Түркістан: биыл Түлкібаста 3 мектеп пайдалануға беріледі
Түркістан: биыл Түлкібаста 3 мектеп пайдалануға беріледі
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түлкібас ауданына жасаған жұмыс сапарында аудандағы құрылыс нысандарындағы жұмыстар барысымен танысты, деп newsroom.kz хабарлайды.
Ауданның инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жобаларды саралады.
Жалпы биыл ауданда 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бір мектеп осы оқу жылының басында, яғни, қыркүйекте берілсе, 2 білім ұясы жыл соңына дейін тапсырылмақ. Сонымен қатар 1 мектепке қосымша корпус соғылуда. Биыл жыл басында халық санының артуына байланысты үш мектепке қосымша корпус бой көтеріп, пайдалануға берілген. Өңір басшысы Абайыл ауылындағы Н.Қасымбеков атындағы жаңа мектептің құрылысын көрді. Мердігер мекеме «ШАХ» ЖШС салып жатқан мектептің сыйымдылығы – 100 орын. Құрылысы бір ай көлемінде толық аяқталмақ.
– Білім саласын дамыту – назардағы іс. Былтыр елімізде салынған мектептердің төрттен бірі біздің өңірде бой көтерді. Биыл Түркістан облысында 59 мектептің құрылысы қолға алынған. 21 білім ұясын биыл пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр, – деген Өмірзақ Шөкеев құрылысқа асқан жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті.«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Балықшы ауылындағы Ж.Нарботаұлы көшесінің орташа жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Ұзындығы 1,4 шақырым көше жақында ел игілігіне беріледі. Аудан әкімі Нұрлан Байғұт инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Облыс әкімі Т.Рысқұлов ауылы, «Бахыбек» мөлтек ауданының инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жүргізу және дамыту мәселелерімен де танысып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді. Шарафкент ауылындағы «Боз» каналының құрылысына қатысты да өз ойын білдіріп, жобаның маңызды екенін айтты. Өңірде каналдарды жөндеу, ағын су мәселесін шешу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Жоба аясында 11 шақырымнан астам канал жөнделеді. Ол жұмыстар 2023 жылы аяқталмақ. Осы арқылы ауданда ағын сумен қамту көрсеткіші артып, диқандарға жағдай жасалады. Жұмыс сапарында Өмірзақ Шөкеев Жаскешу ауылындағы «Жер Ана» шаруа қожалығында болды. Шаруа қожалығының басшысы О.Көлбаевтың айтуынша, мұнда бидай, арпа және жоңышқа өсіріліп жатыр. Жобаның қуаттылығы – гактарына 35 центнер. 420 гектардың 200 гектарына бидай егілсе, қалғанына арпа мен жоңышқа өсірілген. Аталған шаруашылықта 25 адам жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі егістікті әртараптандыру, жаңа технологияларды қолдану, суды үнемдеу аса маңызды екеніне тоқталып, өңірде ауыл шаруашылығына қолдау көрсету жалғасатынын мәлімдеді. Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 859,9 мың гектарға орналастырылып, дала жұмыстары толығымен аяқталған. Егіс көлемі өткен жылдан 14,4 мың гектарға ұлғайды. Айта кетейік, Түлкібас ауданы — Түркістан облысының оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік бөлініс. Жер аумағы 2,3 мың км². Ауданы орталығы – Тұрар Рысқұлов ауылы. Aудан Сырдария округіне қарасты, Шымкент уезі, Майлыкент болысының аумағында, орталығы Түлкібас стансасы болып, 1928 жылы 17-ші қаңтарда құрылғандығын мұрағат құжаттары растайды. 1930 жылы 17-ші желтоқсандағы Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің қаулысына сәйкес, осы жылдың 23-ші шілдесінде Түлкібас ауданы, Жуалы ауданына қосылды. Бес жылдай Жамбыл облысының қарамағында болып, 1935 жылы 9-шы қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында қайта шаңырақ көтеріп, орталығы Ванновка ауылы болып бекітілді. 1963-1966 жылдары Сайрам ауданында болды. 1928 жылдан тәуелсіздік алған жылдарға дейін ауданды 19 азамат басқарған. Тәуелсіздік алғаннан бүгінгі күнге дейін ауданды 9 әкім басқарған. 1993 жылы 7-ші қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қазақтың қайсар ұлы Тұрар Рысқұловтың 100 жасқа толу құрметіне орай, аудан орталығы Ванновка ауылы Тұрар Рысқұлов ауылы болып өзгертілді. Қазіргі таңда аудан орталығы - Тұрар Рысқұлов болып аталады. Аудан басшылары: Тұрашбеков Нұрбол Әбдісаттарұлы - аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары - Жанесен Марат Сүгірәліұлы, Күзембаев Ерлан Бақытжанұлы, Жабағы Асхат Базарбайұлы. Аудан әкімінің аппаратының басшысы - Орманов Ербол Керімбекұлы. Аудан әкімдігінің мекенжайы: Т.Рысқұлов ауылы, Т.Рысқұлов көшесі, 201 үй. Индексі: 161300 Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында 2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауданда 1 ірі, 4 орта, 23 кіші және 4 қосалқы барлығы 32 кәсіпорын жұмыс атқаруда. Оның ішінде белсенді жұмыс атқаратыны – 22, мезгілді жұмыс атқаратыны – 10. Нәтижесінде 16624,4 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,2 пайызды құрады. Ауылшаруашылық саласының өнім көлемі 2018 жылдың 9 айының қорытындысымен 25767,9 млн теңгені құрады. Нақты көлем индексі 104,0 пайызды құрады. Ірі қара мал басы былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,9% (45816), қой 86,7% (112342), жылқы 119,8% (22967), түйе 114,3% (11), шошқа 48,8% (841) пайызды құрады. Ет өндіру-104,7% (12490,9 тн), сүт-103,4% (41079,0 тн), жұмыртқа-100,6% (13,0 млн дана). Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі