Еуразия ұлттық университетінде «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай конференция өтті

15 Қараша, 2019 207 0

«Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жаһандық медиасаладағы басылымның рөлі мен даму тенденциясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. 

Жиынға бас басылымда еңбек еткен ардагерлер, белгілі қаламгерлер және тарихшылар қатысуда.

Өз кезегінде сөз алған «Egemen Qazaqstan» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бүгінгі шара той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін, тағылым мен тағзымға толы сипатта ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

«Біз «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығын ел газетінде еңбек еткен Алаш қайраткерлерінің мерейтойларымен ұштастырып отырмыз. Қарағандыдағы Egemen-нің кездесуін Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығымен ұштастырдық. Қостанайда Бейімбет Майлиннің 125 жылдығымен орайластырдық. Сол сияқты біздің мерейтойымыз Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығымен де сабақтаса өтті. Оңтүстікте Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына орай арнайы шара өткіздік. Батыстағы Бөкей ордасына арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Басқа да шараларымызды Egemen Qazaqstan-да - Еңбекші қазақта – Ұшқында қызмет еткен қайраткерлердің есімдерімен байланыстыруға тырыстық», деді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ басылым басшысы Алматыда жақында үлкен шара өткізіліп, онда «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясы орналасқан, егемендікті елге сүйіншілеген, Әбіш Кекілбаев пен Шерхан Мұртаза қызмет еткен үлкен ғимаратқа ескерткіш тақта орнатылғанын сөз етті.

«Кезінде Егеменде қызмет атқарған, дүниеден өткен барлық ағаларымызға арнап, үлкен ас бердік. Оған Әбдіжәміл Нұрпейісовтен бастап, бүкіл оқырмандарымыз, тұрақты авторларымыз, ардагерлеріміз қатысты. Көрме ұйымдастырылды. Күні кеше Тараз жерінде тағылымды шара өтті. Бірақ, бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі, біріншіден бұл жерде (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ) біздің ардагер ағаларымыз еңбек етеді. Серік ағамыздың (Қирабаев) ел газетінде қызмет атқарғанын білесіздер. Сол секілді біздің басылымда Қойшығара ағамыз тілші болған. Өмірден озып кеткен Ақаң да (Ақселеу Сейдімбек) «Egemen Qazaqstan» газетінің бөлімін басқарған. Сол секілді көп ағаларымыз газетте қызмет етті», деді ол.

Бұдан соң, Дархан Қыдырәлі, «Egemen Qazaqstan» газетінің Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың журналистика факультетімен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Бізде осы факультеттің 13 түлегі қызмет етіп жатыр. Қазіргі таңда газет қызметкерлері едәуір жасарған. Бізде қазір орташа жас – 30. Сондықтан, студенттердің көбі бізде практикадан өтеді. Сонымен қатар, біз өзімізге кадр даярлау мақсатында «Егемен академия» деген атты студенттерге арнайы дәріс ұйымдастырған болатынбыз. Оның тұрақты қатысушылары – осы Еуразия ұлттық университетінің студенттері», деді ол.

Конференция барысында Дархан Қыдырәлі «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай ғалым Серік Қирабаевқа және жазушы, тарихшы Қойшығара Салғараұлына арнайы мерекелік медаль табыстады.

1

2

3

6

9

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

 


Тегтер: «EgemenQazaqstan», ЕҰУ, конференция

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.