«Жасыл экономиканы» дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға болады – Сүлейменов
«Жасыл экономиканы» дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға болады – Сүлейменов
«Жасыл экономиканы» қолдау коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменов елімізде баламалы энергия көздерін дамыту, қоқысты сұрыптау үйрену, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, аталған салаға қажет инфрақұрылымға инвестиция құю еліміздің дамуына серпін беріп, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыратынын айтты, дей хабарлайды newsroom.kz тілшісі.
Оның айтуынша, 2013 жылғы 30 мамырда Қазақстанда жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы бекітілді. Ондағы мақсат – инновациялық іскерлік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру.
Үкімет бекіткен тұжырымдама 3 кезеңнен тұрады:
1-кезең – 2013-2020 жылдар аралығы;
2-кезең – 2020-2030 жылдар аралығында атқарылатын жұмыстар;
3-кезең – 2030-2050 жылдар аралығында ұлттық экономиканың өсіп-өркендеуі.
Нәтижесінде мемлекет аталған саланы дамыту үшін 7 міндетті айқындаған:
- Су ресурстарын дұрыс пайдалану;
- Халықты сумен қамтамасыз етіп, жоғары өнім беретін ауыл шаруашылығы саласын дамыту;
- Энергияны үнемдеу және оны тиімді тұтынуды арттыру;
- Электр энергетикасын дамыту;
- Әртүрлі өндірістен жиналып қалған қалдықты жою;
- Улы газ қосындыларынан және әртүрлі қалдықтардан, ластанып бара жатқан ауаны тазарту;
- Салаларды тиімді басқару.
«Жел, күн энергиясын дамыту тек бір бағыт болып саналады. Аталған тұжырымдамаға сәйкес 2022 жылы баламалы энергия көздерінен алынатын энергия 3%-дан асуы керек болған. Бүгінде бұл жоспар орындалды деп айтуға болады. Енді бұл көрсеткішті 2030 жылы 10%-ға, 2050 жылы 50%-ға жеткізу міндеті тұр. Бұл бағыт бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді Асхат Сүлейменов.Ол тұжырымдама көрсетілген бағыттар қазақстандықтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға, табиғат пен экожүйелердің тепе-теңдігін сақтауға, экономиканың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
«Бүгінде Қазақстандағы экологиялық мәселелерді нақты айқындап, оларды шешу жолдарын қарастыру керек. Мұнда басымдықты су тапшылығын жоюға, ауаның ластануын азайту үшін шығарындыларды азайтуға, қоқысты сұрыптап тастау және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге берген жөн. Сондай-ақ өте маңызды бағыттардың бірі – төмен көміртекті дамыту жөніндегі бағдарлама және табиғи ресурстарды үнемдеу, табиғи өнімдерді шығару. Сондықтан тек бір баламалы энергия көзін дамытумен шектеліп қалмау керек», - деді басшы.Асхат Сүлейменов елдегі жасыл экономика мемлекеттің қолдауымен және шетелдік инвесторлардың қаражаты есебінен дамып жатқанын атап өтті.
«Мысалы, биыл 3 күн электр станциясы іске қосылды. Нәтижесінде олар 55 мегаватт электр энергиясын өндіріп жатыр. Сонымен қатар жыл соңына дейін жалпы 290 мегаватт электр энергиясын өндіретін баламалы энергия көздерінің жобалары іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл баламалы энергия көздерін өндіретін жаңа 10 электр станциясы пайдалануға беріледі деген сөз», - деді директор.Осы орайда басшы баламалы энергия көздерін өндіретін электр станцияларды салу, пайдалануға беру жұмысы қалай жүргізілетінін түсіндірді.
«Мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін Энергетика министрлігі аукцион жүйесін енгізді. Мысалы, 2020 жылы министрлік баламалы энергия көздерінен жалпы 690 мегаватт электр энергиясын өндіретін жобаға аукцион жүргізіп жатыр. Оның ішінде күн электр станциясына – 60 мегаватт, жел электр станцияларына – 400 мегаватт, гидроэлектр (су) станциясына – 220 мегаватт және биогаз қондырғылары өндірілетін 10 мегаваттық жоба бар. Биыл кем дегенде баламалы энергия көздерінен электр қуатын өндіретін 20-25 жоба пайдалануға берілуі керек деп ойлаймын», - деді Асхат Сүлейменов.Ол аталған жасыл экономика жобаларын іске қосу үшін қомақты қаражат керегін жеткізді.
«Сондықтан шетелдік инвесторлардың қаражатын тарту маңызды. Мысалы, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына мемлекеттік іс-сапармен барды. Нәтижесінде қос тарап Қазақстандағы жел және күн энергиясы жобаларын дамытуды көздейтін бірқатар меморандумға қол қойылды. Қателеспесем, жобаның құны – 200 млн доллар. Бұл жобалар болашақ ұрпақ үшін өте маңызды әрі ауқымды пайымдауды қажет ететін өр мақсат болып саналады. Сондай-ақ олар жаңа дағдыларды қалыптастыруға, жаңа технологияларды енгізуге және білімге негізделген экономикалық трансформацияны жеделдетуге мүмкіндік береді», - деді басшы.Сондай-ақ Асхат Сүлейменов «жасыл экономиканы» қолдау коалициясы атқарып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Мақсатымыз – «жасыл экономика» ұғымын қазақстандықтар арасында кеңінен насихаттау. Осы мақсатта бірнеше жобаны іске асырдық. Олар – суды үнемдеуге мүмкіндік беретін және ауаны ластаудан қорғайтын жобалар. Сонымен қатар электр қуаты мен суды үнемдейтін жылыжайларды да салдық. Бұл ауыл шаруашылығында жүзеге асырылған жоба болып саналады. Сондай-ақ жасыл технологияларды пайданалу бойынша арнайы курстар ұйымдастырдық. Барлық курс farmschool.kz сайтында жүктелді», - деді ол.Директор бүгінде әлемде қоқысты өңдеу де экономиканың маңызды бір саласына айналып бара жатқанын атап өтті.
«Қазіргі таңда қоқысты өңдеу – жасыл экономиканың маңызды бағытының бірі. Қоқысты жағу арқылы да энергия алуға болады. Мұнда, мен биогаз туралы айтып тұрмын. Бірақ бүгінде бізге қоқысты сұрыптап үйрену маңызды, яғни қоқыстарды зауытта емес, үйде бөлек жинау керек. Себебі, оны үйде сұрыптаған әлдеқалай оңай. Осылайша, біз табиғатты аялауды үйреніп, әрі экономиканы дамытуға да септігімізді тигіземіз», - деді Сүлейменов.Ол коалиция осы бағытта да жобаларды жүзеге асырғанын жеткізді. Оның айтуынша, тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, жаңа өнім түрлерін алуға болады.
«Тіпті, тамақ (органикалық) қалдықтарын да қайта өңдеуге болады. Мысалы, аталған қалдықтарды арнайы қондырғыларды орнатып, өңдеу арқылы биогаз алуға болады. Олардан тыңайтқыш алып жатқандар бар. Оны ауыл шаруашылығында пайдалану да маңызды», - деді директор.Сондай-ақ Асхат Сүлейменов қазақстандықтарға қоқысты сұрыптап тастауға кеңес берді.
«Үйде жиналатын қоқыстарды 2 фракцияға бөліңіз: ылғалды және ылғалсыз. Алдымен қағаз пластик деп 3-4 топқа бөлмей тек ас үйден шығатын органикалық ылғалды қалдықтарды бір бөлек, ал қағаз, пластикті бірге жинаңыз. Осылайша, сіз қоршаған ортаны ластанудан қорғап, елдегі «жасыл экономиканы» дамытуға азда болса да, көмектесіп жатқаныңызды ұмытпаңыз»,- деді басшы.Сонымен қатар директор «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аталған саланы дамытуға тың серпін береді деген үмітте екенін атап өтті.