Түркістан өңірінің мемлекеттік қызметшілері тоғызқұмалақтан күміс жүлдеге қол жеткізді
Түркістан өңірінің мемлекеттік қызметшілері тоғызқұмалақтан күміс жүлдеге қол жеткізді
Қызылжар өңірінде Мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиада аяқталды. Дүбірлі дода тоғызқұмалақ бәсекесімен түйінделді. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, бұл сында Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері командалық есепте екінші орынға ие болды, деп newsroom.kz хабарлайды.
Команда құрамында Түркістан облысы әкімі аппараты баспасөз қызметінің бас маманы Ғабит Сапарбеков, Төлеби ауданы, Кемеқалған ауыл округі әкімі аппаратының бас маманы Дулат Сапарбеков және Түлкібас ауданы, Түлкібас кенті әкімі аппаратының бас маманы Гүлнар Бердібекова шеберліктерін көрсетті. Осы бәсекеде жекелей сында екінші тақтада Ғ. Сапарбеков барлық қарсыласын жеңіп, чемпион атанды. Жалпы спартакиадада Түркістан өрендері бильярдтан — алтын, волейбол мен тоғызқұмалақтан күміс медаль еншіледі.
Айта кетейік, Тоғызқұмалақ — қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой дамытуға арналған ойыны. Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғыз-құмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын. Қазақи аңыздарға сенетін болсақ, тоғызқұмалақ ойынын қарапайым қойшылар ойлап тапқан. Тоғызқұмалақ тақтасы ретінде олар жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасаған. Ал, құмалақтарды дайындау үшін қойлардың құмалағын кептіріп, дәл сондай 162-сін қолданған. Ауызба-ауыз таралып келген аңыздарда тоғызқұмалақ ойыны қойшылар үшін керемет ермек болды. Соңғы деректерге қарағанда, тоғыз-құмалақ сынды ойындар ертеректе арифметикалық есептер үшін пайдаланылып, кейін келе есептеу әдістері ұмытылғанға ұқсайды. Тоғыз-құмалақ тақтасы тек 18 отаудан емес, 14, 10 отаудан да тұруы мүмкін. Мұнда тек ойынның басында бір ұяшық отауға 9-дан артық құмалақ салуға болмайтыны маңызды. Себебі, тоғыздан кейінгі он және одан үлкен сандарды тек ондық санау жүйесінде ғана белгілеуге болады. Мысалы,он саны бір құмалақ пен бос отаудан тұрады. Сонда бос отау нөл белгісінің қызметін атқаратындығын көреміз. Тоғыз-құмалақта есеп шығару кілтін 2017 жылдан бері зерттеуші Бейсенбаев А.С. насихаттап келеді. Бұл цифрсіз есеп шығару кілті арқылы кез-келген тоғыз-құмалаққа ұқсас ойын тақтасында қосу, алу, көбейту және бөлу амалдарын шығаруға болады. Бейсенбаев А.С. ұсынған Цифрсіз есеп шығару ережелері (тоғыз-құмалақ тақтасында есеп шығарудың кілті деген де атауы бар) төменде келтірілген.
Қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде тоғыз-құмалақ жақсы насихатталып жатыр. Мәселен, Қырғызстанда мектептерде тогуз-коргоолдан олимпиада өтеді екен. Қытайда, Қарақалпақстанда кітаптар, ғылыми еңбектер шығуда. Сондай-ақ, көршілес Алтайда, Қарашай-Шеркеште, Сахада үйірмелер ашылып, Еуропаның бірнеше елдерінде тоғыз-құмалақ ойналып жатыр деген дерек бар. Қазір әлемде тоғыз-құмалаққа ұқсас мысырлық калах, Моңғолияда эсон коргоол, Шри-Ланкада олинда калия, африкалықтарда манкала, габата, абапа, нам-нам, бао, тамподуо, омвесо, маработ, тұрақты америкалықтарда аджи-бото, варри роунд және роунд, азиялықтарда сунгка, паллангули, гонгкак сынды ойындар бар.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі