Жаңалықтар

Түркістанда «TURAN» арнайы экономикалық аймағын дамыту барысы талқыланды

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, 2022 жылдың 31-мамырында Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері Түркістан қаласында ашылатын «TURAN» арнайы экономикалық аймағының жоспарымен, ұйымдастыру барысымен, мүмкіндіктерімен танысу үшін арнайы келді, деп newsroom.kz хабарлайды.

Маңызды сапармен келген Түркия, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан елдерінің делегациясымен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев кездесті. Басқосуда арнайы экономикалық аймақтың тұжырымдамасы талқыланды. Жоба менеджментін жүзеге асыруда Түркия тәжірибесі қолданылатын болды.

– «TURAN» арнайы экономикалық аймағын құрып, жұмысын бастаудан үміттіміз. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл идеясын жүзеге асыру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Индустрияны дамыту жағынан Түркияның үлкен тәжірибесі бар. Бұл – халықаралық деңгейдегі экономикалық аймақ болуы керек. Жұмысты неғұрлым тез бастап, өндіріс орындарын ашуға мүдделіміз. Түркістанда индустриалды аймақ, арнайы экономикалық аймақ құрылған. Енді ол тағы бір экономикалық аймақпен толығады. Жергілікті әкімдік тарапынан «TURAN» арнайы экономикалық аймағына жер беріп, инфрақұрылымын жасақтауға қолдау көрсетуге дайынбыз. Аймақта өндірісті дамыту аса маңызды, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Әлемдік нарықта беделді ірі компания сапаршыларының кеңесіне жүгіне отырып, «TURAN» арнайы экономикалық аймағын халықаралық деңгейде дамыту көзделген. Кездесуде Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман Түркістанда өндірісті дамытуға Түркияның ірі инвесторларының қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Бұл бағыттағы жергілікті биліктің қолдауына ерекше тоқталды.

– Бүгін Түркістанға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бірнеше мемлекеттен түрлі министрлік өкілдерінен құралған делегациялар арнайы келіп отыр. Оларда бұл салада ақпарат пен тәжірибе бар. Енді делегация мүшелері арнайы экономикалық аймақтың жай-күйін, болашағын, жоспарын саралап, арнайы баяндамалар әзірлейді. Бұл – бірінші қадам. Ең алдымен сараптама жасап алуды көздеп отырмыз. Екіншіден, бұл бастама заңмен бекітіліп, жүзеге асқаннан кейін біз Түркістанға ірі кәсіпкерлер мен өндірушілерді жібереміз. Әсіресе Түркиядан инвесторлар көбірек келеді деген болжам бар. Олар инвестиция салады деген сенім мол, – деді ол.

Кездесуде Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан өкілдері де өз ұсыныстарын айтып, бірлесе жұмыс атқаруға дайын екендерін жеткізді. Түркістанда іскерлік байланысқа қолайлы жағдай қалыптасқанын атап өтті. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев экспортқа бағытталған «TURAN» АЭА жұмысына күш салынып, бұл бағытта жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Мемлекет басшысы еліміздегі кең инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, Түркістан қаласында түркі елдерін біріктіретін арнайы экономикалық аймақ құруды ұсынғаны белгілі. Ерекше мәртебе берілген «TURAN» АЭА аясында түркі мемлекеттерінің қатысуымен өндіріс орындары, біріккен кәсіпорындар ашылады деп жоспарланған. «TURAN» АЭА ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, машина жасау, электр жабдығын өндіру, туристік және білім беру кластерлерінен тұратын өнеркәсіптік-өндірістік кластер құруды, сондай-ақ өзара тиімді сауда қатынастарын орнатуды көздейді. «Хабар 24» дереккөздеріне сүйене отырып айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымы ақсақалдар кеңесінің Ыстамбұлда үш күндік отырысы 2022 жылдың 11-ақпанында басталып, онда Қазақстан «TURAN» Арнайы экономикалық аймағын құру туралы ұсынысын білдірген болатын. Ата дәстүрді жандандырған жаңа ережеге сай өтіп жатқан жиынға мүше мемлекеттердің ақсақалдары қатысуда. Алқалы жиын барысында түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бағытталған «Түркі әлемінің келешегі-2040» тұжырымдамалық құжатының іске асу барысы талқыланып, аға буын өздерінің ақыл-кеңесі мен бағыт-бағдарын берді. Кеңестің Қазақстан атынан мүшесі Икрам Адырбеков Түркі инвестициялық қорының штаб-пәтерін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңына орналастыру туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын қолдап, Түркістан қаласында «TURAN» Арнайы экономикалық аймағын құру туралы ұсынысымен таныстырды әрі тараптарды аталған жұмысқа белсенді қатысуға шақырды. Икрам Адырбеков, ТМҰ ақсақалдар кеңесінің мүшесі:

– Мемлекет басшыларының шешімімен ақсақалдар кеңесі бүгінгі күні жұмысын жандандырып отыр. Ыстамбұлда кеңестің 12 сессиясы өтуде. Мұндағы негізгі мақсат – саммитте қабылданған құжаттардың орындалу барысы және жұмыстарымен танысу. Сол бойынша ұсыныстар енгізу. Соның ішінде Түркістанды түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде дамыту. Түркі әлеміне таныстыру. Осы бағытта нәтижелі жұмыстар атқару.

Түркі Мемлекеттерінің Ұйымы (бұрын Түркі кеңесі) — түркі тілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым. Түркі кеңесі 2009 жылдың 3 қазанында Нахшыван қаласында құрылған. Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі