Қазақ жазушыларының шет тілге аударылған 9 кітабының сапасы сын көтермейді

14 Қараша, 2019 131 0

Ақсақ аударма! Қазақ жазушыларының шет тілдеріне аударылған шығармалары сөрелерде шаң басып жатыр. Өйткені «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлемнің 5 тіліне аударылған тоғыз кітаптың сапасы сын көтермейді. Мәселен Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» трилогиясы испан тіліне гугл-аудармашы арқылы тәржімаланған секілді. Өйткені оны сол испандардың өзі оқи алмай ежіктеп отыр. Дулат Исабековтің де шығармасын француздар түсінбей біраз бас қатырыпты.

Қазақтың қарымды қаламгері Дулат Исабековтің талай шығармасы шет тілдеріне аударылып, өз оқырманын тапқан. Ал бірнеше пьесасы Еуропа сахнасында қойылып көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Әсіресе жазушы шығармаларымен Ұлыбритания тұрғындары етене таныс. Ал былтыр қаламгердің «Қарғын» романы француз тіліне аударылыпты. Алайда шетелдік оқырмандар шығарманың оқиға желісі мен мазмұнын түк түсінбеген. 

Дулат Исабеков, жазушы: 

- Ең қызығы, аудармашының аты көрсетілмеген. Кім екенін білмейсің. Сосын Брюссельдегі таныстарыман оқытып қарадым. Қазір ғана келіп кетті. Оқып шығып, түп нұсқасын білмеймін, бірақ мынау француз тілі емес деді. Аударманың аты көрсетілмеген. Сөйтсек, гугл бойынша аударатын бірнәрселері бар екен ғой. Кезекші тілмен аударылған роман. Ол кітапты кім үшін шығарып отыр? Бұл кітаптар қоймаларда жатыр. Француз тіліндегі романды Париж сұратып алмайды. Оны қайтсін. 

«Қарғыннан» бөлек, Қабдеш Жұмәділов, Олжас Сүлейменов, Смағұл Елубай сынды тағы сегіз жазушының еңбегі әлемнің бес тіліне аударылған. Алайда «Ақбоз үй» триологиясының авторы да аударма сапасына «көңілім толмады» дейді. Смағұл Елубайдың испан тіліне аударылған шығармасын испан тілінің мамандары да ежіктеп әрең оқып отыр. 

Паскуаль Торрес 25 жылдан бері испан тілінен сабақ береді. Алайда ол «Ақбоз үй» романын өзі білетін тілде оқи алмады. Өйткені грамматикалық қатесі былай тұрсын, сөйлем дұрыс құралмаған дейді. Сондықтан не оқып отырғанын өзі түсінбей біраз қиналды. 

Паскуаль Торрес, испан тілінің мұғалімі: 

- Оқып шыққан соң былай дер едім. Испан тілді адамның бұл кітапты түсінуі өте қиын. Өйткені әдеби стилистикасы мүлдем жоқ.   

Бұл шығармалар «Рухани жаңғыру» бағадарламасы аясында тәржімаланған. Тапсырыс беруші – Ұлттық кітапхана. Алайда мұндағылар тәржіма тіліне жауап бермейміз деп отыр. Өйткені қазақ жазушыларын шет тілге аударуды тендер арқылы жеке компания ұтып алған. Сондықтан аударма сапасына солар жауап береді деп қысқа қайырды. 

Сәлима Тұяқова, Ұлттық кітапхана қызметкері: 

- Мемлекеттік сатып алу порталында тапсырыс берілген. Осы жобаны Астана персонал компаниясы ұтып алды. Жобаның мақсаты – шетел оқырмандарына қазақ шығармаларындағы тарих, салтдәстүр, мәдениетті ашу. Тарихи романдардың арасынан мониторинг арқылы іріктеп алғанбыз. Бұл жоба аясында үлкен жұмыстар атқарылды. Үш жылға жоспарланған. Былтыр осы 9 автордың шығармалары БҰҰның бес тіліне аударылды. Ағылшын, француз, испан, араб және, қытай тілдері. Қазақ әдебиетін әлемге танытамыз деп жүріп мазақ болғанымызды сауатсыз аудармашылар әлі түсінбей отыр. Себебі, қыруар қаржы жұмсалған кітаптар қазір шаң басып сөрелерде жатыр. Соған қарамастан шалажансар аударманың тоқтайтын түрі жоқ. 

Ұлттық кітапхананың ұйытқы болуымен қазақстандық 9 автордың әлемнің 5 тіліне аударылған екен. Оған қанша қаржы бөлінгені белгісіз. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алдағы екі жылда тағы 18 автордың еңбегі әлем тілдеріне аударылады. Оның қаншалықты сапалы, не сапасыз болатыны уақыт еншісінде.

Автор: Диас Нұрақын

Дереккөз: ktk.kz



Тегтер: Қазақжазушылары, кітап, аударма

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.