Жаңалықтар

Түркістан: ҚХА жанындағы аналар кеңесінің мүшелері референдумды қолдады

Түркістан: ҚХА жанындағы аналар кеңесінің мүшелері референдумды қолдады

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, бүгін Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінің ғимаратында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп newsroom.kz хабарлайды. Жиынды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы-этносаралық қатынастар бөлімінің маманы Мадина Камеденова ашып, жүргізіп отырды. Алқалы басқосуға облыстық ҚХА жанындағы қалалық, аудандық Аналар кеңесінің төрайымдары мен облыстық этномәдени бірлестіктердің Аналар кеңесінің төрайымдары қатысты. Келелі жиында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы тұжырымдамасының 4 бағытына тоқталды. Яғни, 1-бағыт (Еліне азамат тәрбиелеген отбасы), 2-бағыт (Бақытты ана – бақытты отбасы), 3-бағыт (Тұғырлы отбасы – бақытты балалық шақтың бастауы), 4-бағыт (Жақсылыққа жетелейтін жандар) бойынша іске асып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, аталған жобаны жүзеге асыру бойынша Жол картасы және 5 маусымда өтетін референдумының мән-маңызы туралы айтты.
– Конституциялық реформа – «Жаңа Қазақстанды» құрудың нақты көрінісі. Референдум – Мемлекет басшысының Жолдауында жарияланған реформаларды халықтың таңдауымен жүзеге асыру. Ата заңымызды түзету арқылы барлық салада біраз өзгеріс болатынына сенім мол. Оған референдум арқылы халықтың үн қосуы маңызды деп санаймын, - деді Э. Ұласбекқызы.
Отырыста «Мемлекет жүргізген гендерлік саясат: жетістіктер мен жоспарлар» тақырыбында Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Г.Тоққұлова, «Жалпыхалықтық референдумның маңыздылығы» тақырыбында Кентау қалалық Аналар кеңесінің төрайымы М.Кривенцова мазмұнды баяндама жасады. Сондай-ақ жиын барысында Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымын сайлау мәселесі талқыға салынды. Осы орайда, Аналар кеңесі мүшелері бірауыздан бұған дейін Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары болып қызмет атқарған Гүлсара Тоққұлованы төрайым етіп сайлады. Бұрынғы төрайым Дүйсенкүл Жамболованың ерен еңбегі үшін ол кісіге «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Э. Жанғазиева алғыс білдірді. Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының референдумды өткізу шешімі бойынша өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Кеңес мүшелері мен жиналған түркістандық аналар референдумды қолдайтынын айтты. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі