«AMANAT»: ауыл әкімдерін оқытып тастады
«AMANAT»: ауыл әкімдерін оқытып тастады
2300-ден астам ауыл, ауылдық округ әкімдері және партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшылары халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласындағы біліктілікті жетілдіру курстарын аяқтады деп хабарлайды newsroom.kz порталы amanatpartiasy.kz сілтеме жасап.
Арнайы курстарды «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ҚР Үкіметімен бірлесіп іске асырылып келе жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында әзірледі.
Бүгін партияның баспасөз орталығында білім беру бағдарламасының қорытындысы шығарылды. Академия директорының м.а. Сәуле Бақтымбет атап өткендей, арнайы курсқа қатысқан азаматтар маркетингтік талдау жүргізуді және ауыл экономикасын дамытатын болашағы бар бағыттарды анықтауды үйренді.
«AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІ Съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басшыларды даярлау сапасын жақсартуды, жүйелі, толыққанды дайындық бағдарламаларына көшуді, сондай-ақ жергілікті жерлерде партия активін оқыту үшін көшпелі тренингтер өткізуді тапсырған болатын. Сондықтан, Саяси менеджмент академиясы партиялық оқыту жүйесінде жаңа әрі сапалы тәсілді іске асырды. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңаруды ескере отырып, депутаттарға, әкімдер мен партия белсенділеріне арналған заманауи оқыту бағдарламалары әзірленді. Биыл 13 маусым мен 20 шілде аралығында «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл әкімдерінің біліктілігін жетілдіру мақсатында еліміздің барлық 17 өңірінде ауыл және ауылдық округ әкімдерін кешенді оқытудан өткізді», – деп атап өтті ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлығы 2346 ауыл, ауылдық округ әкімдері мен партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшылары оқытылды. Олардың 89%-ы ер адамдар болса, 8%-ы – әйел-әкімдер (192 адам). Оқыту «Табысты көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында басшының біліктілігін жетілдіру» тақырыбында көшпелі 3 күндік семинар форматында ұйымдастырылды. Спикер ретінде тиісті сертификаты бар 30 тренер, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм саласындағы сарапшылар шақырылды. Олар жалпы саны 80 семинар өткізді.
Тұрғындардың табысын арттыру мәселесі – «AMANAT» партиясы үшін негізгі басымдықтардың бірі. «Ауыл аманаты» партиялық жобасы – биыл 14 сәуірде қабылданған «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарының қосалқы бағдарламасы. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін партия жанынан арнайы жобалық кеңсе іске қосылды.
«Ұлы Дала» ауыл бизнесін дамыту қауымдастығы» ҚБ президенті Ақмарал Бекмұрзаеваның мәліметі бойынша, Қазақстанда жеке қосалқы шаруашылықтардың жиынтық үлесіне азық-түлік тауарлары өндірісінің 70%-ы тиесілі.
«Осы дәйектер елдің экономикалық климатын қалыптастыратын ауылдар мен ауылдық округтерді дамыту қаншалықты маңызды екенінің дәлелі бола алады. Біз курсқа қатысушыларды сауатты бизнес-жоспарын әзірлеуге, жобаны қаржыландыру көзін іздеуге үйретуге тырыстық. Кооператив құру мен өнім өткізу тізбегін қалыптастыру жөнінде тренингтер ұйымдастырылды. Технологиялық карталар ұсынысы қатаң сақталған жағдайда ғана өнімді өндіріске қол жеткізуге болады. Тұрғындардың табысын арттыруды талап етіп қана қоймай, оны қалай іске асыруға болатынын көрсету маңызды», – деді ол
Ақмола облысы Шортанды ауданы Бектау ауылдық округінің әкімі Асқар Махфуз бағдарламаға қатысу кезінде алған әсерімен бөлісті.
«Дәріскерлер маркетингтің заманауи құралдарының негіздерін, болашағы бар бизнес-жобаларды анықтау әдістерін нақты мысалдармен түсіндірді. Теориядан бөлек, жем-шөп дайындау, ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту, ірімшік жасау және тағы басқа өзекті бағыттар мысалында бизнес-жоспарлар жасадық. Жұмыс дәптерінде жобалардың нақты есебі жасалды. Сондықтан, алған біліміміз тұрғындар табысын арттыруға, тұрақты жұмыс орындарын құруға көмектеседі деп сенемін», – деді ол.
Айта кету керек, биыл аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауының қорытындысы бойынша «AMANAT» партиясының мүшелері округтердің 87,3 пайызында жеңіске жетті. Аймақтық конференцияларда партиядан ұсынылған 746 кандидат, сондай-ақ өзін-өзі ұсынған 124 азамат әкім болып сайланды. Олардың көбісі бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен партияішілік праймериз қатысушылары.
Суретті түсірген Мейірбек Тажқұранов