«Qazaq Klasy» Қобда қаласында

15 Қараша, 2019 291 0

«Отандастар қоры» КеАҚ қызметкерлері Моңғолияның батыс бес аймағының орталығы Қобда қаласындағы оқушылары сарайында этникалық қазақ өкілдері, ЖОО студенттері мен оқушыларға  қазақ тілін онлайн оқытатын «Қастерлі қалам» оқу әдістемелік жобасы мен «Қазақ үйі» мәдени іскерлік үйі жобасын таныстырды. 

«Қастерлі қалам» жобасының басты мақсаты мен міндеті ана тіліміздің таралу аймағын кеңейту, диаспора арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеру.  Сондай-ақ  этникалық қазақтар шоғырланған жерлерде қазақ тілін оқыту бойынша білім беру іс-шараларын өткізу және оларды қажетінше әдебиеттермен, оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету. Қазақ тілін қашықтықтан оқытатын «онлайн» сыныбын ашу. 

Жобаны елдегі ЖОО, арнайы тіл оқыту орталықтарының қатысуымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар қоры» КЕАҚ, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ ұйымдастырып отыр.

Сыныптарды еліміздің шетелдегі Елшіліктерімен бірлесе бастапқыда этникалық қазақтар көп шоғырланған мекендерде, атап айтқанда  Астрахань, Орынбор, Омбы,  Саратов, Мәскеу, Челябі, Самара, Новосібір, Санкт-Петербор,  Қосағаш (Ресей),  Ыстамбул (Түркия),  Париж (Франция),  Берлин (Германия), Горган (Иран), Киев (Украина), Минск (Белорусь), Антвепон (Бельгия), Ұлан-Батыр, Қобда (Моңғолия), Лондон (Ұлыбритания), Чикаго, Хьюстон (АҚШ)  Бішкекте (Қырғызстан) ашылады.  

Шара шартарапқа шашыраған қандастарымыздың басын  платформада біріктіріп, таныс-біліс болуларына жол ашады. 

Бұл сыныптарда қазақ тілі сабағы төрт емледе - қазақ-орыс кирилл, ағылшын-қазақ латын, парсы-қазақ араб әрпінде, қытай-қазақ қытай иероглифінде аптасына  5 күн жүргізіледі.  Оқытушылардың өткізген сабақтары Отандастар YouTube арнасындағы «qazaq klasy» аясында (тілдік курстер тақырыбы, қазақтың салт дәстүрі мен тарихын дәріптеу лекциялары, түрлі конференциялар, белгілі қазақ тұлғаларының жүргізуіндегі қазақша диктанттар, тікелей эфирдегі сұхбаттар) сақталып, оқушыға қайталап қарауға мүмкіндік береді. 

Сабақтар тілді меңгеруге байланысты деңгейлерге бөлініп, деңгейді игерген оқушыға сертификат - Қазақстанға жолдама беріледі. Бастапқы деңгей жазғы лагерлерге, қысқа мерзімді тілдік курстарға, түрлі іс-шараларға қатысуға, ортаңғы деңгей Қазақстанда Алтын бесік жобасы аясында отбасымен тұруға, түрлі практикалық жұмыстар, саяхат жасауға, жоғарғы деңгей Қазақстанның ЖОО-на грантқа түсуге мүмкіндік береді.   

Жобаның Skype онлайн режімде тегін сабақ өткізу әдістемесі, жоспары, кестесі «Зерделі» ақыл-ойды дамыту орталығымен бірлесе,  дамыған елдердің мол тәжірибелерін зерттеп, шетелдегі қандастардың сұраныстарын ескеріп жасалған.

«Отандастар» қорының бизнес және жобаларды акселерациялау департаментінің үйлестірушісі Болат Зауытұлы мен мәдени-гуманитарлық жобалар департаментінің сарапшысы Ана Шакерханқызының таныстырған осынау жаңалықты Қобда қаласының Оқушылар сарайына жиналған қандастар қызу қолдады. Жақында аталған қалада жоба бойынша  келісімшарт жасалып, «qazaq klasy» өз жұмысын бастайтын болды.

Қандастар жиында өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауап алумен қатар, ұсыныс тілектерін де білдірді. Қатысушыларға қордың сайты, электрондық адресі, «бірыңғай байланыс орталығы» туралы ақпарат беріліп, сол өңірдегі «qazaq klasy» ұйымдастырушы Зиба Яасайқызына кітаптар сыйланды.

Тегтер: «Қастерліқалам», «QazaqKlasy», Қобда

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.