Танымал режиссер: "Ұйқым келмейді" жап-жақсы ән екен
Танымал режиссер: "Ұйқым келмейді" жап-жақсы ән екен
Жай жап-жақсы емес, мәтіні осы күнгі көп әннің сөзіне қарағанда көш ілгері көрінді.
Мысқылым емес, шын айтып отырмын. "Бұл туралы аталмыш әнді толық тыңдап шыққан соң тоқтамға келдім" деп хабарлаймын мен өз-өзіме сілтеме жасап. Ал енді ол тоқтамға кіріспес мына мәтінді акцентсіз бір оқып шығайықшы. Ойымды содан соң жалғастырам.
"Қош бол деп айттың,
Тағы да бірдеңе дедің*.
Сен менен кеттің,
Кетсең де, күнде көремін.
Ойлаймын, көктен
сүйікті жұлдызым ағып...
Әлемді мынау
Бөлмеме кіргізіп алып.
Ұйқым келмейді,
Махаббат маза бермейді.
Ұйқым келмейді,
Өткеннің шамы сөнбейді.
Ұйқым келмейді
мен сені көргеннен кейін,
Сені көрмесем,
тағы да ұйқым келмейді**.
Көрінбей кеттің,
естілмей бір сәт дауысың.
Қайдасың, қайда?
Жерде ме, ұшақтамысың?
Ұйқым келмейді,
...содан соң*** ұйықтап кетемін -
Түсімде сені соңғы рет құшақтау үшін..."
Бірдеңе дедің дегенге тиісіп жатырмыз ғой. Негізі ол тармақтың логикасы дұп-дұрыс. Неге десеңіз, "қош бол" дегенді естігеннен кейін лирикалық кейіпкер басқа сөзді қабылдай алмай есеңгіреп қалған болуы мүмкін ғой. Бірдеңе деп жатқанын ғана біледі. Нақты не дегенін білмейді. Оның үстіне "күнде көремінмен" әдемі ұйқасып тұр.
Мәтіннің приколға ілінген тағы бір тұсы - "ұйқым келмейді, содан соң ұйықтап кетемін" деген жолдар. Әрине, контекстен жұлып алсаң, өз-өзіне қайшы кеп тұрған топас текст секілді көрінері анық. Ал тұтас қарасаңыз, "сені хотя бы түсімде құшақтау үшін ұйқым келмесе де ұйықтап кетемін" деген әдемі антитеза шығып тұр. Мүмкін, "содан соң" дегенді "сонда да" деп алмастырып:
"Ұйқым келмейді,
...сонда да ұйықтап кетемін -
Түсімде сені соңғы рет құшақтау үшін..."
- десе тіпті де ұғынықтырақ болар ма еді.
Ал енді қайырмада "сені көрсем ұйқым келмейді, ал көрмей қалсам, тіпті де ұйқым келмейді" деген әдемі ой жатыр.
Оны да:
Ұйқым келмейді
мен сені көрген кезде.
Бірақ көрмесем,
тіпті де ұйқым келмейді, -
деп ұғынықтырақ келтіргенде қайтер еді... деп ойланып қалдық.
Қысқасы, ән мәтінінің идеясы ұнады маған. Қош деп алып, бірдеңе айтып жатады; кетіп қалып, күнде көз алдында жүреді; көрсе де ұйқысын қашырады, көрмесе де қашырады; бірақ сонда да ұйықтап кетеді...
Айтпақшы, ұйқастарды Жарасқанша бес буыннан буыпты. Бұл енді автордың ақындыққа өте пашти таласы бар адам екенін әйгілейтін секілді.
Ал енді бірақ әншінің акценті туралы әңгіме басқа. "Хотя" қазақшасы қисық адамды бірінші рет көріп тұрмасақ та, осындай акцентпен өлең айту осынша акцент беріп талқылауға әбден татиды. Менің бар айтпағым мәтінді мазақ қылып жатқандарға "ол шлии ондай емес енді" деу ғана еді.
Шли ондай емес түгіл, қазіргі қазақ эстрадасындағы 80-90 пайыз мәтін мына текстің қолына су құюға жарамайды. Тіпті, көбіміз әлдеқандай қылатын Ғалымжанның көп мәтіндері мұның қасында қарабайыр.
P.S. Қош, "Ұйқым келмейдінің" авторларынан білетінім - жалғыз Оралхан Бөкей. Сондықтан жазбада таныс-білістіктің үлесі жоқ. Жәй, ел шулап жатқасын, 180 теңгемді қыстырғаным ғой. Сіз не дейсіз?
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=W3xtCK-yY08[/embed]