Жаңалықтар

Белгілі шығыстанушы-дипломат: Ұлы Дала күні деген демалыс болса...

Бүгін жапондар демалып жатыр. "Теңіз күні" деген демалыс күні – деп жазды белгілі дипломат әрі шығыстанушы Батырхан Құрмансейіт өзінің фейсбук парақшасында.

Оның жазуынша, келсін келмесін, "құтты болсын" айтып, біреудің жібергенін біреуге жолдап, онысына жауап күтіп бір-бірінің мазасын алып жатқан жоқ. Демалып жатыр екен. - Жапония үшін теңіздің жөні бөлек. Тарихы, тілі, ділі, діні, әдебиеті, мәдениеті, тәуелсіздігі, саясаты, экономикасы, бәрі де, бары да осы теңізге байланысты. Алдында да жазып едім, "алақандай ғана жері бар" Жапонияның жер көлемі бар болғаны 380,000 км², әлемде 61-ші орында болса, ал енді теңіздегі "айрықша экономикалық аймақ" көлемі бойынша 4,470,000 км² (төрт миллион төртжүз жетпіс мың шаршы километр). Бұл дегеніміз, жапондарға тиесілі теңіз көлемі Жапонияның өзінің жер көлемінен он екі есе көп (тіпті біздің елдің жер көлемінен де екі есеге жуық үлкен), кең-байтақ дүние. Жапонияның меншікті теңізі болмағанымен, "Жапон теңізі" деген теңіз бар тіпті, білесіз. Су көлемі жағынан әлемде алтыншы орындағы айрықша аймақты иеленіп отырған Жапония нағыз теңіз державасы. Сондықтан бүгінгі демалыс күннің жапон жұрты үшін жөні бөлек. Ал енді сол "алақандай жерінің" жетпіз пайыздан астамын таулар алып жатыр. Сондықтан келесі айдың он бірінші жұлдызы "Тау күні" деп аталатын демалыс күні. Таудың да жөні бөлек. Теңіз бен Тауды қастерлеу арқылы Табиғат-Анаға тағзым еткен жапон. Бізде де "Ұлы Дала күні" деген бір демалыс күні болса ("мереке", "мейрам" емес), сол күні уламай-шуламай Даламызға, даламызды баласына қалдырған бабамызға тыныш қана тағзым етсек...- дейді Б.Құрмансейіт өз жазбасында. Деп ойладым, теңізге қарап үнсіз ойға шомған жапон досымның жанында отырып... - деген ұсынысқа қалай қарайсыз, құрметті оқырман?

Қазақ еліне тағы бір демалыс керек пе?!