Қарағанды және Ұлытау облыстарында жастарға 1 миллион теңге көлемінде грант беріледі
Қарағанды және Ұлытау облыстарында жастарға 1 миллион теңге көлемінде грант беріледі
2022 жылы «Zhas project» жобасы пилоттық режимде еліміздің Алматы, Қарағанды, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүзеге асырылуда, деп newsroom.kz хабарлайды.
«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қарағанды және Ұлытау облыстарында «Zhas project» жобасын іске қосты. Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ бірлесіп жасалуда.
Жоба аясында Қарағанды және Ұлытау облыстарының жастарына сомасы 1 миллион теңге көлеміндегі 63 жобаға қолдау көрсетіледі.
Мақсаты – жастарды елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық өміріне кеңінен тарту, жұмыспен қамту, сондай-ақ, әлеуметтік осал топтардағы жастарды қолдау.
Жобаға 18 және 28 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Ерекше басымдық жастардың осал топтарына берілмек. Атап айтқанда, жұмыссыз тіркелген жастар, аз қамтылған отбасыдан шыққан азаматтар, жетімдер мен мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, «Алтыналқа» және «Күміс алқа» иегерлері мен көпбалалы ата-аналар жатады. Өтінім беруші Қарағанды және Ұлытау облысы аумағында кемінде 3 ай тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы тиіс.
Байқауға өтінім беру 2022 жылдың 26 шілдесінен 10 тамызына дейін жүргізіледі.
Өтінімдерді қабылдау zhasproject-karaganda.kz сайты арқылы қабылданады. Гранттарды жүзеге асыру үшін 3 айға дейінгі көлемде уақыт беріледі.
Грант берілетін жобалар әлеуметтік маңызы бар, аймақты, ауылдар мен ауданды көркейтуге бағытталған болуы керек.
Жеңімпаздарға жобаларды іске асыруға жәрдемдесу үшін қажетті білімі мен тәжірибесі бар менторлар қолдау көрсетіп, арнайы оқыту өткізеді.
Сондай-ақ, Қарағанды және Ұлытау облыстарының әр ауданында жоба үйлестірушілері бар. Жоба бойынша Қарағанды қаласында фронт-офис ашылып, колл-орталық жұмыс жасауда.
Қараша айында жобаларын сәтті жүргізген жеңімпаздардың қатысуымен Үздік тәжірибелер форумын өткізу жоспарлануда.
Фото: tarazy.kz