«AMANAT»: Бір топ азаматтың өтініші қабылдау сәтінде шешілді
«AMANAT»: Бір топ азаматтың өтініші қабылдау сәтінде шешілді
Түркістан облыстық мәслихат депутаты Тимур Қырықбаев «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды арыз-өтініштері бойынша тыңдады, деп newsroom.kz хабарлайды.
Жиынға аудандық жауапты бөлім басшылары және қала әкімдігінің мамандары да қатысып, 10-ға жуық азаматтың мәселесін қарады. Бірқатары кездесу барысында оң шешімін тапты.
Солардың бірі, өрт салдарынан жарамсыз күйге енген қала тұрғынының өтініші. Ж.Оңалбекова тұрғын үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмек сұрай келді. Өртенген баспанада қазіргі таңда электр қуаты жоқ. Тұрмыстық тіршілікте мұнан да өзге қиындықтарға тап болған отбасы шарасыз халде. Депутат қабылдаудан соң Ж.Оңалбекованың мәселесін зерделеу мақсатында арнайы үйіне барып, жағдаймен танысты. Нәтижесінде, аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан жуық арада электр жүйелері жаңартылатын болды. Сондай-ақ қала әкімдігі мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай көмекке қол жеткізуге тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады. Т.Қырықбаев қала кәсіпкерлерімен бірлесіп, тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге уәде етті.
Жылы су ауылдық округінің тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі азамат А.Құланның да өтініші қабылдау барысында орындалды. Ол «Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа орналасты. Аталған ауылдың тұрғыны Ж.Жүнісбекова медициналық көмек және тұрғын үйге байланысты талап-тілегін жеткізді. Өтінішін тыңдай келе депутат құжаттарды жинақтап, денсаулық порталына тіркелуге ықпал ететінін айтты. Тұрғын үй кезегіндегі нөмірі анықталып, кезек келген бойда баспана кілті табысталатыны түсіндірілді.
Сондай-ақ, қала тұрғындары әлеуметтік мәселелермен де жүгінді. Г.Жаппаровада АӘК алуда кедергілер туындап, көмекке қол жеткізе алмаған. Мамандар мәселені анықтап, тиісті құжаттар толық тапсырылмағанын және қайта рәсімдеуге атсалысатындарын мәлімдеді. Ал, көпбалалы әрі мүмкіндігі шектеулі екі бала тәрбиелеп отырған А.Қасымбекова тұрғын үйінің құрылысын аяқтауға көмек сұрады. Халық қалаулысы өтінішті орындау үшін демеушілер қарастырылатынын хабарлады.
Фото: «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі