Қазақстандағы «жасыл экономиканың» жағдайы қандай?
Қазақстандағы «жасыл экономиканың» жағдайы қандай?
Қазір күллі әлем «жасыл технологияға» өтіп, қоршаған орта мен табиғатқа зияны тимейтін баламалы энергия көздерін іздеу үстінде.
Осы жылы шетелдік инвесторлармен кездескен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы бағыттағы жобаларды арттыруды ұсынған еді. Президент 2030 жылға қарай еліміздегі «жасыл технологиялардың» үлес салмағы 30 пайызға жетіп, оған жаңартылатын энергия көздеріне көшу мен экономикадағы декарбонизация көмектеседі деді.
Сол кездесуде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «климаттың өзгеруі, атап айтқанда, ауа температурасының көтерілуі бүкіл әлемде байқалады. Сарапшылардың болжамдары көңіл көншітпейді, бидайдың шығымдылығы мен су ресурстарына қолжетімділіктің төмендеуінің елеулі тәуекелдері бар. Қазақстандағы парниктік газдардың барлық шығарындыларының 80% - ы қазбалы отында энергия өндірумен байланысты. Сондықтан энергетика саласын жаңғырту біз үшін өте маңызды», – деген болатын.
Мемлекет басшысы шетелдік инвесторлардың қолдауының маңызды екендігін де сол кездесуде айтқан болатын.
Мәселен, Еуропалық Қайта Құру және даму банкі «жасыл қалалар» бағдарламасын жүзеге асыруда екен. Басты мақсат – Шымкент, Өскемен, Семей және Алматы қалаларының қатысушылары арасында көмір ЖЭО шығарындыларын азайту.
«Қазақстан біз үшін Орталық Азиядағы маңызды серіктестердің бірі болды және болып қала береді. Өткен жылы біз елге 600 миллион еуро инвестиция әкелдік. Бізге экономиканы «жасылдандыруды», декарбонизацияны, энергия тиімділігін қолдау маңызды. Біз инфрақұрылымды да қолдаймыз», - деп Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо атап өткен.
Инвесторлар атом электр станциясын салу идеясын да қолдап отыр. Олардың пікірінше, бұл да «жасыл технологиялардың» бір бөлігі. Осы уақытта газ өтпелі отын болады.
«Азия Даму Банкі Климаттық қаржыландыру көрсеткішін $80 миллиардтан $100 миллиардқа дейін арттырды. Қазақстанда біз қазіргі заманғы есептеуіштермен және газды өлшеу жүйелерімен жұмыс істейміз. Сондай – ақ көлік және микроқаржыландыру сияқты секторларды қарастырамыз», - деп Азия даму банкінің вице-президенті Ашок Лаваса Мемлекет басшысымен кездесуде осылайша өз пікірін білдірген.
Президент заманауи реалиге бейімделуге, соның ішінде ағаш отырғызуға кеңес беріп, бұл салаға да көңіл бөліп отыр. Үш жыл ішінде Қазақстанда екі миллиард ағаш отырғызылып, Тәуелсіздік жылдарында кенжелеп қалған орман мәселесі де осылайша оңтайлы шешілуі тиіс.