Қытайлық компаниядағы қазақ жұмысшылары 77 мың теңге жалақы алады

14 Қараша, 2019 128 0

Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласына келіп, брифинг өткізген облыс әкімі Оңдасын Оразалиннен «Восток нефть» компаниясының бас директоры Чжан Баоцзюнь мен қарапайым қазақ, қытай жұмысшыларының жалақыларын атауды сұраған еді. Оңдасын Оразалин брифинг үстінде тапсырма беріп, әкімдік қызметкерлері Azattyq Rýhy төмендегі мәліметті ұсынды:

«Жалақы өспей тұрып ең қарапайым қазақ жұмысшылар 55 689 теңге жалақы алса, жалақы өскеннен кейін 77 900 теңге алып жүр. Бұл – таза жалақылары ғана. Қытайлық жұмысшылар жалақы өспей тұрып, 79 362 теңге алса, жалақы өскеннен кейін 85 711 теңге жалақыға ие болған. Компаниядағы қазақстандық жұмысшылардың орташа жалақысы 202 341 теңге болса, қытайлықтар үшін орташа жалақы 240 017 теңге».

Әкімдіктегі мамандардан компания басшыларының жалақысы мен бонустары туралы сұрадық. Бірақ, қытайлық компания әкімдіктен коммерциялық құпияны алға тартып, хат жіберуді сұраған.

Ал, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин инвесторларды Қазақстанға жоғарғы жалақымен ғана тартуға болатынын айтты.

«Америка, не Қытайдан келетін инвестордың айлығы жергілікті адамдармен бірдей болса, оның тиімділігі болмайды. Мысалы, өз елінде 5000 доллар жалақы алып жүрген адам, біздегі 1000 доллар жалақыға келмейді. Сондықтан, жоғары білімді маманды төмен айлықпен шақыру мүмкін емес.Бірақ, егер расында білікті маман болса. Ал, білімі мен дағдысы біздің қазақстандық мамандармен бірдей адам болса, оларды шақыруға тыйым салынады. «Восток нефть» компаниясында қызметкерлердің жалақысын қаперімде 50 пайызға емес, одан да жоғарыға көбейтуді тілеп тұрсам да, экономикалық жағдай оған мүмкіндік бермейді. Өсірсе, компания банкротқа ұшырап, өзіміздің мыңдаған жұмысшылар далада қалады. Бір жағынан жұмыстың тоқтамауын, екінші жағынан, өзіміздің бауырларға тиісті жалақы беруді ойладық», - дейді Оңдасын Оразалин.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «CNPC» корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илиньді қабылдап, компания басшылығын қазақстандық жұмысшылардың жалақысын көтеруге міндеттеді. 

Кенжекей Тоқтамұрат

Тегтер: Қытай, компания, жалақы, айлық, бонус

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.