Жаңалықтар

Темірбек Жүргеновтің әйелі Дәмештің 3 өкініші…

Темірбек Жүргеновтің әйелі Дәмештің 3 өкініші…

1) Сұлулығымды сақтаймын деп бала тумадым;

2) Ұсталатынын біліп, кетіп бара жатқанда: «мен сені аяймын» дегенін түсінбедім;

3) Ұсталған соң, түрмеде жолығуға рұқсат берілгенде «халық жауының әйелі» деген атқа намыстанып, бармадым.

Қоғам қайраткері Т.Жүр­ге­новке 1987 жылы Ақтөбе об­лысының Ырғыз ауданында ес­керткіш қойылатын болып, со­ған Алматыдан халық мұ­ралары­ның жанашыры Мардан Бай­ділдаев, сол кезде қа­зақтың Құрман­ғазы атын­дағы ұлттық кон­сер­ваториясында ха­лық әні кафедрасының меңге­ру­шісі мен және Т.Жүр­геновтің зайыбы Дә­меш Әмірханқызы Ер­мекова апай - үшеуміз жолға шықтық, - деп бастады әңгімесін Алмас. - Мамандығы дәрігер болғандықтан ба, апай көп сөйлемей, көбірек тыңдағанды жақсы көреді екен. Десе-дағы сапары­мыздың мақсаты Т.Жүр­ге­нов есіміне байланысты болғандық­тан және қысқа өмі­рінде қазақ­тың болашағы үшін қыруар тір­лік жасап кеткен та­рихи тұлғаны оның зайыбынан артық ешкім білмейтінін алға тарта отырып, апайды екеулеп әңгімеге тарт­тық. Зулап келе жатқан жүйрік пойыздың тере­зесіне қадалып отырған апай дала айшықтарын Темірбек аға­мен аз уақыт болса да бірге өт­кізген мәнді өмірінің көзді ашып-жұмғанша қас-қағым сәт­те өтіп кеткенімен салысты­рып отырғандай сезіндік. Ойын әруақытта тез жеткізуге асығып отыратын Мардан ағаның шы­дамы таусылған болуы керек: Дәмеш жеңгей, Темірбек аға жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Жазыла да бермек. Ол кісімен бірге өткізген жұбайлық өміріңізден мына кейінгі жастар­ға үлгі болатындай бір сәттерді еске ала отырсаңыз, - деді. - Ол кісінің (Дәмеш апай Темірбек ағаның атын атамай, әр кезде "ол кісі" дейді екен) басшы ретінде атқарған қызме­тіне ешқашан араласқан емеспін. Өйткені, дәрігер ретінде менің өз шаруам өзіме жетіп жатты. Себебі, сол жылдары жоғары бі­лімді дәрігерлер Қазақстанда саусақпен санарлықтай еді ғой. Содан да біздің де атқарған, арқалаған жүгіміз жеңіл болған жоқ. Ал оның зайыбы ретінде осы уақытқа дейін өзімді өзім кешірмейтін, өксікке толы үш өкінішім алдымды кескестей береді. Ұмыта алмаймын, бұл имандай сырым, шырағым. Бі­рақ, тіс жарып ешкімге айтқан да емеспін, - деп әңгімесін бас­тап кетті. Мардан аға екеу­мізді үнсіздік басып, бар наза­ры­мызды Дәмеш апаға ау­дар­дық. Дәмеш апай толқыды. - Адам жас кезінде көп нәр­селерді бағдарлап, бағамдай бер­мейді ғой. Ол кісімен қосыл­ғаным, сөз жоқ, өмірімнің ба­қыт­ты бастауы болды. Жаңа айт­қандай, екеуміздің де тыныс-тірлігіміз бірыңғай өз қызмет­терімізге бағышталды. Сөйтіп жүріп Шора атты ұлымызды өмірге әкелдім. Бұған Темірбек ба­лаша қуанып, бұл есім үш түрлі мағына береді деп отыратын. Қолы қалт еткенде үйге жетуге асығатын. Тіптен жұмыста отырып, телефон­мен оның жағдайын жиі сұрап тұратын. Бірақ, тұңғышымыздың өмірі өте қысқа болып, 1933 жылы Ташкентте қайтыс болды. Бір күні Темірбек жұмыстан келіп күндегідей дастархан басында отырғанымызда: - Дәмеш, Құдай өзі бергенін өзі алды. Алла күпір­лікке жазбасын. Біздің өмірімізді жалғастыратын перзенттің болға­нын қалар едім, аржағын өз қала­уыңа салдым, - дегені есімде. Бұл мәселеге кейін оралған да жоқ. Мен бір жағы дәрігермін. Өмірге перзент әкелудің қуанышы мен қиындығын жақсы білемін. Енді айтып отырмын ғой. Темірбектің ұлым болса деген қалауын орын­дауға менің жастық сезімімнің жібермегеніне, өзімнің тәндік сұлу­лығымды сақтап қалсам ғана деген қате пайымдауыма өкінемін. Өмі­рінің қысқа болатынын сезгендей, маған қиыла айтқан өтінішін орындай алмағаныма осы уақытқа дейін қиналамын. Болашақ ана­ларға табиғаттың өзі сыйлаған ана болу мүмкіндігін ешқашан теже­мей, барынша пайдаланса деген тіле­гім бар. Бұл менің бірінші өкі­нішім. - Ол кісі министр кезінде біз көбіне қала шетіндегі саяжайда тұрдық. Кейде жұмысқа да сол жерден қатынайтынбыз. Бір күні, ұмытпасам 1937 жылдың тамыз айының 2-күні, "Эмка" мәшинесі­мен келген ол кісі маған тез жина­луымды өтінді. Неге, қайда бара­тынымызды сұрамайтын әдетіммен тез киініп сыртқа шықтым. Мә­шинесінің артқы есігін ашып, маған отыруға ишарат білдірді. Ол кісі бұған дейін жүргізушімен қатар отыратын. Мен жайғасқаннан кейін артқы отырғышқа өзі де отыр­ды. Мәшине қозғалғаннан кейін сол қолын менің иығыма са­лып, өзіне тарта түскенін сезінген мен жүргізушіден қысылып: Сізге не болған дегендей ыңғайсыздана қарадым. - Дәмеш, мен сені аяймын, - деді де одан әрі ештеңе айтпады. Қаладағы Шевченко мен Фурма­нов көшесінің қиылысындағы Фур­­манов, 120-үйдегі 4 бөлмелі пә­теріміздің алдына келгеннен ке­йін, өзі есікті ашып мені мә­шинеден түсіріп, қашан үйге кір­генше артымнан қиыла қарап тұр­ды. Сол күні-ақ ол кісіні НКВД-нің үш-төрт қызметкері кабинетінде тұтқындап, тінту жасағанда үстелі­нің суырмасынан Тұрмағамбет Ізтілеуовке "Шахнаманы" аудар­ғаны үшін, айдаудан келген Ахмет Байтұрсыновқа қазақ тілі ғылы­мының тарихын жазғаны үшін, Петербург университетін бітірген Бақытжан Қаратаевқа Қазақстан­ның Ресейге қосылу тарихын жаз­ғаны үшін төлеген ақшалардың чектері - түбіртектері табылыпты. Бұлардың барлығын сол кезде кеңседе кезекшілікте тұрған, тінту кезінде куә болған Рахым Момы­новтан білдім. Күнде бірге болып жүрген құ­дай қосқан қосағымның ұсталатын сол күнгі мінезіндегі өзгерісті - бір жамандықты сезініп тұрған көзқарасын менің сезінбегенім, мені неге аяйтындығын сұрамаға­ным жүрегімнің түкпірінен орын алған менің екінші өкінішім. Қолдан ұйымдастырылған ай­ғақтар негізінде Темірбек Қараұлы Жүргенов КСРО прокуроры Вы­шинскийдің санкциясымен 1937 жылдың 3 тамызында қапасқа тү­седі. РСФСР Қылмыстық Кодек­сінің 58-статьясының 10-11-тар­мақтарымен айыпталып, оған Қазақстанды КСРО-дан бөлуге ұмтылған, диверсиялық ұйымға бас­шылық етіп, оған мүшелер тарт­қан, Кеңес Одағына қарсы соғыс жариялануына мүмкіндік жасауға әрекет еткен деген ауыр айыптар тағылған. Оларды Т.Жүр­генов мойындамағанмен, тергеу орындарының зорлық-зомбы­лық­тары оны мойындауға мәжбүр етеді. Сөйтіп, Темекең өзімен ұс­тал­ғандармен бірге (23 адам) 1938 жылдың 25 ақпанында Талғар ау­данындағы "Жаңалық", Боралдай елді мекенінде (бұрынғы Диқан қыстауында) атылған деген дерек бар. - Енді үшінші әңгімені бас­тайын, - деді Дәмеш апай. - Ол кісі қамауға алынған күннен бастап, бүкіл ақпарат құ­ралдары оның осы уақытқа дейінгі халқына жасаған елеулі еңбегін жоққа шығарып, оны қауіпті "ха­лық жауы" ретінде суреттеп дабыра қақты, - деп сабақтады сөзін Дәмеш апай. - "Халық жауының" әйелі атану маған оңай болған жоқ. Бұрын Наркомпрос Жүргеновтің зайыбы ретінде асқақтап жүрген көңіл шіркін құрдымға кетті. Несін жасырайын, бір жағынан, ел-жұрттың жамырай айтып жат­қандарына қарағанда, кейде, япыр-ай, осы бір шудың ар жағында шыңыраудағы шындықтың лебі сезілмесе нетті деген дүдәмал ой да мазалайтындай сезімде жүр­дім. Содан да бұрын кім едім, қазір кіммін деген пендешіліктің күрмеуінде болғаным да рас. Ол кісімен бірге түрмеге жабыл­ғандардың ішінде қазақтың біртуар азаматтары - Есқараев Сүлеймен мен Құлымбетов Ұзақ­­бай болған-ды. Қамауға алынғаннан кейін біршама уақыт өткеннен соң жоғарыда аталған Алаш арыстарының әйелдерінің түрмедегі күйеулерімен кездесу­леріне мүмкіндік туды. Бірақ әлде де болса екі жақты ой құр­сауында жүрген, әрі "халық жауының әйелі" аталғаныма намыстанғаным соншалықты, мен сол кездесуге бармай қал­дым. Түрмедегі кездесу бөлме­сінде отырған Сүлеймен мен Ұзақбай ағалардың әйелдерінің айтуынша, ол кісі тор есіктің ар жағынан бірінші шығады. Менің жоқ екеніме көз жеткеннен кейін: - Е, Дәмештің де осылай ойлағаны ма? - депті де кедергі жасамайын де­ген­дей уақытынан бұрын камерасына бұрылып кетіпті. Теме­кең­нің сол сәттегі жан азабы мен те­біренісі есі­ме түс­се өзегім өр­тенеді. Өзімді өзім өмір-бақи кеш­пейтін­дей күй ке­шемін. Бұл менің өксікке толы үшінші өкі­нішім. Жоғарыда айтқаным­дай, ол кісі тағылған айыптауларды бірден мойындамаған. Бірақ шек­тен тыс зорлық-зом­былық пен азаптау темір комиссардың сағын сын­дырды ғой. Біздің соңғы кездесуіміз осы уақытқа дәл келді. Кездесуге алып келгенде мен оны зорға таныдым. Зілді, ауыр соққыдан әбден жа­раланған, бет-аузы да­ладай болған, оның соңғы сөзі: "Ел-жұрт аман ба? Сталин ор­нында ма?" болды. Со­ған қарағанда ол кісі өзін өлімге кесіп отырған билікке құдайдай сенсе керек. Кеңес өкіметіне деген шүбәсіз сені­мімді өзімнің ізіме түсе бастаған НКВД қызметкерлерінің іс-әрекеттері мен негізсіз қоқан-лоққылары жоғалттырды. Ақы­рында, 1938 жылы "Темір ко­миссарға" жар болғаным үшін 8 жылға сотта­лып, Қарағандыдан бір-ақ шықтым. Біреудің көрген жан азабы мен тозағы екінші біреуге керісінше болатындығы туралы тұжырымға осы жерде көзім жетті. Жазықсыздан жа­зықсыз жазаланып, жапа шегіп жатқан­дарға күн-түн демей қолымнан келген дәрігерлік көмегімді бер­дім. Ол өзінше бір бөлек хикая. Сотталған мерзі­мім­ді өтеп, 1946 жылы Алматыға келгенімде қуа­нышымда шек болған жоқ. Бірақ, бұл ұзаққа бармай, мені Көкшетауға жер аударып жібер­ді. Сірә, "Темір комиссардың" әйелінен әлде де қалтырап тұ­ратындар "көмек­тессе" керек. Қойшы, кейін Ал­ма­тыға келдік қой, - деп аяқ­тады сөзін Дәмеш апай. Иә, Дәмеш апай құдай қос­қан қосағы Т.Жүргеновтің заңды ақталғанын да, оның туған хал­қы алдында марапатталғанын да көріп кетті. Ал өзімен бірге ала кетуге тас түйіндей шешімге кел­ген осы бір өксікке толы өкі­нішін де халыққа жеткізудің айыбы болмас деген оймен "Еге­менге" жолдадық. Тәуелсіздікті аңсаған арыстардың алдында болған Т.Жүргеновтің туғанына биыл 110 жыл толғалы тұр. Осы тұлға жайлы мағлұматтарды то­лықтыруға аз да болса мына ма­қа­ланың септігі тиер деген сенім­демін.    

Авторы: Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры.

"Егемен Қазақстан" газеті

Өмір сырлары.