Жаңалықтар

Оқушыларға арналған экобайқаулардың мерзімі ұзартылды

Елімізде оқушыларға арналған республикалық экобайқауларға жұмыстарды қабылдау мерзімі ұзарды, деп хабарлайды newsroom.kz Қазақстан экологиялық қорына сілтеме жасап.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, жыл сайын әлемде 2 миллиард тоннадан аса тұрмыстық қатты қалдықтар қоқысқа тасталады. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,4 миллиард тоннаға жетуі мүмкін.

Сондай-ақ БҰҰ болжамынша, әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығынан зардап шегеді. Сарапшылар жаһанда 780 миллионнан аса адам таза ауыз суға зәру, ал 1,7 миллиард адам тұщы суға мұқтаж екенін айтады.

Қазақстан экологиялық қоры экологиялық мәселелерді ескеріп, жастардың назарын экологиялық мәселелерге аудару үшін түрлі іс-шаралар өткізіп, байқаулар ұйымдастырады.

Биыл 1 маусымынан бастап қор 3 байқау өткізеді:

«Қоқысты қайта өңдеу», «Менің ең жақсы аулам» республикалық байқауы. Мақсаты – оқушылардың тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және қайта өңдеу әдістері туралы білімін кеңейту;

«Мен үйдегі суды қалай үнемдеймін» республикалық байқауы. Мақсаты – мектеп оқушыларының инновациялық іс-әрекетке баулу арқылы олардың шығармашылық қабілеті мен әлеуетін ашу, суды үнемдеу көзқарасын қалыптастыру.

Жас блогерлерге арналған «Ең үздік эковидео» республикалық байқауы. Мақсаты – экологиялық тақырыптағы видеороликтер базасын құру әрі оқушыларға экологиялық тәрбие беру;

Қазақстан экология қоры оқырмандардың тарапынан келіп түскен көптеген өтінішке байланысты, сондай-ақ оқушылардың жазғы демалысын ескере отырып, жұмыстарды қабылдау мерзімін ұзартты.

Енді қызығушылық танытқан оқушылар байқауларға видеоны 31 шілдеге дейін жібере алады.

Биыл қыркүйекте байқаулардың қорытындысы бшығарылады.

Жеңімпаздар дипломдар, кітаптар, бағалы сыйлықтармен марапатталады. Басты сыйлық – су жаңа ноутбук.

Айта кетейік, байқаулар Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және жүзеге асыру» жобасы аясында өткізіледі.

Фото: aboutswiss.ch