз расында да қазақ анимациясын жаңа сатыға көтеруді көздеген болатынбыз. Бұл мақсатымыз орындалды. Саланы мықты сапада дамытудың мүмкін екенін іс жүзінде көрсету арқылы біз еліміздегі суретшілердің қызығушылығы мен ынтасын арттырғымыз келді. Технологияларға келетін болсақ, әу баста фильмді Диснейдің классикалық 2D анимациясымен түсіруді жоспарлағанбыз. Бұл шешімге бізді 2019 жылы SPA Studios түсірген «Клаус» фильмі қатты шабыттандырды. Алайда аталмыш анимацияның күрделігі мен оған икемі бар мамандардың тапшылығынан мәселені шешудің оңтайлы жолын іздеуге тура келді. 3D графикаға көшу арқылы жоспарымызды сәл өзгерткенімізбен, әйтсе де Клаусқа ұқсайтын дүние жасап шығаруды мақсат тұттық. Нәтижесінде «Blender» бағдарламасын әбден зерттеген шейдер маманымыз Нұрсерік Жандарбайдың арқасында 3D графиканың визуал көрінісін 2D-ға ұқсату қолымыздан келді. Аталмыш бағдарламаның берер мүмкіндігі өте көп. Оның негізінде қолданылатын шейдерлер кез келген заттың бітімін көлемді немесе жазық қылып көрсетіп, оған неше түрлі эффект бере алады. Бұл технология қазақ анимациясында алғаш рет пайлаланылып отыр. Ондай тәсілді ешкім бұрын-соңды қолға алып көрмеген соң, фильмнің түсірілімі жаңа бағдарламаны зерттеумен қатар жүріп отырды. 1,5-2 жылға созылған өндірістің барысында үйренгенімізді қолданысқа енгізіп, жарамайтын жерін қайта түзеп жүріп сүріндік те, қайта тұрдық та. Сондықтан бұл тәжірибе қабілетімізді шыңдап, бізді әжептәуір есейтті деуге толық негіз бар.
– Қаражат бөлген демеушілер болды ма? Идеяның пайда болған уақытынан бастап жүзеге асыруына неше адам қатысты?
– Тұсауы кесілмек туынды – мемлекеттің не үлкен ұйымдардың, қандай да бір кәсіпкерлердің тапсырысымен немесе қолдауымен түсірілген дүние емес. Ол – «ARA» студиясы жастарының таза еңбегі, маңдай терімен жасап шығарған адал өнімі. Оның өндірісіне жиырма шақты маман қатысты. Өз ісін сүйетін бұл мамандар еш қиындыққа мойымай, жобаны ыстық ықыласпен бастап, табандылықпен аяқтады. Бұл еңбектің жемісі мен қызығын дәл солай бірге көрмекпіз.
– «ARA» студиясының бұған дейінгі жобасы, «Ит» фильмі бірқатар кинофестивальде үздік атанып, YouTube желісінде 2 млн қаралым жинаған еді. «Шырақ» та көпшілікке қолжетімді бола ма? Оның тұсаукесері қай мезгілге жоспарланған? Туындыны халықаралық кинофестивальдерге қатыстыру ойда бар ма?
– Иә. Тұсаукесері келер жылға жоспарланған туындымызды Венеция, Канн кинофестивальдеріне жолдамақ ниетіміз бар. Одан бөлек, оны Еуропадағы басқа да ірі фестивальдерге, Түркия, Корея елдерінің сайыстарына қатыстырмақпыз. Алғашқы көрерменіміз әрі серіктесіміз JKS Entertainment бізге бұл жоспарымызды жүзеге асыруда көмектеседі. Бексұлтан Қазыбектің жетекшілігімен аталмыш ұйым өкілдері пікір-кеңесімен бөлісіп қана қоймай, фильм ілгерілетуді де қолға алып отыр. Туындымыз сатылып кетпесе YouTube желісіне міндетті түрде шығуы тиіс.
– Студия туралы сөз қозғалған соң негізін өзіңіз қалаған шеберхананың тарихын айтып бере аласыз ба? Бүгінде ол болашақ мамандарды даярлаумен немесе тәжірибесі бар жастардың кәсіби біліктілігін арттырумен айналыса ма?
– Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас демекші, «ARA» студиясы іргетасын жалғыз қалаған жоқпын. Оны сыйлы әріптесім, алып маман Бақытжан Шабдукаримовпен бірге құрдық. Бақытжан да анимация саласының өзім сияқты жанашыры. Кезінде білікті геодезист болған ол жігітпен жаңа саланы зерттеп жүрген кезінде, 2018 жылы кездестік. Отандық анимацияны жаңа деңгейге көтерсек деген ойымыз бір жерден шыққан соң, мүдделестерден әріптестерге айналып, ортақ студия құрдық. Нұрбек Нұрланбекұлы, Дидар Нұрлаев, Ақпейіл Уәлиева, Құдайберген Ахат сияқты т.б. мамандардан шығармашылық топ жинап, «Балапан» телеарнасының «Сәби» жобасына кірістік. Жобаның екі маусымы да (26 сериядан) телеарнаның Youtube желісіндегі парақшасында үлкен сұраныс тудырды. Атап айтқанда, сериалдың алғашқы сериясы 2-3 айдың ішінде-ақ телеарна тарихында болмаған 1 миллионнан астам қаралым жинаған. Сол міндетті бірге атқарған шығармашылық топтың мүшелері бүгін де студия құрамында. Олардың маман ретінде де, тұлға ретінде де қазіргі деңгейлері жоғары. Сондықтан да бүгінде бірқатар шетелдік жобаларды сәтті игеріп жатырмыз. Білім беру тақырыбына келсек, иә, алдағы уақытта «ARA Academy» анимация курстарын ашуды ойлап отырмыз. Ол арқылы біз анимация саласына қажетті, білікті мамандарды даярлауды көздейміз. Себебі, істеймін деген адамға жұмыс қашан да табылады. Бірақ дайын тұрған жұмысқа лайықты маман таба қалу қиын. Сондықтан да мамандардың тапшылығын жою үшін «ARA» студиясы сапалы өнім жасай алатын білікті аниматорлардың әскерін құрмақшы. Ол арқылы біз батыстың қисық идеологиясы мен саясатынан азат, менталитетіміз бен мәдениетімізге сай, тіліміз бен дінімізді, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін мәнді, мағыналы контент құра алар едік. Студияның қазіргі мамандары да өзіне қажетті ақылы курстармен қамсыздалған. Оларды соңғы жаңалықтардан құр қалдырмауға, заманауи технологияларды уақытылы игеріп, қолданысқа енгізуіне жағдай жасауға тырысамыз. Анимация курстарын да бір жүйеге келтіріп болып іске қоспақшымыз.
– Бастамаларыңыз оңынан болғай! Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ұлпан ҚАМЗАБЕК, кинотанушы